«Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде нысаналы мақсатын сақтайтын ағымдағы нысаналы трансферттер ескерілді», – деп Жұманғарин атап өтті.
Ауыл шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары, жаңа нысандарды күтіп-ұстау сияқты бағыттарға 2026 жылы 1,5 трлн, 2027 – 1,6 трлн, 2028 – 1,7 трлн теңге қосымша қаралғаны – өңірлік экономиканың өндірістік бөлігін жандандыруға арналған күш. Донор – реципиент моделі қайта өзгереді «2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады», – деп баяндамада өте маңызды болжам айтылды. Бұл өңірлік салық базасының өзгеруімен, өнеркәсіп пен инвестиция көлемдерінің артуымен байланысты. Аймақтар арасындағы бюджеттік теңгерімді қайта бөлу – экономикалық та, саяси да салмақты қадам. Министрдің айтуынша, даму бюджетінің ұлғаюы өңірлік стандарттар жүйесін 69,2% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл аймақтар арасындағы инфрақұрылым сапасын теңестіруге жасалған маңызды қадам.
Сонымен бірге республикалық бюджеттен қаржыланатын ірі автомобиль және темір жолдары, әлеуметтік нысандар құрылысы, сондай-ақ «Бәйтерек» АҚ-ның 1 трлн теңгеге капиталдандырылуы өңірлік экономиканың серпінін жеделдетеді. Дегенмен, тәуекелдер де бар. Өңірлік шығыстардың инфляция мен халық санының өсуіне тәуелді болуы ұзақ мерзімді тұрақты қаржыландыруды қиындатуы мүмкін. Трансферттерге тәуелділік азайғанымен, жергілікті кірістерді арттыруға бағытталған реформалар жеткілікті деңгейде жүзеге аспаса, аймақтық тапшылық құрылымдық сипатта сақталуы ықтимал. Сондай-ақ бөлінетін қаржының тиімді игерілуі, жобалардың сапалы орындалуы және жемқорлық тәуекелдері – басты бақылауды қажет ететін бағыттар. Осы жағдайларды ескере отырып, сарапшылар өңірлер бойынша көпсценарийлі бюджеттеу тәсілін енгізуді, инфрақұрылымдық стандарттардың ашықтығын арттыруды, жергілікті кірістерді көбейтетін ұзақмерзімді стратегия қабылдауды және донордан реципиентке өтетін өңірлер үшін әлеуметтік жағынан қауіпсіз өтпелі механизм жасауды ұсынады.

