Ел Президентінің 2025 жылға арналған Жолдауында экология мәселесіне ерекше мән берілуі – уақыт талабынан туған маңызды шешім. Табиғатты қорғау тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз екенін ұмытпауымыз қажет.
Қоршаған орта – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Таза ауа, мөлдір су, құнарлы жер – ұлт денсаулығы мен елдің тұрақты дамуының негізі. Табиғатқа немқұрайлы қарау ертеңгі күнге қауіп төндіреді. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды дұрыс басқару, жасыл аймақтарды көбейту – әр азаматтың ортақ міндеті.
Жолдауда көтерілген «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамды табиғатты қорғауға жұмылдыратын нақты қадамдардың бірі. Бұл бастама тек мемлекеттік органдарға ғана емес, әрбір тұрғынға, әр отбасыға жауапкершілік жүктейді. Қоршаған ортаны сақтау – бір реттік акция емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс.
Бүгін табиғатты қорғау арқылы біз ертеңгі ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдырамыз. Сондықтан қоршаған ортаны аялау – ата-бабадан қалған жерге деген құрмет пен болашаққа деген аманат.


