Аққудың киесі

Құралайды  көзден атқан ол сұр мерген еді.

Сұр мерген деген сөзді кез келген аңшыға теліп айта бермейді. Нарын өңіріде аңшылықты ата кәсіп қылып жайшылықта отбасын асырамаған. Жоқшылық, аштық заманда   тарыққан аңшылар тазы жүгіртіп, қақпан құрып, қасқыр, түлкі, қоян аулап, арамның терісін нан мен шәйға т. б. заттарға айырбастап, ал адалын от басына қаужау қылып асырап та отырған. Ал киікті  аулағанда бір киікті жеті үйге таратып отырған екен, яғни киесінен  қорықса керек.

Аңшылықты кәсіп қылмаса да ауылдың атқа мінген мырзалары саят үшін, көңіл көтеріп, серуен құрып, аңға шығып қызықтағанда ғой. Аңның қызығына түсіп, керексіз қырма, қырсыққа шалдығасың,- деп отырушы еді-ау қарттарымыз. Аң аулаудың қызығына түскен адамның көңіл күйін сөзбен айтып жеткізуге болмас.Тек халық арасында мынадай бір аңыз әңгіме бар.

Бір ауқатты адамның немересі аң аулап жүргенде, артынан суық хабар "атаң қайтыс болды",- деп келсе керек, сонда әлгі патшағар: «атан өлсе сойылар, ата өлсе қойылар мұндай қансонар қайдан табыла»,-деп айтқан екен деген сөз бар. Сөз мәнісі артта сөз қалсын деп айтқанда шығар. Уақыт өте келе кім айтқаны көмескіленіп, ұмытылып тек қана бізге сөз мағынасы  ғана жеткен сияқты.  Ата кәсібі аңшылық болмаса да, сөз болғалы отырған сұр мерген атанған Хайдар еді. Хайдар қарт айтып отырушы еді аңды тұрғызып, құсты ұшырып атса ғана аңның обалын «Жаратқан ием» кешіргендей болатын сияқты болып көрінеді деп. Хайдар Нарынның кіндік тұсы Айбас ауылында дүниеге келіп, қарапайым ел қатарлы тіршілік жасап  өмір кешті. Кеңес заманы құрылғанда алғашқы комсомол белсендісі болып, сол дәуірдің құрылу қалыптасу үдерісіне белсене араласып, алғашқы ТОЗ кейін құрылған колхоз, совхоздарда түрлі жұмыста болды. 1957 жылы біріктірілген бірнеше колхоздар есебінде Чапаев совхозында бір отар қой алып бақты. Ол кезде малшылар Нарын құмында жаз жайлап, күзде қыстық  қонысқа қатқыл бойы, Каспий теңізінің жағалауындағы «Шағала» көседегі шұрайлы жайылысқа түсуші еді.

Сол бір кездің қоңырқай күзді күні теңіз жағалауындағы Шәлік өңірінде қой бағып отырған Хайдардың үйіне Чапаев совхозының директоры Абакумов пен жүргізуші Қожанай  мал аралап жүріп келе қалады. Малда жүрген Хайдарға келіп, шаруашылығының мән-жайын сұрастырып,  қыстақтағы шаруа күйлерімен танысқаннан кейін директор:  –Сізді мерген дейді ғой,  қазақша айтсақ құралайды көзден атқан сұр мерген деседі. Теңіз жағасына барып, қамыс арасындағы көлшіктерден қаз атсақ,-деп қолқалайды.

Нарын  құмында киік, қоян, қасқыр, түлкі басқа да аңмен  құс аулауға шыққанда қанжығасы  құр қайтып көрмеген Хайдар аңға деген аңсары ауып, бірден келісе кетеді. Екі қосауыз мылтық бірнеше патрон екі потрантажға тола майысып-ақ тұр. Хайдар бір мылтығын алып көздеп ұсынып қарап, атуға ыңғайланып  көріп, мылтықтың сұңғыласына риза болып жақсы екен деп баға берсе керек. Машиналарын теңіз жағалау кеміріне қалдырып, үшеуі балақұрақ  қамыс ішіне кіріп қараса, аз ғана қамыстың ішіндегі ылди сайға бөлініп қалған көлшік көлде суда аққу құстар қонақтап, су астына бастарымен сүңгіп балдырлардан жемтік іздеп, қаннен қаперсіз айналсоқтап  жүзіп жүр екен. Құстар бұларды көрсе де көп қаша қоймай  сезіктенбей емін-еркін жемтіктерін іздеп  оттай береді.

Нарын құмының  бел ортасында өскен  Хайдар «бұлар аққу емес пе?» дегенде, қасындағылар ақ қаздар деп болмаса керек. Хайдар екі мылтықты кезек-кезек атып, бес-алты аққу ұша алмай, кейбіреуі көтеріле бере көлшікке құлап жатты. Қасындағылар олжаларын судан алып шығып, тағы да күте тұрайық,  бір тобы көлге келіп қонақтауы мүмкін,- деп айтулары мұң екен, бір топ құс көлге құлай қоныпты. Оларда қамыс ішінде тұрған адамдарға  мойындарын  кербездене бұра қарады да, алыс жолдан арып- ашып келе жатқан құстар  су астынан жемтіктерін іздей бастағанда тағы да мылтық даусы шығып, бірнеше аққу су бетінде сұлап қалды. Ал ұшып көтерілген аққулар аспанға көтеріліп алып, әлгі көлшікті бірнеше айналып, сүйегіңді сырқыратқандай ұша жөнеледі.

