Бүгін аудандық ардагерлер кеңесінің жұмыс бөлмесінде аудан айнасы «Дендер» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдық мерейтойына орай ересектер арасында шахмат ойынынан жарыс өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында бас редактор Жанай Амантурлин құттықтау сөз сөйлеп, газет тарихына қысқаша тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал шахматтан облыс құрама командасының мүшесі, облыс жүлдегері Ақмарал Бокирова жарыс ережесімен таныстырды.
Айта кетейік, жарысқа барлығы 20 қатынасушы тіркелгенімен, ойынға 17 ойыншы қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
Сайыс ережесі бойынша қатынасушылар төрт топқа бөлініп, сәтті ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде 1 орынды Индербор кентінің тұрғыны Ахмет Сұлтанғалиев еншіледі. Ал екінші орын С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі Ерлан Өмірбековке, үшінші орын Дулат Алпамысовқа бұйырды. Сайыстың ақтық сынына дейін белсенділік көрсеткен жарсуаттық тұрғын Бекболат Байтілеуов пен Байғали Өтеманов және Дулат Ғалымжанов ынталандыру Дипломдарымен марапатталды.
Толығырақ газетіміздің 21 ақпандағы санынан оқи аласыздар.