ШӨЛ ДАЛАДАН КӨЛ ЖАСАДЫҚ... бұл ысырап емес пе?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын, сондықтан да суды тиімді пайдалануға баса назар аударады. Осы орайда біз   ауданның далалық алқаптарындағы тұрғын халыққа, егістік алқапқа, шаруа қожалықтың төрт түлік малына Жайықтан су жеткізу қызметін атқарып отырған аудандағы 4 канал жүйесіне тоқталғанбыз. 
Жаңғыртылған  каналда су жетіп тұр
 «ҚазСушар» РМК-ның аудандағы бөлімше басшысы Сайлау Байбосыновтан білгеніміздей, аудандағы 4 каналдың барлық  ұзындығы  301,959 шақырымды құрайды. Оның ішінде Ақсай - 80,459, Бағырлай - 105,019, Алғабас –Жорық - 64,746, Құрайлы-Сай - 51,735 шақырымды алып жатыр. Ен далаға су нәрін жеткізіп жатқан  каналдардың бәріне  су Жайық өзенінен жүзбелі насостар арқылы айдап жеткізіледі.
Бөдене, Жарсуат ауылдық округтерін бойлай ағып жатқан Алғабас-Жорық каналының  бойында көптеген егін және мал шаруашылықтары орналасқан. Шаруа қожалықтары риыздығын қаншама жылдан бері осы каналдан көріп отыр. Алайда Одақ кезінен бері жөндеу көрмеген каналдың су  өткізгіштік деңгейі мүлдем төмендеп, өңірімізде ауылшаруашылық саласының лайықты дамуына күрмеу болып келген еді.
Сол кезде аталған  учаскенің  басшысы Сайлау Байбосынов  каналдың бойы уақыт озған сайын бітеліп, нағыз шегіне жеткенін жеткізген. Айталық  каналдың басынан тәулік бойы насоспен қанша айдалса да   су жоғары қарай  жетпей, бергі жақтарынан  жарып кетіп қиындық келтіретін көрінеді.
Айтқандай сол кезде каналдың Жайықтан алған бастау жағы  суға лық толғанмен 30 шақырымынан әрі Алдаберген тұсынан су  сыздықтап қана ағатын. Одан әрі Малайсары маңында  каналдың  тіптен аңқасы кеуіп жатқанына куә болған едік.
- Жорыққа дейін соңғы рет 2004 жылы  су келген еді. Содан кейін жеткенін көрмеп едім.  Жөндеу көрмеген каналдың жағдайы нашарлап барады.  Енді, міне  жөнделе басталғанына ризамыз. Бұл өлкемізде егін және  мал шаруашылығының дамуына үлкен бетбұрыс болады деген үмітіміз бар, - деген болатын сонда «Жарсуат» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Аманжол Қажымұратовты сөзге тартқанымызда.
-Алғабас-Жорық каналы күрделі жөндеуден өткеннен кейін, су жеткізу деңгейі  жақсарды. Қазір шеткі нүктесі Жорыққа дейін су кідіріссіз жеткізіліп, шаруа қожалықтары игілігін көруде, -  дейді учаске басшысы С.Байбосынов.
  Каналдың қазіргі кезде 400 га егістікті сумен қамту мүмкіндігі болса,  жайылымдық жер көлемі 60 мың га құрайды. Суды үнемдеу мақсатында каналға жылына берілетін су көлемінің лимиті 6 134 500 текше метрді құрайды екен.

Ақсай да жөнделеді
Көктоғай ауылдық округінің қиыр шетіне дейін  бойлай Ақсай  каналы ағып жатыр. Алдыңғы жылы қуаңшылық қысқан жаз ортасында  каналдың суы Бөлекбайдан аса алмай, Қияқбайға жете алмай жатты. Тайыз суды  төрт түлік мал кешіп жүр.   Судың тұнығын ғана ішетін жылқы да амалсыз  осы суды қорек қылуға мәжбүр болғанына куә болғанбыз. Сонда округ әкімі Мәмбетқали Құсайынов каналдың суы шегіне жетпей, тұрғындар тарапынан түрлі  реніш пікірлер орын алғанын атап өткен болатын.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінен білгеніміздей,   осы каналдың бойындағы 17010 гектар жерді қамтитын мал шаруашылығын дамытып отырған  25 шаруа қожалығының төрт түлік малы су ішіп отырса, 7 шаруашылық құрылымы 142 гектар аймақта  егін шаруашылығымен айналысады екен.
«Қазсушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосынов  аптап ыстықта каналда су жеткізудің қиындықтары кездесіп қалатындығын жасырмады.
- Бүгінде Ақсай және басқа каналдарға  да су шеткі нүктесіне  дейін жеткізіліп  отыр. Бірақ құрылысы Одақ кезінде салынған каналдардың күрделі жөндеу жүрмегендіктен құм басқан жерлерінен кедергілер орын алып,  қиындықтар кездеседі.
Биыл  Ақсай каналының қалпына келтіру жұмыстарына Республикалық бюджеттен 100 млн. теңге бөлініп,  конкурс өтті. Енді мердігер мекеме жөндеу  жұмыстарын бастамақ, -  дейді учаске басшысы Сайлау Байбосынов.
Қалпына келтіру кезінде 4 өткел жөнделіп, 3 өткел жаңадан салу, 4 котлован тереңдетіліп қазылып, жаңадан 4 котлован қазу, 2 су реттеу шлюзін салу, су қабылдау бассейнін жөндеу, автоматтандырылған су өлшеу бекетін салу  қарастырылыпты. Жалпы Ақсай каналының жер көлемі 236,232 га, каналға жылдық берілетін су көлемінің  лимиті 4134 000 текше метр құрайды. Қалпына келтірілгеннен кейін 1400 га суармалы жер көлемін сумен қамтуға мүмкіндік болады деп күтілуде. Оның  жайылымдық жер көлемі 60 мың гектар жерді құрайды екен.
Жобалық сметалық құжаттары бойынша  Ақсай каналының қалпына келтіру құны 1 171 444 мың теңге болса,  Бағырлайға 1 129 246 мың теңге, Құрайлы-Сайға  685 450 мың теңге шығады деп жоспарланған, - дейді аталған учаске басшысы Сайлау Байбосынов.
Сонымен қатар алдағы уақытта қаржысы қаралса Құрайлы-Сай мен  Бағырлай каналына да атқарылатын жұмыстар қаралыпты.

