«Атырау – Алматы» бағыты бойынша қосымша №41 жолаушылар пойызы іске қосылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның мәліметінше, осыған дейін Алматы қаласына 41/42 «Тальго» және 29/30 нөмірлі Атырау – Шымкент бағытындағы пойыз күн ара қатынаған болатын. Қазір аталған пойыздардың қозғалысы тоқтатылып, олардың орнына 41/42 нөмірлі Атырау-Алматы пойызы стандартты вагондармен күн сайын жолаушы тасымалдайды.
Жаңа пойыз күнделікті қозғалыс кестесіне енгізілді. Жол жүру уақыты — 52 сағат 15 минут. Құрамында шамамен 15 жаңартылған купе және плацкарт вагон бар. Теміржол көлігі бір рейс барысында 700-ге жуық жолаушыны тасымалдауға қауқарлы.
Өзгерістер жолаушыларға көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін арттыру және тасымалды оңтайландыру мақсатында енгізілді.


