«Бай мен кедей баласын білім ғана теңестіреді» деп үнемі жастарды білімді болуға талаптандырып жүретін Олжас Сүлеймен индерлік жастармен кездесті.
Индер көп бейінді ауылшаруашылық колледжінде өткен шараға «Jas Otan» жастар қанаты Атырау облыстық филиалы төрағасы Абылай Құрметұлы, аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен студенттер, ұстаздар, жас кәсіпкерлер қатысты. «Болашақ» бағдарламасымен Қытайда білім алып, сол елде тоғыз жыл бойы тәжірибе жинақтаған Олжас Сүлеймен «Дарын» жастар сыйлығының иегері, кәсіпкер. Аспанасты елінде отандастарымыздың басын қосып, Тонгжи университетінде "International Students Association" ұйымын ашқан ол маған үнемі кішкентайымнан ата-ананың берген тәрбиесі күш берді дейді. Өзі қалаған мамандық болғандықтан елге оралып, осы салада еңбек етіп, 25-26 жасында 3000-нан аса қызметкері бар компанияның бас директоры болып қызмет еткен. Кейін АҚШ-тың Монтана штатында ағылшын тілін тереңдетіп оқып келген. Ал 27 жасында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрінің штаттан тыс кеңесшісі атанған. – Менің жетістікке жетуіме бала кездегі арман-мақсатым себеп болды.
Әкеміз еңбекке құштар етіп тәрбиелеп, дұрыс бағытбағдар беруге тырысты. Шетелге кеткенде бізді ешкім құшақ жая қарсы алмады. Түрлі жұмыстар жасадық. Соның арқасында сол елдегі кәсіптің қыр-сырын үйрене бастадық. Мен де елімізді әлемге танытатын компания құрғым келді. Жетістікке жету үшін тек басқа елге кету жеткіліксіз. Алғаш Гарвардқа барғанда қабырғадағы жазу көзіме түсті. Ол жерде: «Табиғат бермеген нәрсені саған Гарвард бере алмайды» деп жазылған болатын. Дәл солай, адам өзі ұмтылу керек. Мысалы, қазақ зиялысы Әлихан Бөкейханов «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп текке айтпаған. Еңбек, білім, арманмен қатар, мінез болуы керек. Бүгінде ағылшын тілі – әлемдік деңгейге мүмкіндік ашатын құралдардың бірі. Қазір барлығымыз соңғы шыққан смартфонды аламыз, жаңа киім аламыз. Бірақ, бірін тоқтатып, ағылшын тілін білесің бе десеңіз, жоқ деп жауап береді. Сондықтан, өздеріңізге білім алуға инвестиция құюдан аянбаңыздар. Кітап оқып, керек тұсын түртіп алып пайдаға жарата алуымыз қажет, – деді Олжас Сүлеймен. Жиынға қатысқан досы, Қытайда бірге білім алған Анар Аймағамбетова Қытайдағы қызықтарымен бөлісті. – Біз оқуға бара жатқанда пойызда танысқанбыз. Оның оқуға деген талпынысы жақсы болды. Оның Қытайдағы қазақ студенттерінің басын қосатын ұйым ашу мақсаты болды. Ақыры, сол мақсатына жетті, – дейді ол.
Сонымен қатар, жастарға М.Әуезовтың «Абай жолын», Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін», Күләш Ахметованың «Бабалар аманаты» мен «Шуақты күндер» кітабын түсініп оқуды, нағыз кәсіпкер болам десеңіз сол бағыттағы кітаптарды оқып, үйренуді ұсынды. Ал, кездесуге қатысқан «Көктем» қазақ орта мектебінің мұғалімі Асел Саргойшина жиын ұйымдастырушыларына алғысын білдірсе, көрермендер сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Шара соңында аудан жастары Олжас Сүлейменмен естелік суретке түсіп, әдемі кездесу үшін алғыстарын білдірді.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