Шопанның мәртебесін көтеру қажет

Еліміз үшін азық-түлік қорын қалыптастыру мәселесі өткір тұрғанымен әлі күнге нақты шешімін таппай келе жатыр. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығын, оның ішінде халықты ет-сүтпен қамтамасыз ететін мал бағу кәсібін дамыту алғы кезекке шығып отыр. "Құнарлы ас алдында, мынау табысың"десе де қойдан ұшынғандай. Бұл салаға жан жуықтар емес. Ал барының қадірін кім біліп жатыр? Сары қымыз сапырып, сайран қуған қазақ даладан неге жерінді? Міне осы жөнінде "Нұрет"ШҚ басшысы, аудандық мәслихат депутаты, Қазақстан фермерлер одағының Индер ауданы бойынша төрағасы Ілияс Мұрат Қайреденұлымен сұхбатдасқанбыз.

- Мұрат Қайреденұлы, азық-түлік қауіпсіздігі туралы айтқанда мал шаруашылығына қайта айналып соғатынымыз белгілі. Осы сала қоғамнан өз орнын таппай тұрған жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?

- Шынында да бұл сала өз орнын айшықтай алмай отырғанын оған қызығушылықтың жоқтығынан аңғаруға болады. Мына ақпарат беттеріндегі жарнаманың өзінен көріп отырсыздар еңбекақысы айына 100-150 мың теңгеге қойшы таба алмай отыр. Таза ауа, құнарлы тағам. Бірақ ешкім оған барғысы келмейді. Есесіне 30 мың теңгеге көше сыпырғанды, әркімнің жүгін түсіргенді қанағат тұтады. Неге? Біріншіден, қазір ешкім жан қинап жұмыс жасағысы келмейді. Екіншіден, малшының қадірін кетіріп алдық. Малы керек, өзін де шаруамыз жоқ. Тіпті, кей жағдайда төмен санаймыз. Үшіншіден, еңбекақы төмен. Малшы болғанда әр түліктің өз ерекшелігі бар. Мысалы, сиыр, түйе, жылқыға соңынан ере бағудың керегі жоқ. Бағымы жеңіл. Қиыны қой. Мұнда сегіз сағат жұмыс жасау, сенбі, жексенбі деген болмайды. Таңның атысы, күннің батысына дейін тыным жоқ. Қыста сақылдаған сары аяз, жаз болса шілденің ыстығының астында жүреді. Түн итқұстан күзетеді. Осыдан кейін мұндай азапқа кім төзіп барады? Жұмыс уақыты сегіз сағат, бес күнге есептелгенмен мұндағы уақытты көріп отырсыз.

- Сонда не істеу керек деп ойлайсыз. Малды да жаңаша бағу керек емес пе?

-Әр нәрсенің өз реті, кілті бар. Сондықтан да нағыз малбегілер үшін мұның көп қиындығы жоқ. Өйткені, оның бәрі олар үшін күнделікті жұмыс барысы ғана. Алайда Шопан Атаның қадірін қайтаратын уақыт жетті. Мысалы, Кеңес өкіметін жамандағанмен оның да озық тұстары бар. Ол заманда бәрі ғылымға негізделген. Шопан деген атқа екінің бірінің қолы жете бермейтін. Аға шопан болу үшін қозы, тұсақ бағып, тәжірибе жинап содан кейін аналық малын бағады. Ол кезде шопан мәртебесі мұнайшылардан да жоғары болатын. Жаз айы болса шопандар жұрт қатарлы курортына барды. Тіпті қырдан келіп тұр ғой деп кезексіз өткізіп жіберу сияқты көзге көрінбейтін қолдаулар болып жатты. Әйтеуір, қойшының сыйлылығы бар. Оны өзі де түсінді. Содан да мал бағуға жұрт шыдады. Қазір осының бірі жоқ. Енді заман өзгерді. Заманына қарай амалы деген. Австралия сияқты елдердегідей 500 га жерге мыңдап қой бағуға біздің жеріміз қаншалықты сай келеді. Олар әлдеқайда алға кеткен. Бәрі автоматтандырылған. Малды дронмен бағады. Не болмаса, үлкен мал бордақылау алаңы бар. Бірақ, бұған да сулы жер, құнарлы азық қажет. Жалпы заманауи жетілуіміз міндетті. Онсыз болмайды. Өзгеруіміз қажет. Оны қожалық иелері өздерінен бастауы тиіс. Алайда менің ойымша оған кешенді дайындық қажет. Жерді құнарландыру, малды семіртетін шөптің түрін егу керек шығар. Бәрі ғылымға негізделсе игі. Қысқасы қойшының қадірін көтеру үшін зейнеткерлікке ерте шығу, демалыс орындарына арнайы квота белгілеу, олардың балаларының қабілетіне қарай жоғарғы оқу орнына грандт беру, орталықтан үй салып беру сынды басқа да жеңілдіктер болса, әрине мал бағуға деген қызығушылық артады. Бүгінгі күнде тепсе темір үзетін жігіттердің жұмыс іздеп сандалып жүруі қынжылтады.Қазіргі уақытта мал шаруашылығымен айналысу табыс көзі екенін заман көрсетіп отыр. Сондықтан, казіргі жастарымызға мал шаруашылығын заманауи өзгерістерді пайдалана отырып ата-кәсібімізбен айналысса деймін.

- Мал азығы деп қалдыңыз. Біздің өңірде жем-шөп қоры мүлдем жоқ қой?

- Кеңес өкіметі кезінде мал бұдан бірнеше есе көп болды. Ал мал азығын көрші облыстардан және суармалы алаңдардан дайындады. Мысалы, «Амангелді» атындағы қой совхозының дұрыс суландыру жүйесі болды. «Передовик» совхозы 80% мал азығын суарылмалы жерден дайындады, яғни жоңышқа егіп өсірді. Енді осы екпе шөпті қайта жандандырмаса мал ұстау мүмкін емес. Биылғы қуаңшылық соның айғағы, ауданда шабындық жер жоқ. Алайда осы екпе шөпке берілетін субсидия ережесінде шаруашылықтың ыңғайына қарай жасау керек деп ойлаймын. Қазір егіншілерге жіберілген судың 80 пайызын мемлекет өтейді,алайда суды пайдаланар алдында шаруашылық қаржысын толық төлеу керек,субсидия содан кейін төленеді. Ал жан-жақты бизнесі дамыған адам болмаса шаруа қуған адамның қолма-қол ақшасы бола бермейді. Жанар, жағармай да солай. Мұнай өзімізден шыққанмен сольяркаға жарымаймыз. Не болмаса жеңілдетілген түрі деп 10 тоннасын бір алыңдар дейді. Ал ол шамамен 1 млн. 800 мың теңге деп алайық. Кім алады оны? Қапелімде кім біріге қояды. Айналып келгенде артында тірегі бар ірі шаруашылықтар дами береді де, байырғы малшылар ұсақталып қала береді. Айта берсе әңгіме көп қой.Сонымен қатар биыл шаруагерлер жер асты суы тапшылығын көріп отыр, соған байланысты жер асты суын зерттеу қажет. Мысалы, бүгінгі жаһанды жайлаған жаман аурудың өзінде шұбат, қымызға сұраныстың артқаны соншалық сонау Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп жатыр. Ал бізде Махамбеттегі «1-Май» ірі шаруа құрылымына мыңдаған асыл тұқымды сүт беретін сиыр әкелінді. Ол қаншалықты қамтиды. Ондай сүт беру үшін оған үлкен жем-шөп базасы керек. Сондықтан да менің ойымша шағын кәсіпкерлікті дамытпай болмайды. Мал өнімдерін қабылдайтын нысандар жұмыс жасап тұрса, әркім ет, сүт, жүн-терілерін тапсырып, алаңсыз малын баға берер еді.

