Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында әскери қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық жаңғыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қаржылық басқаруды оңтайландыру, ақпараттық қолжетімділікті арттыру және құжат айналымын жеңілдету мақсатында бірқатар маңызды жобалар іске қосылды.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Бірыңғай есептік орталық» пилоттық жобасы қаржы операцияларын орталықтан басқаруға мүмкіндік беріп, төлемдердің дәлдігін, жеделдігін және ашықтығын қамтамасыз етті. Барлық бөлімшелердің қаржылық деректері бірыңғай электронды жүйеге біріктіріліп, автоматтандырылған бақылау форматына көшті.
Сонымен қатар, Ұлттық ұлан порталында «ҰҰ бейнетақтасы» іске қосылып, өңірлік әскери бөлімдерге қатысты бейнематериалдарды бір орталыққа жинақтауға жағдай жасалды. Бұл жеке құрамның маңызды ақпараттарды жедел алуына мүмкіндік берді.
Құжат айналымын жеңілдету үшін жұмыс компьютерлеріне жасанды интеллектке негізделген аудармашы бағдарламалары енгізілді. Жүйе қызметтік құжаттарды бірнеше тілге автоматты түрде аударып, ресми хат-хабарлармен жұмыстың жылдамдығын арттырды.
Ұлттық ұланда жүзеге асырылып жатқан бұл цифрлық шешімдер әскери басқарудың тиімділігін көтеріп, әскердің заманауи талаптарға толық сәйкес келуіне жол ашып отыр.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

