Атырау қаласында бүгін Сұлтан-Бейбарыс алаңы ерекше мерекелік атмосфераға бөленді. Мұнда қала тұрғындары асыға күткен «Atyrau Books» кітап және қолөнершілер жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңке алаңынан ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кітаптарға қызығушылық танытқан жұртшылықты көруге болады.
Іс-шараға қатысқан атыраулық көп балалы ана Сәбира Төленова моншақтар мен түрлі материалдардан жасалған әшекей бұйымдарын ұсынып отыр. Әрбір жұмысы үлкен еңбекті талап етеді. Мәселен, қарапайым төске тағатын әшекейдің өзін дайындауға кем дегенде үш күн уақыт кетеді екен. Оның қолынан шыққан бұйымдар көрген жанды тәнті етеді. Сәбира апайдың қызы, 13 жастағы Зарина да ана жолын жалғастырып келеді. Д.Қонаев атындағы Бином мектебінің 8-сынып оқушысы тоқыма жұмыстарымен айналысады.
Жәрмеңкеге ол арнайы әзірлеген брелоктар, шағын әмияндар, ойыншықтар мен моншақтар әкелген. Жас қолөнершінің өнімдері сапасымен қатар қолжетімді бағасымен де көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Жәрмеңке аясында түрлі шеберлік сағаттары да ұйымдастырылуда. Соның ішінде 23 жастағы Наркиз Айманбетова маринос қой жүнінен киіз басу өнерін көрсетіп, шағын төсеніш жасаудың қыр-сырын үйретіп жатыр. Оның шеберлік сабағына екі топқа бөлінген он екі адам қатысуда.
Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Халықаралық жастар күніне арналған «Atyrau Jastar Fest-2025» ұлттық онкүндігі аясында өтіп жатқан бұл бастамалар жас ұрпаққа өнерді бағалауды үйретіп, қазақтың қолөнерін дәріптеуге жол ашады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