Халық жарылқаған Жарылғасын жаңа қонысқа көшті

 Осыдан тура екі ай бұрын сәуір айының аяғында Индер ауданына қарасты Аққала елді мекенінде жүйке ауруымен ауыратын 28 жастағы тұрғын өз үйін өртеп жіберіп, ағалы- інілі баспанасыз қалғанын, өрт салдарынан көршілері де зардап шеккені жөнінде бұдан бұрын жазған болатынбыз.

ot

Сол кезде ауыл тұрғындары ауызбіршілік танытып «Каспи голд» арқылы арнайы шот ашып, елді қолдау көрсетуге шақырған болатын. Ауыл балаларының жан күйзелісіне түсіністікпен қараған мейірімді жандар бірден іліп әкетті. Алғашқылардың қатарында аудан журналистері «Дендер» газеті редакциясы, аудандық мәслихат аппараты, депутаттар корпусы, Ш.Уәлиханов орта мектебінің ұжымы, «Талап» базарының ет сатушылары, Елтай және Аққала ауыл тұрғындары қолдау көрсетіп, аз уақытта 3 млн 400 мың теңге қаржы жиналды. Ел азаматтары Камал Ізімов, Сержан Бисенов, Нұртас Құспанов, Мерей Қабиев, Қуат Жанесеевтің бастамасымен жиналған қаражатқа құрылыс материалдары әкелініп жаңа баспана салынды. Ауылдың құрыш білекті құрылысшылары аз уақыт ішінде салып бітірген баспана заман талабына сай жарақтандырылған.

-Сәуір айында Жарылғасын бауырымыз үйсіз қалып, қасындағы көршілері де зардап шеккен еді. Оларды қолдаған қазақ халқына , ауыл азаматтарына көп-көп рахметімді айтамын. Жиналған қаржыға үйді салып беруге жерлестер маған жүк артқан болатын. Бүгінгі таңда Жарылғасын мен қасындағы Жомарт пен Амангелді ағайдың үйлері толықтай бітті. Енді осындай жағдай қайталанбасын,- дейді ауыл тұрғыны С. Бисенов.

Асқар әке қабағымен, аяулы ана жанарымен мәпелейтін мейірімінен ерте айырылған ағайынды Дәулетқалиевтардың бұл күнгі қуаныштары қандай екені айтпаса да түсінікті. Қиын-қыстау кезеңде "жетімсің" деп жылатпай, жүрек жылуын бөліскен ағайынның шарапатын көрген олардың бірінің денсаулығы да мәз емес. Жарылғасын ауылда болғанымен бауыры облыс орталығындағы арнайы сауықтыру орнында ем қабылдау үстінде. 

Баспаналы болғанына қуанған Жарылғасын халыққа ризалығын білдірді.

kuat

Жұмалиев көшесіндегі алты пәтерлік үй кезінде кеңшар кеңсесі, емхана болған-ды. Кейін ауылдағы мұқтаж отбасыларға баспана ретінде берілді. Көппәтерлі болғандықтан лаулай жөнелген жалын көрші үйлерді де шарпыған. Енді жергілікті билік бұл жағдайға байланысты қолдан келген көмектер көрсетіліп, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Ендігі жерде Жарылғасынның жұмыспен қамту мәселесі де жергілікті биліктің назарында болмақ.

noj

-Үкімет тарапынан берілетін барлық көмектерді алуларына біз жәрдемдесудеміз. Жұмысқа орналастыру жағы да шешілетін болады. Әлде де көмек беріледі. Бұлай өзімен-өзі қалмайды. Ел ішінде де көршілері бәрі көмектесіп жатыр. Денсаулықтары түзеліп, алға қарай жақсы болып кетер деп сенеміз,-дейді округ әкімі Ербол Дүйшім.

Жастайынан жетімдік көріп, тағдыр тауқыметін тартқан азаматтардың өмірі жақсарып, ел қатарлы бақуатты ғұмыр кешетіндеріне біз де сенгіміз келеді.

Сұңқар КӨШЕКОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521