Атырауда ішкі істер органдарының ардагері Мәлік Әбілқайыровтың мерейлі 70 жасына орай волейболдан турнир өтуде. Салауатты өмір салтын насихаттап, спортты өмірлік серік қылуды кейінгі буынға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған додаға барлығы 6 команда қатысып, бақ сынауда.
Мәлік Мақсұтұлы – өмірін елге қызмет етуге арнаған азамат.
1955 жылы Ресей Федерациясының Загорск қаласында дүниеге келіп, Атырау қаласында өсіп-жетілді. Еңбек жолын статистика саласынан бастаған ол кейін ішкі істер органдарында, қаржы полициясында және облыстық құрылымдарда абыроймен қызмет атқарды.
Мемлекеттік мүлікті қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы еңбегімен талай заңбұзушылықтың жолын кесті. Кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін бірқатар медальдармен және төсбелгілермен марапатталды.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден шет қалмай, «Атыраумұнайгазгеология», «Қызыл балық», «Ембімұнайгаз» ұйымдарында жауапты қызметтер атқарды.
Мәлік Мақсотұлы – Атырау өңірінің әлеуметтік, мәдени және рухани өмірінің белсенді тұлғасы. «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы арқылы жастар тәрбиесі мен әкелік институтты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі ретінде спорттық және мәдени шаралардың ұйымдастырылуына бастамашы болып жүр.
— Мәлік Мақсотұлымен бірнеше жыл бойы әріптес болдық. Ол әлі де спорттық іс-шараларда белсенді, талай жарыстың жеңімпазы. Бүгінгі турнирді оның мерейлі жасына орай, әрі жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырып отырмыз, — дейді Қазақстан Республикасы «Волейбол ардагерлерінің федерациясы» РҚБ Атырау филиалы атқарушы директордың м.а. Болат Қабдірахиев.
Мәлік Мақсотұлы — «Атырау ардагерлері» волейбол командасының белсенді ойыншысы. Халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, өңір намысын талай мәрте қорғаған.
Өмірде – парасатты тұлға, отбасында – үлгілі әке, ардақты ата Мәлік Әбілқайыровтың өнегелі жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.
Турнирдің ашылу салтанатында оның бұрынғы әріптестері мен үзеңгілес достары сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін білдірді.
Бүгінгі дода өңір ардагерлерінің бірлігін, спортқа деген сүйіспеншілігін, салауатты өмір салтын дәріптеуге деген ортақ ұмтылыстың зор екенін айшықтай түсті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген автор

