Ол Елтайдан шыққан Есенжол еді

«Сөз қадірін – өз қадірім» деп ұққан аталарымыз оның түбін түсіріп, жетесіне жеткізген, сайланып тұрған жауды да, байланып тұрған дауды да бір ауыз сөзімен тоқтатып, түйінін тарқатқандарды әрқашан төбесіне көтерген ғой.

 

Міне, сол ретпен Жайық бойын жайлаған қалың жұрттың сондай асылдарының бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-драматург Есенжол Домбаевтың туған жері төсінде шығармашылық кешін өткізуді көптеп күтіп жүрген еді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, сол бір игі шараның реті жазушының 80 жасқа толған осы көктемде келіп, оған Алматы, Астанадағы көп жұрт қазақ руханиятының қайнар көзі танылған ауылға ағылды.

Олардың арасында Есенжол ағамыздың жары Сәуле Ғайниденқызы ұрпақтарымен, Қадыр Мырза-Әлінің жұбайы Салтанат Мырзалиева,   Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабайқызының болып, сөз сөйлеулері, тілек арнаулары бұл шығармашылық кештің шырайын ашып, әрін келтірді. 

Жаңа мәдениет үйіндегі сахнада алдымен өнерпаз Бақберген Болатұлы  Табылды Досымовтың Есенжол ағасына арнаған «Бір түп жусан» атты мөлдір сағынышқа толы шумақтарын көпшіліктің жадына оралтты. Одан соң  жазушының өмірбаяны, шығармалары тағы бір таныстырылған соң-ақ «Қыран қанатты қаламгер» атты шығармашылық кештің тізгінін Президент сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов ұстап, бұл шараға қолдау білдірген облыс пен аудан басшылығына, жиылып келіп отырған жерлес оқырмандарына рахмет айтумен сөзін бастады.

-Бүгін  Дендер үшін, біздің мына қасиетті топырақ үшін ең елеулі, қасиетті күн болғалы тұр. Өйткені, осыдан бір-екі күн бұрын Есенжол Домбаев деген қазақтың қабырғалы жазушысының туған күні болды.

Мен қазақтың кез келген баласының өз жазушысын біліп жүргенін қалаймын. Оның аты-жөнін ғана емес, оның шығармашылығын білсе деймін. Сол білуге тұратын жазушымыз осы-Есенжол ағамыз.

Есенжол Домбаев-қазақ әдебиетіне тұңғыш сатиралық екі романы –диалогия «Жаман жәутікті» әкеліп, сол арқылы тұңғыш сатирик-жазушы болып тарихта қалды. Жалпы әлемдік әдебиетте мұндай сатиралық роман жазу онша көп бола бермейтін оқиға. Ол оқуға тұратын еңбек. Оны оқып шығыңыздар деген өтініш айтқым келеді. Күні кеше бес томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Есенжол ағамыз тек сатирик жазушы емес, ол прозалық әңгімелер, повестер жазған адам. Және жазғанда өте керемет, қазақтың психологиясын, жан-дүниесін түсініп, өзінің елін, топырағын сезініп ғажайып шығармалар тудырған жазушы. Сонымен бірге Есенжол Домбаев қазақтың үлкен де мықты драматургтарының бірі болып саналады.

Оның қаламынан 30 шақты пьесасы дүниеге келді. Оның пьесаларының барлығы Қазақстан театрларында қойылды десем, өтірік айтқандық болмас деп ойлаймын,-деп  шараға қатысып отырған апаларына да  лебізін білдіріп, рахметін айтты. Жазушының үш ұлының кішісі, әке жолын қуып қос тілде шығармалар жазатын  Қуат Есенжолұлын көпшілікке таныстырып, жылы тілегін арнап, шараға сәттілік тіледі.

Ал Есенжол ағамыздың ежелден жұмыстасы әрі көршісі болған жазушы Ғаббас Қабышев сөзінде:-Менің бір білетінім, қазақ барда Есақаңдай қаламгерлер әлі шығады. Осы залда жастар көп екен. Соларға мынаны айтқым келеді. Айналайын жас ұрпақ, сендерге тілейтінім, адам болып келген дүниеден адам болып кету керек. Менің сөзім емес, бұрында естіген, өз жадымызға түйгеніміз.

Ол үшін әрқашан адал әрі әділ болу керек. Ешкімнің неше түрлі құйтұрқы-сұйтырқысына сенбей, ермей, көз көргенді айтып, халыққа, адамға, қоғамға адал болуға ұмтылыңдар, бізге сол керек,-деп сөзін қорытты.

Осы ортада Әбіш ағаның жары Клара Жұмабайқызы айтқан мына бір тілек сөз көптің көңіліне қона кетті:-Есақаны төрт-бес үлкен болса да аға тұтып алдымызда ұстайтын едік. Сол кезде Алматыда қазақ тілін, салт-дәстүрін жақсы білетін 15-20 жас жігіт қалыптасты.

Жалпы бір кемпірге қарап өсіп, бір кемпірдің қойнынан шыққан оларға ешкім сен білім ал, оқы, азамат бол деп ешкім де айтқан емес. Олар өздерінің талаптары мен таланттарының арқасында өсіп- жетілді.

Олар мектеп қабырғасынан талаптанып, айтатын сөздерін айта алды, өлеңдерін оқыды. Олар жоқ, қиын заманда өскендіктен де бір-бірін жақсы сыйлап, халыққа қадірлі болды,-деп салмақты оймен көңіл қылын шертті.

 -Әлеумет, аса бір мәнді, маңызды шараға қатысып, қолымызға түсе бермейтін қонақтарды қабылдап отырмыз. Әңгіменің түйіні Есенжолдан басталып тұр ғой. Алдымен осыны қолдаған Жазушылар одағына, облыс пен аудан әкімдігіне бек рахмет, бұл тілекке барша да қосылады деп есептеймін. Есенжол Жайық бойының, Елтайдың төл азаматы.

Осындағы мектепте 1958 жылы Есенжол онжылдықтың мен сегізжылдықты бітіру емтиханын тапсырдық. Сонда ол орыс әдебиетінен бестік баға алып, Халиолла Өмірғалиев деген ғұламаның мақтауын естіген еді.

Шынында ортамыздағы Ғабекең де жақсы біледі, кемшілікті көп көрдік, сынайтын едік,  «Сын шын болсын, шын сын болсын» дегенді көп айтамыз да, бірақ сол сыншыларды қолдаушылар аз болды ғой.

 Соның кесірі де көп тиді, әсіресе дәріптеуге келгенде көп мырзалық таныта бермеді. Соның кесірінен де 80 жылға келгенше Есенжолдың мерейтойлары республикалық деңгейде атап өтілмегенін ешкімнен жасыруға болмайды. Шынында да көңілімізге келіп жүрген жайлар осы. Енді түлейін деп жатыр екен. Өте жақсы, 80 жылдығы құтты болсын. Кітап оқы деп жатыр, шындығында кітапты қайда оқитынын әлі көпшілік білмейді қазір.

Кез келген ауылда кітап дүкені болды. Қазір жазушы мәртебесі, кітаптың қасиеті жоғарыласын десек, кез келген ауылда, ауданда кітап дүкені болса артықтық етпес еді дегіміз келеді.

 Ал, Есенжол – шебер жазушы. Әсіресе, тақырып қоюға шебер еді. Құрметтеуге тұрады, оған әбден лайық жан,-деп сөзін қорытқан Қазақстанның Құрметті журналисі Ерсайын Көшек, Қадір Мырза-Әлі мен Әбіш Кекілбаев туралы да ойын қосып, Жүрсін Ерманның «Ақылман әйел-ақынның бағы» деген ойын қайталап, өз ризашылығын ортаға салды.

Әр жыл сайын алыстаған балалық сағынышын арқалап, Жайық бойындағы Елтайына бір соғып кетпесе, тамағы ас болып дарымайтын Есенжол ағаға арнаған сәлемдемені М.Сиранов атындағы орта мектеп шәкірттері орындағанда  көпшілік толқып кетті.

Шығармашылық кеште өнерпаздар Еркін Әубәкіров Т.Досымовтың «Дендер қонақтарына арнау», Сабыржан Қабдолов Е. Жақыпбековтің «Өнер адамы», Мұратбек Жұмашев Қадір Мырза-Әлі мен С.Бәйтерековтің «Кездер-ай», Айгерім Нығметова Т.Базарбаевтың «Тамаша» әндерін шырқады.

Ал көркемсөз шеберлері Айдос Таженов, Рабиға Бәдел, Аида Сәрсенова, Бірлес Бекет Әбіш Кекілбаевтың, Қадір Мырза-Әлінің «Махамбеттің қызғыш құсы», «Аспан жырлайды», «Дүниеде кім мықты, адам мықты», «Жоқ! Провам жоқ өлуге» атты  шығармаларын көркемдей оқып, көпшілік пен қонақтардың зор ықыласына бөленді.

«Өмір теңіз-жүзіп өтем демеңіз, ізгі тілекпен жаралмаса кемеңіз» демекші, кештің соңына таман сөз алған аудан әкімі Серік Арыстан   кеш қонақтарына деген ыстық ықыласын арнай отырып, Елбасы айтқан: «Жалпы талант дегеніміз – адамға  Алланың берген сыйы. Ал адал еңбек, адамның өз алдындағы, елінің, Отанының алдындағы жауапкершілігі» деген еді.

 Міне, біздің Есенжол ағамыз Алланың берген талантымен, өзінің туған жері осы Индер ауданындағы әкенің қанымен, ананың сүтіменен, туған жердің топырағымен енген, адал еңбекке деген өзінің іс-әрекетінің арқасында қазақтың қабырғалы жазушыларының біріне айналды.

 Біз, индерліктер, сол үшін де Есенжол ағамызды мақтан етеміз, үнемі еске алып жүреміз,-деп сыр тиегін ағытып, атақты тұлғаларды саралап, туған жердің қасиетін ардақтап, алға тартып, үлгі тұтты.

Бұл шара ауданның 90 жылдығына арналған шаралар легіне қосылып отырғанын, мұны қолдаған Жазушылар одағына, қонақ апаларымызға, дос-жолдастарына ризашылық сезімін жеткізіп, ағаның жары Сәуле апа бастаған қонақтарға құрмет көрсетіп, құттықтау хат тапсырып, сыйлықтар ұсынып, ұлттық әрмен әрленген камзолдар кигізді.

Сол сәтте үлкен жүректі жазушы, драматургтің жары Сәуле Ғайниденқызы сөз алып, барша ұрпақтары атынан жерлестер мен ұйымдастырушыларға  ризашылық сезімін жеткізіп, рахметін жолдады.

Ал шығармашылық кештің бірінші бөлімі жерлестеріміз Ескендір Хасанғалиев пен Қадір ақынның «Атамекен» әнін зал толы көрермендердің тік тұрып шырқауымен қорытындыланып,  одан әрі Жарсуат халық театры  (жетекшісі Мұрат Таласов) дайындаған және көпшілікке жылы әсер сыйлаған  Е.Домбаевтың «Ар» драмасымен жалғасты.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521