Суретші сонау бала шағында, яғни 5 сыныпта оқып жүргенде-ақ сурет салуға, ақ қағаз бетін түрлі кескіндемелермен толтыруға, өз ойындағы көркем бейнені көрсетуге машықтанған.
Сол кездегі Гурьев қаласындағы №13 мектепте оқып жүргенде-ақ аты шыға бастаған Қанат Ермекқалиев мектептің қабырға газеттерімен түрлі мерекелерге ұстап шығатын траспаранттарды дайындауға да араласа бастайды. Кейін отбасы жағдайына байланысты Индербор кентіне көшіп келеді.
Мектеп бітірген соң 1975-77 жылдары Балтық жағалауында теңізші болып әскери қатарға алынған дәуірі де қызықты еді. Жайықтың жағасында өскен балаң жігітке теңіз табиғаты да жат емес болатын. Теңіздің толқынды шулы үнінен ауылға деген сағыныш бейне болып қалықтап тұратындай. Темірдей тәртіп ордасы болғанымен ол жерде де ағаның суретшілігі өз пайдасын тигізді. Әскери мерзімін аяқтаған сарбаздардың әскери албомынан бастап, ротаның ішкі мәдени көпшілік шараларына арналған бейнелерде ағамыздың қолтаңбасы қалды. 1981-1985 жылдар аралығында Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, бітіріп шығады. Алматы қашанда дарындыларды ұштайтын бақ ордасы ғой.
-Мен өзімді өмірде жолы болғыш адам санаймын. Өйткені өмірімде жаны жайсаң азаматтар мен өнерді шын бағалай білетін, қажет жерінде демеп, қолдап отыратын ниеті оң азаматтар көп болды. Соданда болса керек 1989 жылдың күзінде Алматыда жеке көрмем өтіп, сол кезде салынған суреттер қойылып, көптің назарына ұсынылды. Байқасам келушілердің өнерге деген құрметі ерекше. Әрбір салынған туындыға жекежеке тоқталып, тарихын сұрап жатады. Бұл дегеніңіз шығармашылық адам, оның ішінде автор үшін моральдық тұрғыда үлкен қолдау. Сол сәттен бастап осы шығармашылық жұмысқа түбегейлі бет бұрдым,-дейді туындыгер.
Жоғарыда айтқанымыздай қоғамда болып жататын құбылыстар мен оң өзгерістерді шығармашылық адам тез қабылдайды. Қазір әлемді шулатып, елімізге келген тәжвирусының салған ылаңы көптің көңілін күпті еткені рас. Аталған жай Қанат ағамызды да бей-жай қалдырмады.
-Осы індет келген алғашқы сәттердің бірінде теледидар арқылы елімізде екі жасар баланың ауырғанын және осы кеселді жұқтырған ананың өмірге сәби әкеліп жатқаны туралы ақпаратты естігенде жан-дүнием алай-дүлей күйге түсті. Құрсақтан жаңа шыққан шақалақтың өмірі осындай арпалыспен басталғаны ма деген ой маза бермеді. Сөйтіп бір туынды көз алдыма келе берді. Жанұшырған ананың бесік таянып қайтсем де сені адам етемін деп ант берген бейнесін жасап шығардым. Адамзат баласы үшін ананың орыны ерекше ғой. Өзі қиналып жатса да ұрпағына өмір сыйлап, соның жолында жанын құрбан еткен асылдар қанша ма,-деп оның ой түюінің астарында үлкен мән жатырғандай.
Жалпы ағамыз осы уақыт аралығында 400-ден астам туындыны салып, өз көрерменінің назарына ұсынған екен.
С.КӨШЕКОВ