ЗИРАТ ПЕН ПОЛИГОНДЫ ҚОРШАУҒА – 82 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Көктоғайлықтардың көкейкесті мәселелерін біліп қайтқан аудан әкімі Салауат Өтеғұлов бұл жолы Өрлік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы осыған дейінгі кездесуде халық тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына шолу жасап өтті.

Олардың қатарында Өрлік ауылындағы жаңадан салынған ауылішілік тас жолдың жанынан су ағып өтуі үшін дренажды жүйе қалыптастыру ұсынысы айтылған еді. Алайда жобалық-сметалық құжаттамада бұл жұмыстар қарастырылмаған. Десек те, мердігер мекеме «АтырауИнжСтрой» ЖШСмен келіссөздер жүргізілуде.

Ауыл іргесіндегі Насыр молда көшесінің сыртындағы зиратты және қоқыс алаңшасын қоршау үшін құны 82 млн 630 мың теңге тұратын сметалық құжаттамасы жасақталып, облыстық бюджетке сұраныс берілген көрінеді. Ал қоқыс алаңшасын қоршауға қажетті 6 млн 658 мың теңгені аудандық бюджеттен бөлу жоспарланып отыр. Жазғы су желісінің қысымын арттырып, қалыпқа келтіру алдағы жаз мезгілінде басты назарға ұсталынбақ. Ауыл тұрғындарының кәріз су төгетін аймағын қалыптастыру бойынша тазарту стансасын (КОС) салу қажет. Бірақ, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін аудан әкімі өз сөзінде жасырмай айтты.

Ал, Жайық өзенінен тарайтын «Қарасу» өзегіне шлюз қоюдың заңдылығы зерделену үстінде. Арнасы күн өткен сайын тарылып, аңқасы кеуіп бара жатқан Жайық өзенінің өзіне су беру өзекті болып отырғанда қарасуға шлюз қою қаншалықты тиімді деген сауалдар осы жиын барысында ашық айтылды. Десек те, көтерілген мәселе бойынша қабылданған шешім қосымша хабарланатын болды. Ауылдың кейбір көшелеріне интернет және телефон желілерін жүргізу мәселесін шешу үшін «Қазақтелеком» АҚ-ның басшылығына ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы басшылығына және Kcell компаниясына бірнеше рет хат жазылды. Алайда мәселе күні бүгінге дейін аталған байланыс монополистерінен ешқандай жауап болмай отырған көрінеді. Ескі демалыс саябағын жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға қажетті қаржы сұратылуда. Ауылдың кірме жолын жарықтандыру бойынша жобалықсметалық құжаттамасы жасақталды. Ол үшін облыстық қазынадан қаржыға сұраныс берілген екен.

-Өздеріңіз білесіздер, «Қурайлы-Сай», «Бағырлай», «Ақсай» каналдарын тереңдету, тазалау, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мәселесі көтерілді. Аудан бойынша барлығы 4 суару суландыру жүйесі бар. Қазіргі кезде 64,7 км болатын «АлғабасЖорық» суару суландыру жүйесі толық күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ал «Ақсай», «Бағырлай», «Қурайлы сай» каналдарының суландыру жүйесіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ол 2021 жылдың 13 тамыз күні облыс теңгерімінен алынып, республикалық «ҚазСуШар» РМК теңгеріміне берілді. Аталған каналдарға күрделі жөндеу жұмыстары республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін болады. Тисті қаржыны алдағы жылдан бастап бөлу жоспарланып отырғанын айтып өткім келеді, -деді аудан басшысы.

Биылғы жыл «Балалар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осы мақсатта ескі жылу беру ғимаратының орны берілмек. Алдағы күндері аталған орынды тазалап, талапқа сай дайын ету жоспарланып отыр. Осы жерде айта кетейік, балалар алаңын салу үшін ауыл жастары мен жекелеген тұрғындар өздері қаржы жинап, бастама көтеріп отыр. Ал оларға қосымша аудандық бюджеттен қоршау жұмыстарын жүргізу үшін 600 мың теңге қаржы қаралып отырғаны белгілі болды. Аудан көлемінде өтіп жатқан КТК (Каспий тұрба құбыры консорциумы) құбырларының астынан немесе үстінен шаруа қожалықтар үшін газ желісін тартуға рұқсат алу үшін «КТК» АҚ және «ҚазТрансОйл» АҚ-на тиісті хат жолданған.

Алайда әлі күнге дейін жауабы берілмей отыр. Осындай жайларды баяндаған аудан әкімі Салауат Өтеғұлов тұрғындардың пікіріне назар аударды. Зейнеткер С.Сатқанов «Бағырлай» каналына жақын орналасқан қыстақ маңынан 500 га жер ала алмай жүргендігін, «Аққұдық» қыстағына газ желісін тарту, ауылда арнайы техникалар жоқтығын сынға алды. Сонымен қатар көршілес аудандарда мал арасынан шығып жатқан белгісіз аурудың алдын алу, жылқыға салынатын чип мәселесін көтерді. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Т.Шманов жазғы су құбыры жол салу кезінде бүлінгенін, ауыл үстінен өтіп жатқан жоғары кернеулі тоқ желісін ауыл сыртына көшіру жөнінде ұсыныс айтты. Ал Ж.Бисенғалиев көшелерге асфальт төсеу жұмыстары кезінде суағарлар салуды көтерді.

Зейнеткер-ұстаз М.Көргенов осыған дейін айтылып келген зират қоршау мәселесі аяқсыз қалмау қажеттігін тағы бір мәрте еске салса, С.Сүндетов қырда отырып атакәсіпті дөңгелетіп отырған шаруагерлер үшін тоқ желісін тарту уақыт талабы екенін алға тартты. Күн сәулесі арқылы тоқ беретін панельдерге берілетін субсидия мәселесін де қоса айтты. Ал А.Үсенов көшелерге төселген асфальттарды су, газ желілерін өткіземіз деп кесіп, қайта қалпына келтіргенімен кешегі жауған толассыз жауын кездерінде қайтадан ойылып, автокөлік жүргізуге қиындық келтіріп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар Е.Махметов газ желісінің құбыры ауласының үстімен жүріп тұрғанын, ол қосалқы құрылыс жұмыстарын жүргізуге қиындық келтіріп отырғанын сол үшін қандай көмек болмағын сұрады.

Тұрғындар тарапынан көтерілген сауалдарға ауыл әкімінің міндетін атқарушы М.Қаженов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Салахадинов, аудан әкімінің орынбасары Б.Иманғазиев жауап қайтарды. Аудандық мәслихат хатшысы Б.Сапаров та көтерілген кейбір мәселелер бойынша пікір білдіріп отырды.

Тұрғындар жиынын қорытындылаған аудан әкімі С.Өтеғұлов көтерілген мәселелер назардан тыс қалмай, заң аясында кезеңкезеңімен шешілетінін айтты. Жиыннан кейін тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады.

Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ,

Өрлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT