Шалғын көбелегі Қазақстанның қиыр оңтүстігінен басқа жерлерінің барлығында кездеседі. Ол – қан көбелегі тұқымдасына жататын кішірек келген көбелек, кең тараған көп коректі зиянкес.
Көбелектер негізінен мемлекеттік қордағы жерлердің арамшөптерінде, сондай ақ, дәнді және майлы дақылдар егістігінде және бау-бақшаларда байқалады. Шалғын көбелегінің құрттары көбінесе шырынды, жұмсақ жапырақты өсімдіктерге көп зиян келтіреді. Шалғын көбелегі желдің ағысы арқылы ұзақ жерлерге қоныс аудара алады және ол жерлерде тіршілігін жалғастырып дақылдарды зақымдайды. Біздің аймақта екі ұрпақ береді, ауа райы қолайлы болса үшінші ұрпақ беруі мүмкін. Ең қауіптісі зиянкестің бірінші ұрпағы, себебі ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуінің алғашқы кезеңіне тура келеді, ал бұл кезде дақыл зиянкес зақымдауларына төзімсіз болады.
Ол көктемде қуыршақтанып мамыр-маусым айларында көбелекке айналады. Шалғын көбелегінің өмірі 15-20 күнге созылады. Шалғын көбелегінің ұрғашысы 600 дейін жұмыртқа салады. Жұмыртқаларының дамуы 3-10 күн. Құрттары 2-4 аптада, 5 жасқа дейін өсіп да[1]миды. Алдыңғы қанаттарының түсі қара қоңыр дақтары бар сұрғылт қоңыр немесе ақшыл қоңыр келеді, сыртқы жиектері ақшыл қоңыр болады. Артқы қанаттары сарғылт сұр, сыртқы жиектерін бойлай екі қара жолақ орналасқан. Астыңғы жағынан қарағанда қанаттары күңгірт сары, кейде қара дақтары бар ақшылдау болып келеді. Ұрғашы көбелектер еркектеріне қарағанда ірірек болады. Көбелектің жұмыртқасының пішіні сопақша келген, астыңғы жағы тегіс, үстіңгі жағы дөңес, ұзындығы 08-1,0 мм, ені 04- 05 мм. Жұмыртқадан шыққан жұлдызқұрттарының денесі мөлдір немесе жасылдау, басы қара. Ересек жұлдызқұртар сұрғылт жасыл, денесін бойлай орналасқан бірнеше қара жолақтары бар, олардың біреуі арқа жағында, қалғандары бүйір жақтарында. Жолақтардың аралығында жасылдау сары түсті ирек сызықтар жатады. Бесінші жастағы жұлдызқұрттардың ұзындығы 25 мм-ге дейін барады. Жұлдызқұрттар жібек тәрізді өрмек жіптен тоқылған қапшық пішінді ұзынша пілләнің ішінде қуыршақтанады. Піллә жер бетіне өте жақын, тік орналасады, оның ұзындығы 20 мм-ден 50 мм-ге дейін жетеді. Шалғын көбелегі толық жетілген жұлдызқұрт күйінде топырақтың үстіңгі қабатында қыстап шығады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 19 наурыздағы №100 бұйрығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдердің тізбесіне өзгеріс енгізіліп, шалғын көбелегі құртын міндетті улауға жататын зиянкестер қатарынан алынып тасталған. Былтырғы жылы қолайлы ауа райына байланысты шалғын көбелегі жаппай шығып, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтірді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 10 маусымдағы № 188 бұйрығымен аса қауіпті зиянды организмдер тізбесіне шалғын көбелегін қайтадан қосты. Алдағы уақытта экономикалық зиян тигізу шегінен асқанда, шалғын көбелегі құрттарына қарсы күресу шаралары өтеді.
Т.МАХМЕТОВ,
аудандық аумақтық инспекция басшысы