"БАЛГЕР" ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Ақжайық» халық театры Қанат Жүнісовтың «Балгер» комедиясы желісінде дайындаған спектакльді көрермен назарына ұсынды. Рухани мәдениетке шөлдеп қалған аудан халқы залға толы жиналып, спектакльдің басталуын асыға күтті. Қойылым басталған сәттен бастап кімкімнің болмасын езуі күлкіден жиылмады.

Қойылым ауылдан қалаға студент ретінде келген Тұрсынбектің университет жатақханасындағы қызықтары мен шыжықтарынан бастау алады. Жатақхананың бір бөлмесінде тұратын төрт студент те театр актері мамандығында оқиды. Араларындағы біреуі кеше ғана ауылдан келген – «Балмұздақ» болса, қалғаны – жоғары курстың тіс қаққандары. Әлгі тіс қаққан үшеуі бұған дегендерін жасатады. Тіпті оның «Тұрсынбек» деген есімін де буынға бөліп алған.

Ал, Тұрсынбек олардың айтқанынан шықпай, «аға-көкелеп» амалын тауып жүреді. Реті келсе кеткен есесін де қайтарып үлгереді. Қисынға келмейтін тапсырмаларын қиынға соқса да таптұянақтай орындайды. Оқиға желісі әрі қарай жоғары курста оқитын үшеудің хикаясымен жалғасады. Олардың екеуі екі қызға ғашық. Болашақтары туралы бал аштырғысы келіп жүрген қыздарды атақты балгермен кездестіріп, өздері де оларға сезімдерін білдірмек болып бөлмелеріне шақырады. Межелеген уақыт таяу. Кездесуді асыға күткен жігіттер дастарханды да әпсәтте жайнатып салып күтіп отырғаны сол еді, қырсық шалып балгер келмейтін болады. Ал оны шақырған достары – Дастан еді. Енді не істеу керек? Екеуі жындануға сәл-ақ қалып, тығырықтан шығудың жолын қарастырады.

apajlar

Сөйтіп, бастаған адам, сертке берік достары Дастанды балгер әйел рөлін сомдауға көндіреді. Әрине, зорға дегенде көнеді... Осылайша өрбіген оқиғалар түрлі қызықты сәттермен жиналған халықты күлкіге де қарық қылып, қойылым ғашықтардың табысуымен аяқталады. Қойылым соңында балгер әйел Ақмақта студент кезінде өзіне ғашық болған жігітпен (факультет деканы) табысып (екеуі де әлі күнге дейін отбасын құрмаған), ал Дастан махаббаттарына сызат түсе жаздаған қызымен қайта қауышып, қол ұстасқан жұптар махаббат әндерін шырқап айрықша әсер қалдырды.

Тек Тұрсынбек қана жалғыз (бірақ ол әлі де жас қой...) Комедиялық туынды көрермен көңілін сергітіп, студенттік жылдардың тәтті шақтарына жетелегені рас. Жас актер мен актрисалардың өзіндік шеберлігі мен шынайы ойнауы қойылымның салмағын арттыра түсті. Режиссер Шайда Кәрімқызы бастаған топта Айдос Тәженов, Бірлес Бакетов, Рабиға Бадел, Бақберген Болатұлы, Олжас Аққалиев, Тойындық Оспан, Лиза Еспосынова, Қадырбек Бисенғалиев, Әсем Ізтаева секілді «Ақжайық» халық театрының әртістері мен мәдениет үйінің қызметкерлері, белсенді жастар өнер көрсетті. Басты рөлдегі Дастан немесе балгер әйелді сомдаған Олжас Аққалиев бұл менің алғашқы дебютім дейді.

– Спектакльден кейін үлкен қуаныш сезімде тұрмын. Неге десеңіз, бұл менің театр сахнасындағы алғашқы дебютым. Оның үстіне – басты рөл. Ер адамның рөлімен қоса әйел адамның рөлін алып шығу керек болды. Шыны керек, алғашында халыққа шынайы ұсына аламын ба деп қорықтым. Бірақ, режиссеріміз Шайда Кәрімқызының тапсырманы түсінікті беруінің әрі қасымдағы әріптестерімнің қолдауының арқасында қолымнан келді деп айта аламын. Дайындалуға он бес күндей уақыт кетті. Көтеріңкі көңілкүй сыйлау мақсатында қойған қойылымның халықтың көңілінен шыққанына қуаныштымын,- дейді ол.

Спектакль соңында мәдениет саласының ардагері Жұмаден Есенұлы театр өнерінің дамуына үлес қосып жүрген дарынды жастарға сонымен қатар, түрлі сала мамандарын ортаға жинап, актерлік шеберлікті үйретіп жүрген Шайда Кәрімқызына шығармашылық табыс тілесе, «Ақжайық» халық театрының директоры, режиссері Шайда Кәрімқызы өнерді бағалап келген барша көрермендерге ыстық ықыластары үшін алғысын білдірді.

korermen

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521