Қышыма ауруы - бұл жұқпалы тері ауруы, оның қоздырғышы - қотыр кене. Қышыма ауруы әдетте, санитарлық-гигиеналық тәртіпті дұрыс сақтамаған жағдайда қоғамдық моншалардан, душ қабылдайтын орындардан, жатақханалардан, қонақ үйлерден, жолаушылар поездарынан жұғады. Қышымаға қарсы арнаулы емді венеролог-дәрігер ғана жүргізеді. Ауырған адам өзін-өзі емдеуге болмайды.
Педикулез немесе биттеу деп – адам денесінде биттердің арнайы паразиттік жолмен тіршілік етіп, оның қанымен қоректенуін айтамыз. Бит бастың шаш бөлігінде, әсіресе самайында, желкесінде және төбесінде өмір сүріп, көбейеді. Бастың биті 40 күнге дейін өмір сүреді. Педикулез ауруының таралуына қоршаған ортаның қолайсыз әсері (үлкен коллектив, жеке гигиеналық ереженің сақталмауы), көп жағдайда әлеуметтік факторлардың айқын маңызы бар. Кей жағдайда, әлеуметтік жағдайы жақсы, жеке бас тазалығына көңіл бөлетін адамдарда пайда болады. Педикулездің және қышыма ауруларының алдын алу шаралары, негізінен, жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау болып табылады.
Педикулезге қарсы заманауи препараттардың түрлері көп және олар гель, шампунь, лосьон, аэрозоль және сықпа май түрінде болады. Барлық препараттардың қолдану жөнінде нұсқаулықтары болады, олар уытты болғандықтан оны міндетті түрде с
ақтау қажет. Педикулезбен, қышымамен зақымданған ауруды уақытында анықтау және оны оқшаулау – аурушаңдықтың одан әрі таралмауының тиімді шарасы болып табылады.
Дерматомикоз – бұл адамдар мен жан-жануарларда кездесетін микроскопиялық таз ауруы – дерматофитке әкеп соқтыратын жұқпалы індет.
Індет ауру адамнан және жануарлардан (мысық, ит, мүйізді мал) жұғады. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар (тарақ, жөке, киім және т.б.) арқылы, ауру адаммен байланыс орнатқанда, үй жануары және қаңғыбас жануарларды күту кезінде жұғуы ықтимал. Адамдар сонымен қатар, көпшілікке қызмет ететін мекемелерге барғанда (сауна, жасанды су қоймасы, монша, шаштараз, спорт кешендері), жеке гигиенаны сақтамағанда, ауру адамның тарағы, сүлгісі, бас киімдері, аяқ киімі, жөкесі тәрізді жеке заттарын қолдану барысында жұқтырады. Ауру алдымен терінің бұзылуы (қабыршақтану), тырнақтың сынуы, бастың шаш орналасқан бөлігінің тақырлануы түрінде байқалады. Шаштың түсуі көбіне жас бүлдіршіндерде кездеседі. Адамдар үшін аса қауіпті инфекция көзі жасырын формадағы микроспория түрімен ауырған мысықтар болып табылады. Дермотомикоздардың кең таратушылар үйсіз, иесіз иттер мен мысықтар болып табылады. Дермотомикоздардың алдын алу кешенді іс-шараларына ауруды өз уақытында анықтау, науқастарды оқшаулау және емдеу, аурудың қоздырғыш көздерін анықтау және науқастармен қарым-қатынаста болғандарды тексеру, науқастардың төсегіне, киіміне және тұтынған заттарына залалсыздандыру жұмыстарын жасау, шаштараздарға және моншаларға барғанда санитарлық тазалық талаптарының орындалуын талап ету жатады.
Дерматимакоздың алдын алу үшін:
-жеке гигиеналық заттарды қолданыңыз;
-қоғамдық орындарға барып келгеннен соң қолыңызды мұқият сабынмен жуыңыз;
-қаңғыбас жануарлардан аулақ жүріңіз;
-үй жануарларын уақтылы мал дәрігеріне көрсетіп, ектіріп тұруды назардан тыс қалдырмаңыз;
-егер сіздің айналаңызда микоз ауруымен ауыратындар болса, жеке гигиеналық тазалыққа көңіл бөліңіз.
Аталған аурулардың қай-қайсысына да күдіктенген жағдайда уақыт өткізбей дереу тері ауруларын емдейтін дәрігерге көрінген абзал. Дәрігерге ерте қаралу - айналасындағы адамдарға қышыманың таралмауын және одан тез сауығуын қамтамасыз етеді. Паразиттік аурулардың алдын алудың басты шарты – жеке адамның жеке гигиена талаптарын қатаң сақтап, мұқият орындауында.
А.ҚОСЫМБАЕВА,
аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы.