Шекара шебінде - қырағы күзет

Егемен ел тыныштығының кепілі – шекара тыныштығы, Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекарашы қызметінің маңызы зор.  Жүректілікпен қатар, жылдамдықты қажет ететін бұл қызметті нағыз ер атқаратыны анық. Осы орайда, ауданымызға іссапармен келген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі, майор Икенов Мәди Әділбекұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Мәди Әділбекұлы, сәлеметсіз бе! Алдымен сізді 18 тамыз – шекарашылар күнімен құттықтаймын! Әдетте халқымыз Қарулы күштерді сырттай немесе ақпарат құралдарындағы мәліметтер арқылы біліп, танып жатады. Осы орайда, сіз әскер өмірімен жіті таныс сала маманы ретінде не  айтасыз? Облысымызда шекара қалай күзетіліп жатыр?    

– Сәлеметсіз бе! Көп рахмет! Жалпы шекара – өте қасиетті ұғым. «Шекарасы жоқ мемлекет – мемлекет емес» деп бекер айтылмаса керек-ті. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жерді ата-бабамыз кезінде шекара деген атау, әскер болмағанымен, көзінің қарашығындай күзетіп, киелі етіп белгілеп, бізге аманат еткен. Біз, шекарашылар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзетіп келеміз.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі – құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Соның ішінде шекараны күзететін, арнайы тапсырмаларды орындайтын құрылым болып есептеледі. Ел шебі саналатын мемлекеттік шекараның  мәні мен маңызы қанша ғасыр өтсе де төмендемейді. 
Облыста Ресей Федерациясымен және Каспий теңізінің жағалауымен мемлекеттік шекара күзетіліп, тапсырмалар орындалуда.
Шекара қызметі бөлімшелерінің жай-күйі қазіргі таңда жақсы. Облыс әкімдігінің көмегімен 2018-2020 жылдары бірнеше шекара бөлімшелері жаңадан салынып, ашылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл шекара бөлімшелерінде біздің сарбаздар, офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызметтерін өтеуде. 
Бізде құрылғылар үнемі жаңартылып шекара күзетіне, шекарашыларға беріліп тұрады. Әскери бөлімдерде ұшқышсыз ұшатын Skylark дрондары арқылы шекараларды күзету перспективада бар және басшылықпен бірге қолға алынып, қолданысқа енгізіліп жатыр.     


– Шекарадағы сарбаздардың жұмыс режимі қандай?

– Шекарадағы сарбаздардың жұмыс режимі жоспарға сәйкес және күн тәртібіне сай жүргізіледі. Оның ішінде дәріс-сабақтары, мәдени-спорттық, тәрбиелік шаралар уақытымен белгіленіп атқарылады. Қазіргі таңда әскери шекараға облыс азаматтарын шақыру қолға алынған. «Көктем-2023» шақырылымындағы азаматтардың барлығы дерлік Атырау облысының шекара бөлімшелерінде қызмет атқаруда. 
Күннің батуы шекарада әдеттегі жұмыс күнінің бітуін білдірмейді. Керісінше, шекарашылар қырағылық танытып, кез келген уақытта қағылатын дабылға дайын болады.  Қазақ: Жау – жар астында,- дейді. Сондықтан бес қарудың бабында болуы шекарашылар үшін маңызды. Жоғарыда айтып өткендей, елді қорғау қызметі мемлекеттің қауіпсіздік саласында қастерлі қызмет.
Шекарашылардың барлығына сенбі-жексенбі күндері ата-аналармен кездесу ұйымдастырылады. Сейілге шығарылып, үйлеріне демалуға жіберіліп тұрады. Мәдени шараларды айта кететін болсам, биылғы 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай  Департаментте «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, ата-аналармен, сарбаздармен  бірлесе ұлттық мерекемізді тойлап өттік.

– Әскери қызмет оңай емес. Осы ретте, отбасын құрған офицерлер болады. Олардың жұбайлары мен балалары да әдетте застава маңында өмір сүреді. Шекаралық заставалардың өзінде немесе соларға жақын елді мекендерде әскерилер отбасыларының, балаларының мәдени-рухани, физикалық тұрғыда дамуына ықпал ететін инфрақұрылым бар ма?

– Дұрыс айтасыз. Бізде отбасын құрған офицерлер өте көп. Олар жан-жақтан келіп қызмет атқарады. Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясында төрт жылдық оқуды бітіргеннен кейін қызметтерін атқаруға еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіледі. Отбасы, бала-шағаларымен келіп, арнайы жабдықталған офицерлер үйінде тұрады. 
Сонымен қатар, біздің бөлімшелеріміз Атырау облысының аудандарында орналасқан. Медициналық әлеуметтік көмек алатын болса, сол тұрғылықты жерінде мүмкіндіктері бар.    

– Жауынгерлерді оқыту, дайындау кезінде қандай жаңашылдық бар? Неше жастан бастап қызметке алынады?

– Оқу-жаттығу кезінде әрқашан жаңа әдістерді қолдануға тырысамыз. Мультимедиалық, видео көрсетілім секілді тың бағыттар арқылы тактикаларды үйрету, машықтандыру қолға алынған. 
Елімізде шекарашыларды дайындайтын бір ғана оқу орны бар. Ол - Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы. Сонда төрт жыл оқып, офицерлік бірінші лейтенант шенін алғаннан кейін Республика аумағындағы шекара бөлімшелеріне жіберіледі.  Оқу орны Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, 11 сыныпты аяқтаған 17-18 жастағы азаматтарды қабылдайды. Және дене шынықтырудан емтихан тапсырғаннан соң оқу орнына түсе алады. Сондықтан шекара қорғау мәртебесі әрбір жігітке бұйыра бермейді. Бұл міндетті атқаруға көзінің оты бөлек ерекше азаматтардың  тартылуы сондықтан.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі әскери борышын жақсы өтеген сарбаздарға тегін жоғары білім грантын ұсыну үшін 70-тен астам университетпен келісімге келген болатын. Сол бойынша қызметін жақсы өтеген, жақсы мінездемемен бітіріп шыққан сарбаздар осы жеңілдікпен грантқа оқуға түсіп жатыр.  

– Әскер десек, соңғы кездері әлімжеттік мәселесі ойға оралатыны жасырын емес. Осы туралы не айтасыз?

– Шекарадағы әлімжеттік мәселесі қатаң бақылауда. Барлық шекара бөлімшелерінде бақылау камералары орнатылған. Атап өтетін жайт, шекарада бұрыннан келе жатқан әскери қызметші мен жаңадан келген әскери қызметші бір бөлімшеде қызмет атқармайды, бір-бірінен оқшауландырылған. Демек, әлімжеттік мәселесі түбегейлі жойылып келе жатыр деуімізге болады.    

– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, бұл салаға қашан келдіңіз?

– Өзім Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының тумасымын. Мектепті тәмамдағаннан кейін, 2007-2011 жылдары Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясында білім алғанмын. Содан бері әскери салада шекарашы болып қызмет етіп, майор шеніне дейін жеттім. Ақтау, Атырау өңірлерінде қызмет атқарып, Батыс шекарасын күзетудемін.  Отан қорғаушының образын сомдау – сауапты іс. Сол үшін ел шекарасын аянбай қорғамақпын.

– Әңгімеңізге рахмет! Ел шебіндегі еңбегіңіз абыройлы болсын! 


Сұхбатты жүргізген: 
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT