Өрліктіктердің өрелі өнері

Орденді Өрлік ауылы Астананың 20 жылдығы мен Индер ауданының мерейтойына орай Индербор кентіндегі күнінде көрермендеріне негізінен жас өнерпаздардың өнерін ұсынды.

Ал олар болса Сарыарқа төріндегі әсем Астана мен туған жерге арналған әндер мен көркемсөздерін шабыттана оқып, ортаны қызыққа бөлеп, индерборлықтардың ақ алғысын арқалауға ұмтылып бақты.

Әдетте бұл күн дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Алғашқы ұжымдасуы сонау 1929 жылдан басталған өрліктіктер жәрмеңкеге «Ертөстік», «Ақтай» және «Тілегенов» жеке кәсіпкерін қатыстыру арқылы бұл игі іске үлестерін қосуға ұйғарған екен. Қожалықтар ұсынған сүт өнімдері мен шұбат, қой, тұсақ малдарын тұтынушылар біразға дейін саудалады.

Мәселен, «Ақтай» шаруа қожалығының жоғары бағасы 45 мың, төмені 30 мың теңгеге ұсынған күйі тым-тәуір қойларын саудалаушылар қатар көп көрінді. Содан да алғашқы сағаттардан-ақ қойлардың қатары сиреп қалды.

-Аудан басшылығының ауылдық округтердің аудан орталығындағы мәдениет күндерін өткізуге шешім алуы, көркемөнердің дамуына тым-тәуір үлес қосуымен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұтынушылар арасынжақындатуға оң септігін тигізді.

Соның арқасында әр ауылдағы шаруа қожалықтары егін мен мал өнімдерін Индербордағы сауда орындарына апта сайын әкеліп, тұрақты түрде жәрмеңке өткізуіне жол ашылды. Бұл игі дәстүр мен ізденіс алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін, - деді осы арадағы ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет Есетов.

Бүгінде аудан ауыл шаруашылығы саласы мамандары мен қожалықтары жылма-жыл Астана қаласында өтетін дәстүрлі жәрмеңкеге аттанғалы жатқандарын да жасырмады. Несі бар, «Кең болсаң, кем болмайсың» демекші,Жайық бойында өскен өнім енді Сарыарқа төріндегі Астана жұртшылығының да дастарханына жетеді деген сөз бұл.

Ауылдықтардың мәдени күнінің екінші бөлімі «Жеңіс» бағындағы  көрмемен жалғасты. Мұнда өрліктіктер Қ.Абаханов атындағы орта мектептің оқушылары қолынан шыққан түрлі бұйымдарды ұсынуды жөн көргендерін бізге ашық айтты.

-Біз осыған дейінгі көрмелерде көбіне-көп құрақ көрпелер мен суретшілер жасаған бұйымдар қойылғанын көргенбіз. Сондықтан да біз осы жолы мектеп оқушыларының қолынан шыққан көпке таңсық киізден жасалған суреттер, бархыт матадан тігілген бойтұмарлар, ойыншықтарды, қуыршақтарды көбірек әкеліп, көрермендерге ұсынып отырмыз,-деді бейнелеу-технология пәні мұғалімі Жанар Мұхамбетжанова. Шынында да бұл салада ізденіске бой алдырса, бағындырар биіктік еш төмен болмасын анық аңғардық.

Ал «Астанаға-20 жыл!» деп жазылған алып сахнадағы өнер шеруі қос жүргізушінің:

Қайғысы қырат жапқан,

Махамбет, Мұрат жатқан.

Тау Табыл сыймай кеткен,

Қалғаны қимай да өткен,

Ақ Жайық- ару өзен,

Бозтөбе дөң белденбіз,

Біз Дендерденбіз, - деп әсемдей қос дауыспен ашып, бес бірдей Еңбек Ері, екі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың ерен еңбегін  мақтан ете Өрлікті таныстырып шықты да кезекті оқушылардан тұратын домбырашылар ансамбліне (жетекшісі Нәсіп Төлегенова) берді.

Дәстүрлі мәдениет күніне арналған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиеваның игі тілегінен соң, жас Аңсар Сағидуллин Мұрат ақынның «Үш қиян» дастанынан тебірене үзінді оқып, ел мен жер үшін күрескен ерлер рухын асқақтатты.

Бұл арада осы патриоттық тебіреністі Т.Досымовтың «Дендерім-байтақ мекенім» әнін шабыттана шырқаған Нұржігіт Амантай іліп әкетсе, трио Б.Тәжібаевтың  «Туған жер» шығармасымен осы үрдісті шырқауына жеткізгендей көрінді.

Өйткені, ауылдықтар бұдан соң Астана туралы өлеңдерге кезек берді. Атап айтқанда Зере Бақсиық, Шырайлым Аралбай,Толғанай Күмісқали, Нұрсәуле Аққожа, Ардақ Қайыржанова «Астана» туралы өлең оқып, бірнеше әнді түнгі аспанға әуелетіп қошеметке бөленді.

Дуэттің «Қазақстан бақытты», квартет және Ақтілек Хайруллинаның жеке орындауындағы «Мерекем» әндері де көрермендер көңілін көтеріп тастады. Сондай-ақ өнерпаз Нұржігіт Амантай «Ақжелең» күйін, дуэт Қ.Тілегеновтің «Арайлым», Руслан Юдин Б.Суханқұловтың «Досқа сағыныш», Римма Қабдешова «Көзіңнің қарасын-ай» әндерін орындаса, «Еркеназ» (жетекшісі Арайлым Сапағұлова)  бишілері өзбек биін мың бұралтты.

Ал сахна шымылдығы атақты «Атамекен» әнімен жабылған соң, округ әкімі Нариман Нұрмұханов барша көрермен мен өнерпаздарға ақ алғысын арнады. Сонымен бірге ол кір тасын, білек күші мен арқан тартыс бойынша жеңімпаз танылғандарға арнайы бағалы байрақтарын табыс етіп, енді кезектің Индербор кентіне өткенін аңғартты.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT