Қыз-келіншек, асыл аналарымыздың айтулы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Ана – өмір, Ана – жыр» атты салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінде өтті. Жиында аудан әкімі Серік Арыстан қырмызы гүлдей құлпырған қыз-келіншектер мен ару аналарымызды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатын Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің мұғалімі Жарқын Қорғанбаева, Есбол дәрігерлік амбулаториясының ембикесі Динара Гинаятова, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкері Тантьяна Урумбегликова, Б.Нысанбаева атындағы орта мектебінің кітапханашысы Гүлмаржан Асыловаға табыс етті.
Ал аудан әкімінің Алғыс хатымен «ИсиГипсИндер» ЖСШ бас есепшісі Гүлмира Оразғалиева, аудандық мәслихат аппаратының хатшысы Гүлшара Қабиева және балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт құрылымдарының меңгерушісі Сұлу Молдағалиева, «Райхан» мектепке дейінгі бөбекжайының тәрбиешісі Салтанат Жұбанова, Есбол ауылының жеке кәсіпкері Долларис Мұқсиева, аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің инспекторы Айнұр Исалиеваны марапаттады.
Кейін аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, атқарып отырған салалары бойынша елеулі еңбек етіп жүргендерге облыс, аудан мәслихаттының Алғыс хатын табыстады.
Құшақтары алқызыл гүл шоғына толған әйелдер қауымына арналған кеште аудан өнерпаздары әннен шашу шашса, «Шалқыма» және «Шашу» би тобы мың бұрала билеп, көпшілікті үлкен әсерге бөледі.
Д.АЙБАРОВ.