Көп кідірмей одан әрі Жүндіқұдықтағы Кенған Шененовтың ауылына бардық. Көргені көп ағамыз шаруашылықты заманауи үлгіге көшіріпті.
Қожалық жайын сұрағанымызда:
- Біздер 2014-тен бастап осында шаруашылық аштық. Негізі жылқы шаруашылығынан бастадық. Батыс Қазақстаннан көшім тұқымды айғыр алдық. Содан соң жабы алып, қазір көшім мен жабы будандасып жатыр. Өйткені, бізге малдың сапасы ке[1]рек. Көшім биік, жабы талпақ, одан шыққан тұқым жақсы болады. Екінші, біз қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын бағып жатырмыз. Ол етті келеді. Азғантай түйеміз бар. Жоғалатын малдарды электробақташыға қоямыз. Сонда арнайы котлаван жасағанбыз. Соған жиналған су жетеді, - дейді.
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылдық округіне қарайтын қожалықтың мал бағысы шынында да керемет. Үй барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мал қарайтын, техниканы күтіп ұстайтын қызметкерлері бар. Рүстем мен Ерлан атты ұлдары әкесіне әрдайым көмектесіп тұрады. Ал жұбайы Гүлнәр үйдің барлық шаруасын тындырады. Сүт қатқан шай, қазы-қарта, тары-талқан, әйтеуір, дастархан ұлттық тағамға толы. Даланың дархандығы жұққан қонақжай әулет ораза ұстап, мұсылмандық парызын да өтеуде. Ал сабырлы қалыпты Кенған ағамыздың әңгімесін тыңдай бергің келеді. Қайткенде де отбасымен ортақ істің игілігіне жұмылған Шененовтер әулетінің бұл ісі көпке үлгі боларлықтай. «Жақсыны көрмекке» деген осы.
Осы уақытта күн де ұясына барып, іңір түсе бастады. Біз де бір күндік сапарымызды тәмамдап, аттың тізгінін ел жаққа бұрдық.
Жусанның иісі-ай!
Ж.АМАНТҰРЛЫ