Өңірде тұмау өршіп, жағдай қатаң бақылауға алынды

Атырау облысында тұмау мен жедел респираторлық инфекцияның көбеюіне байланысты жағдай тұрақты бақылауда. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев мәлімдеді.

Бас дәрігердің айтуынша, соңғы тәулікте өңірде 2 500 ЖРВИ дерегі тіркелген. Инфекциялық аурухананың қабылдау бөліміне 144 науқас қаралып, оның 63-і стационарға жатқызылған. Аурушаңдық, әсіресе, 17 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер арасында жиірек кездесіп отыр.

– Қазір инфекциялық аурухананың жүктемесі 82 пайызды құрайды. Бұған қоса, инфекциялық стационарда 112 төсек-орын дайындалса, оның 40-ы іске қосылды. Емханалар тарапынан бақылау күшейтілді. Амбулаторлық ем қабылдап жатқан науқастар медициналық бақылауда, фильтр кабинеттері мен мобильді бригадалар жұмыс істеп жатыр, — деді Қайсар Қайратұлы.

Оның айтуынша, тұрғындар арасында өзін-өзі емдеу жағдайлары жиілеген. Осыған байланысты мамандар ауру белгілері байқалған жағдайда алдымен тіркелген емханаға хабарласуға немесе 1309 қысқа нөміріне қоңырау шалуға кеңес береді.

Басқарма басшысы медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін атап өтті.

Брифинг барысында облыстық білім беру басқармасының өкілі Марат Әлменұлы да мектептердегі ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, егер бір сыныптағы оқушылардың 30 пайызы ауырып қалса, сол сынып қана онлайн форматқа көшіріледі.

– Қазір мектептердегі аурушаңдық деңгейі 15-20 пайыз аралығында. Оқу орындарында санитариялық талаптардың сақталуы қатаң бақылауға алынған. Интернаттарда білім алып жатқан балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. 30 пайыздан жоғары көрсеткіш тіркелген жоқ. Сондықтан сабақтар дәстүрлі форматта жалғасады, — деді ол.

Өңір мамандары тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтауға, уақытылы медициналық көмекке жүгінуге және өзін-өзі емдеуден бас тартуға шақырды.

Мәлике МӘЛІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT