Атыраулық оқушы АЭС-ті тәжірибелік жобада көрсетті

Энергия көздеріне деген сұраныс күн санап артып отырған уақытта Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының VII сынып оқушысы Нұрғаным Зинұрай атом электр станциясы тақырыбында ерекше ғылыми жоба қорғады. Жоба қоғамда жиі талқыланатын энергетикалық мәселелерді терең зерттеуге бағытталған.

Жоба аясында АЭС-тің жұмыс принципі жан-жақты зерттеліп, ядролық реактордан бастап генераторға дейінгі үдерістерді қамтитын толық жұмыс істейтін макет жасалды.

– Макет арқылы ядролық энергияның кезең-кезеңімен электр энергиясына айналу процесін көрнекі түрде көрсеттік. Турбина қозғалысы генераторды айналдырғанда жарық шамы жанды, бұл энергия түрлерінің өзгеруін дәлелдейді, – дейді жас өнертапқыш.

Жоба жетекшісі, педагог-зерттеуші Самал Қалиқызының айтуынша, бұл тәжірибе оқушылардың ғылыми танымын кеңейтіп, инженерлік және шығармашылық дағдыларын дамытуға ықпал етті.

– Балалар АЭС құрылымын түсініп, физикалық құбылыстарды талдап, өз қолдарымен нақты модель құрастыра алды. Бұл – олардың болашақта ғылым мен техника саласында үлкен жетістікке жетуіне берік негіз болады. Жоба – ғылымға қадам басқан оқушының сенімді алғашқы бастамасы, – деп атап өтті С.Қалиқызы.

Педагогтің айтуынша, мұндай тәжірибелік жұмыстар жасөспірімдердің ғылыми қызығушылығын арттырып, STEM-білімге деген қызығушылығын күшейтеді.

№44 мектеп-гимназиясы болашақта да оқушылардың ғылыми жобаларын қолдап, инженерлік және техникалық бағыттағы стартап жобаларын дамытуға белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT