ТАЛҚЫЛАУҒА УАҚЫТ АЗ

Газет бетінен жаңа Ата Заңымыздың жобасы жөнінде аудан тұрғындарының нақты ұсыныстарын көрмей жүрмін.

Бұл — Қазақ елінің болашақ тағдыры шешіліп жатқан тарихи кезеңде аудан зиялыларының бейжайлығы таңқаларлық жағдай. Біздер кезіндегі компартия көсемдері мен одан кейінгі суперпрезидентіміз не айтса да бірауыздан «Қолдаймыз! Құп болады!» деп өмір сүрдік Осы «бірауыздан қолдау» біздің елімізді қандай тығырыққа тірегенін енді түсініп жатырмыз. Бүгін Қазақстанға, қазақ халқына шынайы Тәуелсіздікке жетудің саяси-құқықтық негізін қалайтын мүмкіндік туып отыр. Мұндай мүмкіндікті пайдаланбасақ, өткен 30 жыл бойғы автократиялықдиктаторлық билікті батыл түрде өзгертпесек, кім болғанымыз?! Тәуелсіз ел болудың ең басты негіздері қазақ халқының ғасырлар бойы сансыз құрбандықтарға барып, қорғап қалған ЖЕРІ мен сан қырлы салт-дәстүрінің, озық даламәдениетінің негізі —ТІЛІ.

Бүгінгі күні осы қасиетті дүниауи және мәдени-рухани құндылықтарымызды сақтап қалу жолындағы күрес — күрестердің ұлысы! Жері мен Тілін қорғай алмаған ел түбінде Тәуелсіздігінен айырылады, ал ұлт жойылады! Біздер, осы күнгі зиялы қауым, қара басымыздың қамын ойлап, бұрынғыша бұғып жүре берсек, халықты осы қасиетті ұлы күрес жолына үндей алмасақ, сол жолда құрбан болған ата-бабаларымыздың, Алаш көсемдері мен қайраткерлерінің аруақтары алдындағы қылмыс деп, бұл күнгі жасаған опасыздық әрекетімізге басқаларға бодандыққа түскен болашақ ұрпақтарымыз лағнет айтады деп ойлаймын. Халық талқысына шығарылған «Қазақстан Республикасыны Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасындағы (әрі қарай — Жоба) 6-бапқа енгізуге ұсынылған өзгерістер жөніндегі пікірлерімді «Қазақтың жері өзінің атында болуы тиіс» атты мақаламда білдірдім («Дендер» газеті, №36, 11 мамыр, 2022 ж.). Жобаның 3. тармағының басында «Жер...халыққа тиесілі» деп жазылса, екінші сөйлемде: «Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады»- деп жазылған. Бұл жерде «Мемлекет» деген ұғымды қарапайым халық қалай түсінеді? Осы екі сөйлемнің арасында қарама-қайшылық бар емес пе? Менің ойымша, мәселенің түйіні: «...меншік құқығын, түптеп келгенде, Үкімет жүзеге асырады.» дегенге келіп тұрған жоқ па? Егер солай болса – бұл мүлде қате ұсыныс. Мен Жобадағы, аталған 6-шы баптан басқа, 2-ші, 3-ші, 5-ші, 7-ші,19- шы, 93-ші баптарға да өз пікірім мен ұсыныстарымды енгізуді қажет деп есептеймін. Бұл ұсыныстарымды қысқаша тезистер түрінде (газеттің көлеміне   келтіріп) жаздым. Олар төмендегідей:

І. ЖАЛПЫ ПІКІРЛЕР МЕН ҰСЫНЫСТАР

1. Конституцияға енгізілетін өзгерістер өте коп болғандықтан, оны талқылауға берілген 1 ай уақыт өте аз. Атап айтсақ, Өзгерістердің жобасы 11-мамырда облыстық газетте («Атырау») басылып, біздің қолымызға 12-мамыр күні тиді, яғни 11 күн бос өтті деген сөз! Мұндай жағдайда аса маңызды құжатты бүкілхалықтық талқылауды іске асыру мүмкін емес! Неге мұндай асығыстыққа жол беріліп отыр? Бұл қарапайым халық үшін түсініксіз. Талқылауға кем дегенде 2 ай мерзім берілуі керек! 2. Ауылдар мен кенттер тұрғындарының ұсыныстары қайда жіберіледі?, қалай есепке алынады?, әрі қарай олармен қандай жұмыстар жүргізіледі?, Аудандар тұрғындарының ұсыныс-пікірлері «жоғарыға» қалай жетеді? Әрине, әлеуметтік желілер бар. Алайда: біріншіден, ауылдар тұрғындарының ол желімен байланысы өте сирек; екіншіден, ол сайттарға шыққан пікірлердің тиісті құзырлы органдарға жететініне қандай кепілдік бар? Мемлекеттік БАҚ негізінен билік ұсынған жобаны насихаттауда. Осындай жағдайда жоғарыдан ұсынылған жоба «Бүкілхалықтық талқылаудан өтті» деп қалай айтуға болады? 3. Қарапайым халық үшін Конституцияның біраз терминдеріне кеңейтілген түсіндірме сөздік жазылуы керек, мысалы: «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», «орыс тілі – ресми тіл», т.б.

ІІ. ЖЕКЕЛЕГЕН БАПТАР БОЙЫНША ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕР

1. 2-бапта: 3. ... «Қазақстанның елордасы «Нұрсұлтан» емес, «Алаш», немесе «Алашорда» қаласы болып табылады» деп жазылғаны дұрыс. 2. 3-бапта: «Халық...өз билігін жүзеге асыруды, түбегейлі мәселелер алдын-ала Бүкілхалықтық Құрылтайда талқыланғаннан кейін, мемлекеттік органдарға береді» деп жазылуы керек. 3. 5-бапта: ҚР-да идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады деген өте дұрыс қағида жазылған. Осы қағидаға негізделіп, «Елімізде оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдардың құрылуына жол беріледі, олардың жұмысы (ісәрекеттері) арнайы конституциялық заңмен айқындалады» деп жазылуы керек. Немесе, «Оппозиция туралы» деген бөлек бап енгізілуі қажет. Біздің билік «Оппозиция–жау» деген автократиялық, диктаторлықназарбаевтық көзқарастан арылуы қажет. 4. 6-бапқа:

Бұл бапқа енгізілуі тиіс өзгерістер мен қосымшалар бөлек жазба түрінде ресімделіп, осы тезистерге жалғанды – (1 бетте). 5. 7-баптың 1 тармағында: 1) «Қазақстан республикасының азаматтары мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп, болмаса 2) «ҚР-ның азаматтары мемлекеттік тілді құрметтеуге, оқыпүйренуге міндетті» деп көрсетілуі керек. 7-баптың 1 тармағы әрі қарай 93-баппен толықтырылуы керек. Бұл жағдайда қазіргі 93-бап алынып тасталады. 7-баптың 2 тармағы алынып тасталуы керек. Жалпылама жазылған 3 тармақты алып тастау керек, ол жоғарыда айтылғандай, 93-баппен алмастырылады. 6. 19-бапқа: -1 тарауда: «Мемлекет құрушы ұлттың азаматтары өздерінің ұлтын көрсеткені дұрыс» деген қосымша жазылуы қажет.

Самиғолла ҒАЛЫМҰЛЫ,

ауданның Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT