Кейде бір уақыт тарихи орындарды аралап, дала кезіп кететін әдетіміз бар. Өткен жексенбіде Ақжайық ауданы, Атамекен ауылы, «Жер ұйық» өлкетану мұражайының жетекшісі Жәнібек аға Әбілпейісов хабарласып, Теректі (Жыбырлақ) құмына қарай сапар шектік. Жексенбі күні іңір түскенше қолға құнды жәдігер тимеді. Ертесіне таңсәрі де қайта жұмысымызға кіріскенімізде түске таман ғана көне қоныстың ізі қалған сайдан бір нәрсе көзге жылт етті. Қолыма алып: -Мы-нау не екен,-деймін. «Баяғының ақшасы ғой»,- деді Жәкең.
Сонымен бұл тиынның құндылығы қызықтырып, Оралдағы өлкетанушы-журналист Қазыбек Құттымұратұлына жолдағанбыз. Кейін жәдігер туралы мынадай мәлімет жетті:
«Ақшадағы жазу үстінен астына қарай және солынан оңына қарай оқылады. Бұл ақшаның толық нұсқасы осы. Сіз көрсеткен осының жартысы. Таң падишалығы (618-907ж) кезінде қолданылған ақша екен. Толық оқылуы "kai yuan tong bao". Мұндағы «Kai yuan» деген сөз Падишаның жылнамалық атауы. Ол жылнама қай жылдар екенін де тарихты ақтарып білуге болады. Ал «tong bao» деген ортақ қолданатын ақша деген сөз. Таң империясының Таң Шуанзоң деген падишасының жылнамасы kai yuan аталады екен. Ол 649-705 жыл аралығында падиша болған. Ақша осы падиша тұсында шыққан».
Міне, ғажап. Бұл енді қытайлармен өмір бойы соғысып өткен Түркі қағанатының дәуірі. Күркіреп өткен Күлтегіннің, оғыз тайпасынан шыққан Тоныкөктің заманы. Айта берсе тарих тұңғиығына бойлап, бұл тиынның Нарын құмына қалай келгенін зерттеуді уақыт еншісіне қалдырып, ортақ қолданатын ақша дегеніне қарағанда бұл маң ежелден Жібек жолы болғанға ұқсайды.
Өйткені, осы жерден оншақты жыл бұрын атымен бірге жерленген батырдың денесі табылған. Ортасында семсері, аттың сауыты, садақтың жебелері сақталған. Археолог Марат Қасанов 9-10 ғасырдағы печенег батыры деп ғылыми жұмыс жазған-ды. Соған қарағанда ежелден бұл өңір қандай ұлт өмір кешсе де жайлы қоныс болған-ау?!.
Қайткенде де Таң падишасының ақшасы таң қалдырып-ақ тұр.
Жан АМАН
Елтай ауылы