- Дегенмен мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікті дамытуға несиеберіліп жатыр. Қайтарымсыз гранттар бар. Мүмкін тұрғындар тарапынан жай қозғалыс та бар шығар?

-Қазақ десек өзімізге тиеді қой алам деп той жасаған кездер де болды. Бірақ, ол бәрібір шарбақтағы малының басын сақтап қалды ғой. Айналып келгенде солай. Одан да басқа мысалы, азық-түлік қорын жасақтауға байланысты шаралар қабылданды. Не болды? Нәтиже қайда? Менің ойымша бәрібір ауыл шаруашылығы саласына түбегейлі өзгеріс қажет. Қаладан келіп, бізді ешкім жарылқамайды. Әрине, мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетіліп жатыр. Халықтың өзі де сауатын ашып тәуекелге баруы қажет.Ол үшін «БизнесБастау» сынды курстар ашылып арнайы оқытып жатыр.Шағын кәсіпкерлікке қайтарымсыз қаржы беріліп жатыр. Ол едәуір көмек деп ойлаймын. Кепілге міндетті түрде үй немесе сондай жылжымайтын мүлік қажет. Сондықтан да несиелендіру саясатына өзгеріс енгізіп, шаруагерге қолжетімді болғаны жөн.

- Малды асылдандыру ісі қаншалықты жолға қойылды деп ойлайсыз. Әлде бұл бағытта да олқылықтар бар ма?

-Біздің ауданда асыл тұқымды мал өсірумен «Алға-1», «Асыл-Агро» және «Құлыншақ» сынды үш ірі шаруашылық құрылымы айналысады. Бұлардың малдан басқа қосалқы шаруашылықтары бар. Экономикалық қуатты. Сондықтан да олар таза малмен шұғылданып, табыс тауып, жетістікке жетіп отыр деп айта алмаймын. Ал байырғы малшылар бұған қол жеткізе алмай отыр. Оның түрлі талаптары бар. Оған екінің бірінің батылы, сауаты жетіп, кірісе алмайды. Субсидияның өзі өзгеріссіз 5- 7 жылға дейін тұрақты берілсе, аяқтан тұрып кетуге, белгілі бір өнімді өңдеп кетуге демеу болар еді. Өйткені, алдағы жоспарын соған сай белгілеп, кіріс-шығысын түгендеген шаруашылық алаң болмауы тиіс. Ал бізде биыл берсе, келер жылы не боларын білмей отырады. Сайып келгенде ол шаруашылықтың даму жоспарына әсер етеді Тағы бір айтатын нәрсе шалғай елді мекендерде инфрақұрылым жоқ. Онсыз кешенді кәсіппен айналысу тағы мүмкін емес.

- Қай сала болмасын ғылыми жұмыссыз нәтиже беруі екі талай. Қазіргі ауыл шаруашылығы мамандарына көңіліңіз тола ма?

- Ғылыми жұмыс дегенде бұрын далаға қияқ, құмаршық, совет өкіметі кезінде изен, басқа да шөптердің тұқымдарын әкеліп екті. Арнайы мамандар күтімге алды. Бірі құм тоқтатуға себеп болса, малды семіртетіні де бар. Қазір оның бәрі жайына қалғаны өз алдына олардың тұқымын жоймау үшін күресу қажет. Қойшының бәрі қыстақ басында отыр. Айналасы қызыл құмға айналған.Жазғы жайлау жоқ. Менің ойымша ол дұрыс емес. Ветеринар, зоотехник сынды мамандардың рөлін арттыратын уақыт жетті. Олай жасамасаң да уақыт талабы соған алып келіп отыр. «Дәрігер адамды, ветеринар адамзатты емдейді» деген ветеринария саласына айрықша көңіл бөлінгені жөн. Өйткені мал ауырса адамға да қауіп төнді дей беріңіз. Қайткенде де «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір» деген.Мал шаруашылығына жаңаша бетбұрыс қажет-ақ.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жанай АМАНТУРЛИН

Сурет дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521