Атырау облысында ауыр туа біткен патологиясы бар жаңа туған сәбилерге хирургиялық көмек өмірінің алғашқы сағаттарында көрсетіле бастады. Енді оларды басқа өңірлерге шұғыл тасымалдаудың қажеті жоқ. Ота Атырау облыстық перинаталдық орталығында жүргізіледі. Мұнда 2025 жылдың күзінде неонаталдық хирургия бөлімі ашылды.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Меруерт Айдарханованың айтуынша, бұған дейін мұндай жағдайларда сәбилерді облыстық балалар ауруханасына немесе елордаға жеткізуге тура келетін.
«Ондай жағдайда әрбір сағаттың маңызы зор еді. Қазір біз жаңа туған нәрестелерге ота жасаймыз және ең бастысы – уақытты ұтамыз. Неонаталдық хирургияда уақыт көбіне баланың өмірі мен денсаулығын анықтайды», – деді ол.
Бөлім мемлекет, AYALA қайырымдылық қоры және «Теңізшевройл» компаниясының әріптестігі нәтижесінде ашылды. Заманауи жабдықтың арқасында дәрігерлер қысқа мерзім ішінде тоғыз сәтті ота жасады. Олардың қатарында шала туған, салмағы өте төмен сәбилерге жасалған кардиохирургиялық операциялар да бар.
Орталық директорының неонатология жөніндегі орынбасары Гүлмира Абикеева операциядан кейінгі күтімнің де аса маңызды екенін атап өтті.
«Біздің орталықта жаңа туған нәрестелер арнайы бейімделген жансақтау және қарқынды терапия палаталарында ем қабылдайды. Бұл олардың сауығу болжамын айтарлықтай жақсартады», – деді ол.
Неонаталдық хирургия бөлімі салмағы 600 граммнан бастап дүниеге келген шала туған балаларға көмек көрсетуге толықтай бейімделген. Бүгінде жүрекке жасалған үш сәтті операция тіркелді, оның бірі – салмағы небәрі 600 грамм болған нәрестеге жасалған ота.
Дәрігерлердің айтуынша, бөлім жылына 30-дан астам баланы қабылдай алады. Алдағы уақытта операция түрлерін кеңейтіп, өзге өңірлердің неонаталдық хирургтарымен әріптестікті нығайту жоспарлануда.
«Ең қиын жағдайларда жаңа туған сәбилерге көмек енді дәл осы жерде, дереу көрсетіледі. Бұл – ата-аналар үшін үлкен сенім», – деп түйіндеді Меруерт Айдарханова.


