Өткен жексенбіде әлеуметтік желі арқылы Жайық өзенінен балық аулауға шыққан жергілікті тұрғындардың ау қайырған сәтте келеңсіз көріністің куәсі болғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Бұл ақпарат өзеннің Индер ауданына қарасты тұсында орын алғаны расталып отыр.
Түсірілген бейнежазбада балықшылар қалыңдығы 60 сантиметрге жуықтайтын мұз астындағы судың түсі бұзылып, ау құралдарының қара түске боялғанын айтып дабыл қаққан болатын. Айдың күннің аманында ағайынды алаң көңілге қалдырған осынау жағдайға байланысты жергілікті билік құзырлы орындармен бірлесіп тиісті зерттеу-зерделеу жұмыстарын қолға алуда.
-Осы мәселе бойынша су сынамасы алынды Жайық өзенінен.Зерттеу жүргізіліп жатыр. Үш күннің ішінде қорытындысы шығады,- дейді Ұлттық сараптама орталығы Атырау облыстық филиалы Индер аудандық бөлімшесінің директорының міндетін атқарушы Гүлнар Қуанышева.
Орын алған жағдайға байланысты Атырау облысы бойынша Экология департаментінің жылжымалы зертханалық-лабараториясы да арнайы сынама алып тиісті сараптамадан өткізіп жатқаны белгілі болды. Қорытындысы алдағы күндері белгілі болмақ.
Нәтиже белгілі болған соң қажетті шаралар қабылданбақ.
Сұңқар КӨШЕКОВ