Облыста шомылу үшін қауіпті саналатын аумақтарда қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында құтқарушылар мен полицейлер бірлесіп, судағы қауіпсіздік бағытындағы профилактикалық жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Рейд барысында құтқарушылар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, су айдындарында адамдардың қаза болу статистикасын жеткізіп, жадынамаларды таратуда.
Атырау облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 70 қауіпті учаске анықталып отыр. Олар; Атырау қаласы – 17, Индер ауданы – 10, Махамбет ауданы – 19, Құрманғазы ауданы – 2, Жылыой ауданы – 7, Қызылқоға ауданы – 15 орын. Ол жерлерде 238 тыйым салу белгісі және 9 ақпараттық стенд орнатылған.
«Суға түсу маусымы әлі басталған жоқ, алайда оқыс оқиғалар тіркеліп үлгерді. Жыл басынан бері 2 адам - біреуі балық аулау кезінде, екіншісі - жабдықталмаған жерде шомылу кезінде суға батып кетті. Бұдан басқа, ПД құзыретіне енетін су айдындарында да қайғылы жағдайлар бар. Статистикаға сәйкес, судағы жазатайым оқиғалардың 95% мас күйінде шомылу, өз күштерін дұрыс бағаламау, денсаулықтың күрт нашарлауы мен аяқ-қолдарының құрысуына байланысты», - деп хабарлайды Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА