Жамбылды жырға қосып...

Ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын Жамбыл Жабаевқа арналған республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жас ақындар айтысының облыстық кезеңі өткізіліп, одан кенттегі М.Әуезов атындағы орта мектеп оқушылары жүлделі оралды.

Айтыстың мақсаты – мектеп оқушылары арасында Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын насихаттау, жас ақындардың суырып салма қабілеттерін, тума талант, табиғи дарындылығын анықтау және олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру.

Жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасындағы айтыс екі номинация бойынша өтті. Алғашқы «Тақырыптық айтыста» қатысушылар ережеге сәйкес Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын және елдің еңсесі биік болса деген асыл мұратын жырлап, бір-біріне мәнді де мағыналы жауап қайтара білуі тиіс болды. Ал, нағыз суырып салма ақындықты, шапшаңдық пен тапқырлықты, жедел ой қорытып, салмақты жауап қайтаруды қажет ететін қайым айтысқа екінші кезеңде кезек берілді.

Облыстағы дарынды балалардың арасындағы тартысты сөз бәйгесінен «Тақырыптық айтыс» номинациясы бойынша қатысқан 8-сынып оқушысы Досмұхамед Сатыбалдиев (жетекшісі – Жаннат Мурзина) пен «Қайым айтыс» номинациясы бойынша қатысқан 10-сынып оқушысы Әсемай Берік (жетекшісі – Қуандық Көргенов) жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

– Мектебімізде үш-төрт жылдан бері айтыс тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын жаңадан оқушылар қатысып, айтыс өнеріне деген қызығушылықтары артпаса, кеміген жоқ. Ал, кешегі облыстық додада бақ сынаған екі оқушымыз домбыраны жанына серік етіп, шешендік өнерге бейімделіп келе жатыр. Көптің арасынан жүлдеге ие болған оқушыларымызбен мақтанамыз. Осы жерде оларға жетекшілік еткен Қуандық екеумізден бөлек, оқушыларымыздың дайындығын пысықтап, тәрбиелеген мектеп директоры Роза Қабышқызының да еңбегі орасан екенін айта кетейік, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жаннат Мурзина.

Еске сала кетейік, соңғы төрт жылда аталған мектептің үш оқушысы республикалық, 4 оқушысы - аймақтық, 6 оқушысы облыстық ақындар айтысында додаға түсіп, жүлдегер болған еді. 

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521