"Менің баллоныма тиіспеңдерші..."

Иә, қазіргі уақытта пневмония немесе коронавируспен ауырып жатқан науқастардың көздеріне кислород толтырылған баллон өмір сыйлайтын періштедей көрініп тұрғаны айтпаса да хақ.

Тіпті кейбір науқастар бір баллонның өзіне қанағат тұтпай, іштей аласұрып жатқан кезде, ішіндегі ауасы бітіп қалса келесісі бола ма, жоқ па деп уайым шекпес үшін кейбіреулерге тіпті қосымша тағы бір баллонды көзіне көрініп көңілі тыншысын деп қасына қойып жатқан кез. Сол сәтте қасында жатқан 2-3 науқас: "Айналайындар, менің де ентігіп демалуым қиындап бара жатыр" дегенін естіген бойда, әлгі 2 баллонды иемденген науқастың түрі бірден бозарып, оларға білдіртпей қолын сілтелеп "Менікіне тиіспеңдерші, иәә?!", - деп сыбырлай жалына қараған жанарына қарап шыбын жанның қаншалықты тәтті, бір жұтым ауаның қаншалықты қадірлі екенін сезінеді екенсің.

Біздің міндет олар тыныс алып жатқан баллондардағы кислород таусылған бойда лезде ауыстырып отыру емес, сөзбен де, көңілмен де дем беру. Қазақ "бір ауыз сөз жүректің дәрігері, бір ауыз сөз жүректің әбігері" дейді. Расымен де олардан он метр әрі жүрмей, әр обход сайын жанына жақындап, халін сұрап, кислородты үнемдемей, тез жазылып кету үшін еркін пайдалана беру керектігін айтқанда қуаныштан көздері мөлтілдейді. Көп нәрсе айтқысы кеп жатқанын сезіп, "көздеріңіз айтып тұр ғой рухыңыз мықты екенін, әлі-ақ аяғыңыздан тік тұрып шауып кетесіз, апа!" деген сөзге балаша мәз болып, есіміңді сұрап, әңгімеге тартқысы келетінін қайтерсің..)))

Бірақ, ол жерде одан бөлек тағы жүздеген науқас бар, оларды да ойламауға болмайды. Қазіргі уақытта еріктілер облыстық аурухананың ескі ғимаратында науқастардың қасында 2 ауысыммен (күндіз ж/е түнгі) қызмет көрсетіп жүр. Бәлкім қазірдің өзінде еріктілер дегенді оқып, 15-20 адам шапқылап, көмектесіп жүргенін елестетіп отырған шығарсыз. Жооқ! Бар болғаны күндіз екеу, түнде екеу ғана. Неге? Өйткені қазір көпшілік пневмониямен ауырып жатқан адамдарды коронавируске шалдыққан деп біледі (мүмкін солай да шығар). Жүректері дауаламайтын тәрізді. Қасымдағы Арман есімді еріктінің әлеуметтік желідегі постына (өзімді осы жаққа сүйреп әкелген осы пост болатын жалпы) 1 күннің ішінде 10 мыңнан аса адам лайк басып, 7 мыңға жуық пікір қалдырыпты. Бірақ, осыны оқып 10 ерікті келіп, 7-еуі баллон тасып жүрген жоқ. Түсінуге де болады.

Кім қараптан-қарап ауру жұқтырып, өлгісі келеді дейсің. Сол сәт Атыраудың Құдай берген ыстығында (аурухананың ішін айтпай-ақ қояйын) ақ комбинизонның ішінде терің суша ағып, таңдайың жабысып жатса да су ұрттауға уақыт таппай, 90 кг баллонды жалғыз өзің баспалдақтың бірінші сатысынан екіншісіне көтеруге ышқынам дегенде белің қырт ете қалғанда еріктілікті ерлік деп санамасам да ерен іс екенін білдім. Кейбір кәсіпкерлер санаулы волонтерларға арнап қой сойып, ыссы тамақ ішсін деп сорпа әкеліп ек дегенді естіп, жанымызда тұрған өзге дәрігерлер: "Іште де 40 врач пен медсестраларға да тамақ керек еді" деген лажсыз үнін естіген кезде тәбетің мүлдем қашып кетеді екен.

Көршісі аш болып, өзі тоқ ұйықтаған мүмкін, бірақ шынайы мүмін емес дейді емес пе мұсылмандар. Қарусыз майданда дамылсыз жан кешіп жатқан дәрігерлеріміздің қазіргі жағдайы шыны керек осындай!!!

Міне, осылардың барлығы өзімнің басымнан 6-ақ сағатта ғана өтті. Ал, мұндағы кейбір еріктілердің жүргендеріне бүгін 6 күннен асыпты. Қалжырағандары көрініп-ақ тұр, бірақ берілгілері келмейді. Үлгі тұтуға тұрарлық адамдар дәл қазір жаныңызда жүруі мүмкін. Бағалай білейікші!

Атыраулық ерікті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521