"Апау, Лә иләһа илляллаһ деңізші"

Ентіге басып Атырау облыстық аурухананың алдында келдім.

Өмірімде бұлай өзімнің қызмет еткен орындарыма осыншалықты ынтызарлықпен асыға келмеген шығармын. Әсілінде адам мейлі етік тіксе де өзіне ұнайтын сүйікті ісімен айналысуы қажет, сонда ғана табысқа жетеді демеуші ме еді. Ал, мен бұл жерде шаршағанымды еш сезбеймін. Әр науқасқа қызмет көрсеткен сайын олардың жаудырған алғыстары, баталары, жылы лебіздері шынымен қанаттандырады.

Бұл жерде жүріп шаршағанымның өзінен ләззат алатынымды түсіндім. Өзімнің 8 сағаттық жұмысымнан соң бұл жерде де 4-5 сағат науқастардың жанында еріктілермен бірге боламын деп келдім. Өкінішке орай, мені ыңғайсыз жағдай күтіп тұрған болатын. Түнгі ауысымға келуі тиіс 2 ерікті бізге жағдайларға орай келе алмайтынын айтты. Ал, Арман есімді еріктінің қызуы көтеріліп, жөтелі көбейіп, үйден шығуға болмайтын болды. Енді кім қалады қазір. Өзіме таңертең жұмыс. Шынымен састық. Күндізгі смендегі Асхат пен Мира, Динара шынымен қалжыраған. Демалулары қажет. Сезімге беріліп тұратын уақыт жоқ. Бәлкім жастықтың қызуы шығар, Аллаға аманат, өзім қаламын деп шештім. Еріктілер үйлеріне қайтқан соң, 2 сағаттан соң сенің жалғыз өзің қалғаныңды ойлап жата алмадым деп Мира Есниязова әпкеміз дем алмастан кері оралды.

Мүмкін жарымес шығармыз. Бірақ бәрімізді бір ғана мақсат қана түйістіретін. Ол 400-ге жуық науқастың аман-есен жаңа күнді қарсы алуларына жәрдемдесу. Айтпақшы, сіздер секілді баллон тасып, науқастардың жандарында бола алмасам да түнгі ас-ауқаттарыңызды дайындап отырсам деп Гүлмира есімді ерікті келді. Тіпті түннің ортасында Мира әпкеймен бірге еш қорықпай қорғаныш киімдерімен аурухананың ішіне кіріп, емделушілерді өз көзімен көріп шықты. Екеуі 2, 3 қатарларға лифтпен баллондарды жеткізіп, үлкен қолғабыс көрсетті. Телефоныма маза жоқ. "Қайдасыз? Срочно 2-ші этажға келесіз бе, кислород бітіп қалды. Қайдасыз?, 3-ші этаж 8 палатаға келіңізші, баллонның редукторлары бұралмай жатыр, мына аға дем ала алмай жатыр" деген сәтте "Түнде өмір жоқ дейтіндер кім? Білмеймін" деп Әбділда Тәжібаев жырлағандай бұл түннің оңай өтпесін бірден түсіндім.

Палаталарды түгел аралап, ауыр жағдайда жатқан науқастардың барын білген соң, қастарына баллондарды жақындата бастадым. Палата іші палата емес, құдды көлік жөндеу станциясы секілді. Әр бұрышта шошайған қара баллондар. Абайсызда біреуін қағып кетіп, анауың науқастың үстіне құлайтын болса тіл тартпай кетері анық. Бір әжейдің ауыр халде екенін көріп, сәл босай салысымен сол палатаға зулаймын. Ентіге тыныстап, жағдайы минут сайын қиындап барады. Демалыс бөлмемізге келіп, шәйіңді енді ұрттай бергенде телефон безілдейді. Белгілі. Медбике әпкелерге көмек керек боп жатыр. Бір науқас қиналғаны соншалық мұрындағы баллонға жалғанған шлангаларды үзіп лақтырып жатқанын көріп тезірек таң атса екен дедім іштей.

Бірден жаңағы әжей есіме түсті. Медбикелерді шақыруға дәрмені жетпей, саусағындағы сақинасымен темір керуетті соққылап жатыр. Бірнәрсе керек боп жатыр ма десем, су-су деп сыбырлап, жаны қысылып жатыр. Аузына 10 шақты қасық су тамызған соң, сандырақтай бастады. Ұзаққа бармайтынын сездім. Көпті көрген медбике әпкелер: "Болды бұл апаң таңға аман жетпейді енді" десе де қасынан шықпаймын.

Бірақ қолымнан ештеңе келмейді. Шарасызбын. Бұларды осы жерде оқу оңай әрине. Ал әлгі жердегі жағдайымды түсіну үшін мүмкін сол жерде өзіңіз болуыңыз керек шығар. Кенет Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өлім аузында жатқан адамдарға «Лә иләһа иллалла» сөзін айтқызыңдар» деген сөзі есіме түсті. Ай қайдам, "су " дегеннің өзіне күрмеліп жатқанда кәлимаға тілі келмес дедім. Сонда да жәй ғана бас жағына тіземді бүгіп, шошытып алмайын деп: "Апау, Лә иләһа илляллаһ деңізші" дедім 2-3 рет. Кішкене үнсіздіктен соң әжей кәлиманы қайталай бастады.

Анық емес әрине. Бірақ емеуірінен толық түсініп жатырмын. 10-15 рет қайталады. Қуандым ба, жыладым ба, білмеймін. Бірақ қайталап шықты. Жедел обходтан соң әлгі әжей жүріп кетпесе екен деп ақырын есікті аштым. Аласұрып жатқан дене жоқ. Жақын бардым жанына. Қабағы түюлі. Тіршілік белгілерін іздеймін. Сезгендей екі рет терең тыныстап барып доғарды. Сол сәт көзінен түйір жас шығып кетіп, қабағы жазыла бастады. Жүрек тоқтады. Мәңгіге!

P.S . Арпалысқа толы түннен соң таңертең 9-да жұмысқа келіп, кешкі 19:00-ге дейін тура 35 сағат ұйықтамастан жүріппін ғой. Телефон шалдым. Бүгін түнгі ауысымға еріктілер бар. Демала бер деді Мира. Төсегіме сылқ құладым.

 

Атыраулық ерікті жас

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521