Бүгін Индер ауданы Ынтымақ ауылында бірі дәрігер, бірі мұғалім болып қызметке кіріскен қос маманға салтанатты жағдайда баспана кілті тапсырылды.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин ауданда мамандарды тұрақтандыру мақсатында түрлі бағдарламалар бойынша баспанамен қамтамасыз ету алдыңғы кезекте атқарылып отырғанын атап өтті.
– Бүгін баспана кілтін алып жатқаныма қуаныштымын. Ең алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына және ел ағаларына қамқорлығы үшін үлкен рахмет айтамын. Алдағы уақытта да жас ұрпақты тәрбиелеуге аянбай еңбек ете беремін, – деді қуаныш иесі, Ә.Кекілбаев атындағы орта мектептің жас мұғалімі Гүлден Кереева.
Аудандағы іргелі округтердің бірі болып саналатын Есбол ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылына былтыр фельдшер-дәрігер болып жұмысқа орналасқан Дәурен Ермекұлының осы кезге дейін тұрып келген баспанасы да сыр бере бастаған болатын. Ол да көпшілік алдында жаңа пәтер кілтін алып, қуанышқа кенелді.
– Мамандығым – фельдшер. Ақтөбе қаласының Сатан Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледжін бітіріп, осы ауылда жұмыс істей бастадым. Осылай бізге баспана беріп, жағдайымызды жасап, жатыр. Көп-көп рахмет айтамын, – деді ол.
Жергілікті атқарушы билік жас мамандарды тұрақты түрде қолдау шаралары ұдайы жалғасын табатынын айтып отыр.
С.Көшеков