Суды қайтсе үнемдеуге болады?
Кейбір өңірлерде каналды  су сіңдірмейтін бетонмен жасалған немесе құбырмен тартылғандары да кездеседі. Ал бізде әуелгі Одақ кезіндегідей жерден қазып жүргізілгендіктен қаншама су жер астына сіңіп жатқаны жасырын емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында сырттан келетін су азайып бара жатса,  соның өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отырғанын,  судың 40 пайызы құмға сіңіп жатырғанын атап өткен болатын.
- Бұл өте қымбатқа шығатын жоба. Осы мәселеге орай кезінде облыс әкімі болған Н.Ноғаев талқылауға салғанда көпшілік шаруа қожалықтары да  қазіргі канал түрінде қайта қазылғанын  қалады. Рас, қатты ыстықтарда булану процесі жүреді. Бірақ каналға су бір толғаннан кейін су жерге сіңе бермейді.
Канал суы егін және далада жайылған малмен қатар жан-жануарлардың да су ішуіне мүмкіндік туғызады. Әрі бұл табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға,  құм көшкінін тоқтатуға,  жер асты суының толығуына да пайдасы бар, - дейді учаске басшысы С.Байбосынов.
Бүгінде су тапшылығының алдын алу мақсатында аудандағы шаруа қожалықтардың тамшылатып  және  жаңбырлатып суаруға көшулері суды үнемдеуге мүмкіндік беруде.  Ал ең бастысы Жайық өзенінің жылма-жыл  суы тартылуы каналдарға су айдауға   көп қиындық келтіруде екен.

Техникалық  мамандар тапшы
Биыл каналдардан егістікке су пайдалануға 34 шаруашылық келісімшартқа отырған. Оның  ішінде Ақсай каналында - 5, Бағырлай каналында - 13, Алғабас-Жорық каналында -13, Құрайлы-Сай каналында - 3 шаруашылық су пайдаланады. Биыл  келісімшарт бойынша егістіктің  жалпы көлемі 294,2 гектар болса, көрсетілетін қызмет  құны  43 963 060 теңгені құраған екен.
Бүгінде каналдардағы жүзбелі насостардың бәрі жаңарған. Балық қорғау ережесіне сай жабдықталған.  Заманауи трактор, экскаватор, кран, дәнекерлеу аппараты сынды мекеменің  материалдық техникалық базасы да  жаңартылған. Қазір мекемеде  46 адам еңбек етеді екен. Оның ішінде басқару аппаратында 5 қызметкер болса, қалғандары су айдау қондырғысының машинисттері,  экскаваторшы, бульдозерші, кран жүргізуші,  слесарь сынды басқа да техникалық мамандар. Бөлімше басшысының айтуынша, бәрі де мекемеде бұрыннан келе жатқан тәжірибелі, өз ісінің  шеберлері. Олардың ішінде су айдау қондырғысының механигі  Сейітжан Аймақов, насос стансасының маманы Андрей Стаханов, жүргізуші Айбек Нәбиев сынды мамандардың уақытпен санаспай атқарып отырған қажырлы еңбектерін атап өтті.
Дегенмен мекемеге гидротехник сынды су саласының нағыз мамандары жетіспейді екен. Бұрыннан келе жатқан арнайы мамандардың жасы зейнеткерлікке тақасы, жалақының да жоғары болмағандығынан болар жастардың мойыны бұра бермейтін көрінеді. Сонымен қатар мекемеге  кран жүргізушісі, бульдозер, экскаваторшы сынды арнайы техникалардың да мамандары қат екен.
Қалай дегенде де ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында шөл далаға су жеткізіліп жатыр. Бірақ, су тапшылығы қысқан мына заманда бұл ісіміз ысырап емес пе екен? Тіпті, каналдардың бәрінде жаз бойы белуардан суда тұратын мал иелері су ақысымен ісі бар ма екен? Мұны да ойлаған жөн шығар.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521