А.ҚОСЫМБАЕВА, Индер аудандық бас санитар: "Екпе ғана елді құтқарады"

Халықты екпемен қамту – халық денсаулығын сақтаудың ең нәтижелі және тиімді жолы. ДДҰ мәлім еткендей, сол арқылы жылына 2--3 млн-ға жуық өлім жағдайы қысқарады. Әсіресе, балалар арасындағы жұқпалы аурулардан болатын асқынулар мен өлім-жітімнің алдын алу мүмкіндігі мол.Екпе арқылы қызылша, қызамық, күл, көкжөтел, полиомиелит, тіпті, пневмонияның алдын алуға болатынына қарамастан, бүгінгі таңда екпеден бас тартушылардың қатары күн санап өсіп келеді.

Екпеден бас тартудың ең негізгі себептерінің бірі – иммундау, екпе туралы ақиқат ақпарат пен жеткілікті білімнің болмауы. Сонымен қатар, тексерілмеген, ойдан құрастырылған, жеке адамдардың пікірі аясында өрбіген, шындыққа жанаспайтын ақпараттардың да әлеуметтік желіде күн санап көбеюі халықтың екпе туралы түсінігінің тұмандануына әкелді. Оның үстіне, 2020 жылдан бері әлемді жайлаған коронавирус індетінің біздің елімізде де белең алуы Ұлттық күнтізбеге сәйкес жасалатын екпелердің ескерусіз қалуына өз кесірін тигізгені жасырын емес. Нәтижесінде, халықты, әсіресе, балаларды жұқпалы аурулардан қорғаудың қадамдары ескерусіз қалып, шеткері шықты. Бұл жағдай күні бүгін көзге көрінбегенімен, уақыт өте келе, 1-2 жылды артқа тастаған соң, өзінің қалпына келмес салдарын көрсетері сөзсіз.

Бұл екпемен қамтылмаған халық арасында ұжымдық иммунитет әлсіреп, қызылша, қызамық, полиомиелит, пневмония, күл, көкжөтел, сіреспе секілді аурулардың қайта қауіп төндіріп, аурушаңдықтың көбеюіне әкеледі деген сөз. Эпидемиологиялық тұрғыдан бұл дабыл қағатын жағдай. Ендеше, дәстүрлі екпелерден бас тартпай, өз балаларыңыздың денсаулығын қорғауға шақырамыз. Сөзсіз, әлеуметтік желінің қарыштап дамыған уақытында, сан түрлі ақпаратпен сусындаған әрбір адамның өз денсаулығы үшін алаңдап, медицинаның жетістігіне күмән келтіруі, екпенің қауіпсіздігіне сенімсіздік тудыратын сәттері де болады.

Бірақ, біздің айтарымыз, алдын ала егу тек қана ата-ананың /өзінің, қамқоршысының, т.б./ рұқсатымен ғана және денсаулықты толықтай тексергеннен кейін ғана жүргізіледі. Оған қоса, екпе алғаннан кейін де сіз белгілі бір мерзімге дейін медициналық қызметкердің бақылауында боласыз. Қажет десеңіз, әрбір екпе туралы өзіңіздің тіркелген медициналық ұйымыңыздан толық ақпарат алуға /құрамы қандай, қашан салынады, кімге салынады, екпе салуға болмайтын жағдайлар, т.б./ толық құқыңыз бар.

Ескеретін бір жайт, әлеуметтік желілерде белең алған екпеге қарсы көзқарастың бәрі сіздің және ұрпағыңыздың денсаулығы мен жұқпалы аурулардан сақтануға кепілдік бере алмасы анық. Әсіресе, бейресми деректерден аулақ болғаныңыз жөн. Екпені салуға болмайтын жағдайлар да медициналық ғылымда ескерілген және ол санаттағы адамдарға екпе салынбайды, тек бұл арнайы медициналық тексеру нәтижесінде медициналық қызметкерлермен анықталады.

Денсаулығында екпеге қарсылығы жоқ адамды анықтау да, егілушіге толық ақпарат беру де медициналық қызметкердің міндеті. Демек, саналы түрді талап қою арқылы сапалы ақпарат алып, екпенің пайдасын өз денсаулығыңыздың игілігіне пайдалануға толық мүмкіндігіңіз бар. Екпе егу - күні бүгін пайда болған үрдіс емес, тарихы, нәтижесі, халық денсаулығын қорғауда жетістіктері бар, жұқпалы аурулардан сақтанудың сара жолы. Сіз екпеден бас тартқанмен, жұқпалы аурулар адамнан, әсіресе, балалардан бас тартпайды.

Оның үстіне елімізде екпенің тегін жүргізілетіндігін ескерсек, берілген мүмкіндіктен бас тарту, жұқпалы аурумен сырқаттануға алғышарт, мемлекет мүмкіндігін пайдаланбау – денсаулыққа қауіп төндіру, екпеден бас тарту ауру мен асқынуға жол ашу екенін есіңізде сақтаңыз. Сақтандыратын мемлекет барда, сақтанып, екпе алуға асығайық!

А.ҚОСЫМБАЕВА,

аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521