Атырау қаласында Ішкі істер органдарының ардагері Мәлік Әбілқайыровтың мерейлі 70 жылдығына орай сала ардагерлері арасында ұйымдастырылған волейбол турнирі мәресіне жетті. APEC PETROTECHNIC колледжінің спорт залында өткен спорттық дода тартысты ойындармен айшықталды.
Турнир қорытындысында командалардың үздік ойыншылары арнайы номинацияларға ие болды. «Үздік ойыншы» аталымы бойынша “Ауған соғысы ардагерлері” қоғамдық бірлестігінен Есмұхан Қажкенов,
«Биназар» ЖШС-нан Сәрсенбай Жолдыбаев, ҰҚК Атырау облысы бойынша департаменті ардагерлері командасынан Әлия Чердабаева, «Жер Ана» ЖШС-нан Базарбай Байтілеуов,«Жолдасқали» ЖШС-нан Бауыржан Әжіғалиев марапатталды.
Жарыстың нәтижесінде ІІІ орын ҰҚК Атырау облысы бойынша департаменті ардагерлерінің командасына бұйырды. ІІ орынды «Биназар» ЖШС командасы иеленсе, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі волейбол командасы алға шығып, жеңімпаз атанды.
Жүлдегер командалар кубокпен, медалдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Іс-шараның соңында мерейтой иесі Мәлік Әбілқайыров барлық қатысушыға ризашылығын білдірді.
– Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Атсалысқан ұйымдастырушыларға, қолдау көрсеткен әріптестеріме, бірге жүрген үзеңгілес достарыма алғыс айтамын. Осындай шаралар ардагерлер арасындағы бірлікті нығайтып, спорттық рухты көтере түсетіні қуантады, — деді ол.
Турнирдің басты мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортты өмірлік серік ету және кейінгі буынға үлгі көрсету болды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