Атып алғандары қаз емес аққу екенін Хайдар сол бойда біледі де опынады, бірақ кеш  еді. Маған не болар екен деп,  аққу атқанын ойлаумен жүргенде кешікпей екі көзі кетті. Көздің қарашығындай екі баласының біреуі бас ауруға ұшырап, екі бірдей жанның бір отбасының ерлі-зайыптыларын ажал құштырды,  өзі де ажал құшты. Бір баласы аурулы болып ел кезіп кетеді. Босаға күйреп шаңырақ ортаға түсіп, Хайдар босағасының ұрпағы деген  ұл баладан ұрпақ жалғаспай қалады.

Қай халықта болмасын аққуды құстың патшасы деп қадірлеп атпаған ғой. Киесісіз аң жоқ бәрі де тіршілік иесі, адам баласы жан жануарға үстемшілік жасап өз тіршілігіне қарай керегіне жаратып отыруға жаратқан иесі  бұйырған ғой. Иә, аққу киесі  бір әулетті  қайғы қасыретке  ұшыратып ұрпақ жалғастығын құрдымға жіберіп жолын кесті.

Бұл әңгімені жазуыма Атырау мал базарында екі жігіттің өзара әңгімесі түрткі болды. Түрлері жайдары көңілдірек біреуі: -Мен бір демалыс бойы теңіз  жағасы Қарақамыс жақтан отыз шақты қоянды атып алып, мұздатқышқа қатырып әр  қоянды мейрамханаларға екі мың жарым теңгеден өткіздім, енді осы ақшаға арзан қозылар сатып алып жатырмын,-деді.

Екіншісі: -Оңай олжаға кеңелген екенсің маған бір қозы құлақ бересің ғой,-деді.

Біріншісі: -Әй, бастық болып алымға үйренген жансың ғой, аңшының табысынан құлақ сұрамайды. Қанжығаң қанды болсын! Біреуін менің қанжығама байламайсың ба демедің бе? деді де, бір қозының аяғын буып машинасына салды. Екеуі де мәз төс қағысып  құшақтасып, қоштасып айырылысқандарына  куә болып,  «мұның арты не болар екен»,-деп біз қалдық.

Аққуды атпас болар демекші аққу мен қарлығашты  қай халықта киелі санаған. Соның ішінде қарлығаш туралы аңыз әңгіме көп. Тек қана бір мысал келтірер болсақ,  бір жерде он шақты үй жаз жайлауда отырып, жер тозып,  жайылыс  азып жаңа қонысқа көшкенде бір үй көшпей отыра береді. Бір  отағасы келіп «неге көшпей отырсыңдар» деген де төбедегі шаңыраққа ұя салған қос қарлығашты көрсетіп, үй иесі «бұлар балапандарын ұшырмай көше алмаймын» деген екен қария.

Мартыши кен орыны ашылғанда бірнеше жерден мұнайлы мекендерден маман жұмысшы қолы келді. Олар түрлі майталман мамандық  иелері еді. Олардың  ұрпақтары қазіргі кезде қос өзен мұнайшыларының ісін жалғастырушы ізбасарлары қазір де  сүбелі еңбегімен еңбек етіп жатыр.

Мартыши кен орны ашылғанда, алғашқы мұнай өндіру кездерінде түрлі жабдықтардың тапшы болуынан ашық мұнай көлшіктері  пайда болып, оны айнала топырақ дуалдармен қоршап тастаушы еді. Түн кезінде жанып тұрған факель (леспе газдарды жағып жіберетін тік тұрбалар) жарығынан бағытынан адасқан аққу, қаздар, үйректер факельдің қасындағы  жалтырап жатқан мұнайды су деп қонған құстар қанаты мұнайға майланып ұша алмай  таңертең мұнай көлшік жағаларында  жорғалап жүретін. Сол ұша алмай жүрген құстарды ұстап алып, тазалап үйітіп шелекке асып әкі аңшылар түстік дайындаушы еді. Осы әңгімеге орай есімде бір қалғаны Доссор кәсіпшілігіне қарасты теңіз жағалауындағы кен орындарынан бірінен келген бір аңшы «аққу киелі құс деген жалған, ол жыртқыш құс аққу қонақтаған жерде басқалай құстардың болуы екі талай. Біздер күзде аққуларды атып алып, ағаш бөшкеге тұздап қыс бойы жейміз»,-дегені бар еді.

Ойды ой қозғайды ғой бірнеше жыл бірге  жұмыс істеген сол кісі төсек тартып ұзақ ауырып жатты. Екі, үш жұмыстас жолдастары көңілін сұрай барған  екен. Алып денесі қураған шеңгелдей шөккен, арығандықтан кісі танымастай кейпін көріп, аяған  сезімдерін жасырып қоштасқанда «жігіттер аман болыңдар, мен аққуды көп аттым бұл соның киесі ғой тек ұрпағымнан қасырет киесі  аулақ болғай»,-деп екі көз жанары жасқа толып,  «жаратқан ием он сегіз мың ғаламның есінен кешірім сұрап жатқан жайым бар»- депті. 

 

Мұрат Бектенов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика