Ұлы Отан соғысы жайлы сөз қозғалғанда қолына қару алып, жауға қарсы соғысқан майдангерлерді ғана емес, Жеңіс күнін жақындатуға елде жүріп, ерлікпен пара-пар еңбектерімен өлшеусіз үлестерін қосқан тылда тер төккендердің істері жайлы әңгімелеуді ұмытпағанымыз абзал. Солардың санатында Көктоғай ауылында тұратын, биыл 97 жасқа толған Сабила Құрмашеваның есімі аталады. Ауданымызда бір ғасыр ғұмыр жасаған жалғыз Өрліктегі Жаңыл әже болса, содан кейінгісі міне, осы кісі.
Білгеніміздей, ол 1924 жылы 15 наурыз күні Бақсай селосында дүниеге келген.
1932 жылы ауылда совхоз орнап, содан бай орыстың үйін мектеп жасаған да, алғаш осы жерден орысша сауатын ашып, жетінші сыныпты бітіріп шығады. Осылайша, жастық шағы еліміздің зобалаң жылдарымен тұспа-тұс келіп, өрімдей жасынан еңбекке араласқан әже: «Ол кезеңде ауыр бейнеттен қашатын заман емес еді»,-деп өткенді еске алады әңгімесінде.
Өзінің айтуынша, 1941 жылдың желтоқсан айында Жұмағыз анасы қызы Сәбиланы «Гурьевке барып кел» (совхоздың машинасы айына бір рет барады) деп жіберіпті. Онда анасының қарт апасы мен қызы тұрады. Содан қалаға қыдырып барған Сәбила апасының көршісімен киноға барып, жиырма жастың желкені көтерілгенде Жүніс Төреғалиев деген жігітке тұрмысқа шығады.
1942 жылы тұңғыш сәбилерін де сүйді. Қаланы тастап, өзі Махамбет аудандық милициясында секретар машинистка болып еңбекке араласады.
-Талай заманды көрдік. Қазір Құдайға шүкір, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Әлі есімде, 1945 жылы 9 мамыр күні кезекшілікте отырғанымда түнгі сағат 12:01 - де телефон шырылдап, тұтқасын көтеріп, «Алло» дедім. Содан райкомның II секретары Жарченкович «Кто дежурный» дейді. «Я -Курмашева» дедім. Ол «Товарищ Курмашева, победа, победа, победа» деп үш қайтара айтты. Міне, соғыстың аяқталғанын Махамбеттің халқына бірінші болып осылай естірттім,-дейді.
Иә, жалғаса беретін өмірде ол 1948 жылы жұмыстан шығып, ауылға келіп, мәдениет үйінің директоры, кейін 1950 жылы Бақсайда пошта байланыс орталығының бастығы болып еңбек етті.
Міне, өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында 1965 жылы Қарағанды, 1970 жылы Ақмола (Нұр-Сұлтан) қалаларында пошташы оқуын оқып, Бақсайдан Зеленый поштасына ауысады. Бірақ, 1980 жылы жасы келіп, зейнеткерлікке шықса да, қайта сол поштада 1987 жылға дейін оператор болып қызметті атқарды. Қаншама қиындықты көріп өссе де, кейуананың өмірге өкпесі жоқ. Қайта аузынан шүкірі мен қанағаты түспейді. Ол соғыс кезінде тылда жұмыс жасағанда («Победа над Германии» 1946 ж), («Маршала Советского Союза 100 летия Жукова» мерекелік медалімен 1977 ж), Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдық медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ 1984 жылы Гурьевте өткен «Әйелдер съезіне» делегат болып барып келді.
Ұзақ жасаудың сыры адал еңбек, уайымсыз тірлік және жайлы өмірде деп түсінетін әже аздап құлағы естімейтіні болмаса, көзі жақсы көреді, тіпті өзі жүріп-тұрады. Тұңғышы Күләштің өзі 78-жаста. Ол Шымкентте төрт баласы мен 3 немересімен тұрады. Кейін Садық есімді азаматпен отау құрған тыл ардагері бүгінде бала келіні Нұрлыбек пен Назымгүлдің қолында ұрпақ қызығын көріп отыр.
Диас АЙБАР
Көктоғай ауылы