"МЕЙІРІМДІ БАЛАДАН АЯМАУ КЕРЕК"

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сағынова Әзила Қисметқызы, өмірлік жолдасы Сыйлыбай Мұхсимов жерлестеріне белгілі - саналы ғұмырында мұғалім болып шәкірт тәрбиелеген қарапайым жандар.

Өнегелі отбасынан өнген ұл-қыздары да бүгінде елге белгілі азаматтар.

Әзила Қисметқызы Ресейдің Саратов облысы Алғай елдімекенінде өмірге келген. Қазақ мектебі болмаған. Атасы Сағын «Ұрпағым өзінің ұлтынан, ана тілінен ажырап қалмасын» деп көршілес тарихи Отаны, Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Талдықұдық ауылындағы ағайынның үйіне жатқызып оқытады. Кейін басқа да балаларының оқуы үшін де осы ауылға көшіп келген. Әзила Қисметқызы жасынан білімге құштар болып өседі. Әсіресе мектепте сынып жетекшісі Тойғанға еліктеп, физика мен математика пәндерінен жақсы оқиды. Гуманитарлық пәндерден де қалыс қалмайды. 1970 жылы мектептің мемлекеттік емтиханында сол кездегі көсем Лениннің 100 жылдығына орай жазған шығармасы 5-тікпен бағаланады.

Өзі қалаған Орал қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түседі. Институт қабырғасында жүріп өзімен қатарлас дене тәрбиесі факультетінде білім алатын Индердің перзенті Сыйлыбай Мұқсимовпен танысып, көңілдері жарасады. Екеуі де институтты тәмамдаған 1974 жылы–ақ Сәкең сүйген қызын ауылға келін етіп түсіргісі келеді. Ал Әзила болса «Әуелі тәрбиелеп өсірген ата-анамның қасында еңбек етіп нанымды жегіземін» деп ауылына оралады. Бұл кезде Сәкең де ауылда қарап жатпай сүйген қызына Өрліктен мотоциклмен қатынап тұрады. Көп кешікпей құда түсіп, Өрліктің қырындағы ата-анасының үйіне 1975 жылдың тамыз айында келін түсіреді.

Отау құрғасын Өрлік ауылында Сәкеңмен бірге мектепке пән мұғалімі болып, оқушыларға тәлім береді. Көп кешікпей жас мамандарды аудан орталығына шақырып, Сәкең аудандық спорт мектебіне директор болып келсе, Әзила Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке пән мұғалімі болып ауысады. Осы мектепте ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Отбасында Салауат, Бекболат, Салтанат атты ұл-қыздарын өсіріп тәрбиелейді. Ұлы Салауат Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын аяқтайды. Қазір «Мемлекеттік және жергілікті басқару» профилі бойынша PhD докторы.

Еңбек жолын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университенің оқытушысы болып бастаған. Кейін Парламент Сенаты аппаратында, Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде түрлі лауазымдарды атқарады. Агенттікке қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Департаментінің директоры, Қостанай облысы бойынша Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің Төрағасы болды.

Ал 2020 жылдың ақпан - 2021 жылғы мамыр айлары аралығында – Агенттіктің Атырау облысы бойынша Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің Төрағасы болып қызмет атқарғанын жақсы білесіздер. Бүгінде ол Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры лауазымын атқарады. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальмен марапатталған.

-Әрине, 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың бастапқы уақытындағы еліміздегі қиыншылық қысқан кезеңдерінде университетте бала оқыту оңай болған жоқ. Басқа да бюджеттік қызметкерлер секілді мектепте мұғалімдердің жалақысын кешіктіріп, қиналып қалған кездеріміз де болды. Амал жоқ, банктен шұғыл түрде несие де алуымызға тура келетін.иАбырой болғанда ұлым Салауат университетін қызыл дипломмен аяқтады. Әрі топ басшысы болып, қоғамдық қызметтерде де қатарластарының алды болды. Университеттің оқытушысы болып еңбек жолын бастағанда кейінгі бауырларына қамқорлық жасап, ата-анасына түскен ауыртпалықты жеңілдетті, - дейді Әзила Қисметқызы ұлына риза болып.

Бүгінде ұлы Салауаттың Әсел атты келіні, Аввал, Севил, Лина атты ұл-қыздары бар. Қолындағы екінші ұлы Бекболат келіні Мамлакат екеуі Ерасыл, Бекарыс, Сабина, Медина, Ильяс атты немерелерін сүйгізіп отыр. Ол да жоғары оқу орнын тәмамдап, қазір мұнай саласында еңбек етеді. Қызы Салтанат Индер аудандық әкімшілікте жауапты қызмет атқарғанын білесіздер. Ол да қазір Нұр-Сұлтан қаласында қалалық әкімшіліктің мәдениет бөлімі басшысы.

- «Әке – асқар тау... дегендей, әке – отбасы тәрбиесіне, бітім-болмысына ықпалы зор ғой. Әкеге қарап үлгі-өнеге алады, бой түзейді. Балаларым да спортқа жақын болып, сабақтан бос уақытында күреспен шұғылданды. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүрді. Балаларымыздың жасынан адал да әдепті болып өсуіне, түрлі жаман әдеттен алыс жүруіне баса назар аудардық. Балаларға әкесінің адалдығы, адамгершілігі, көпке болсын деп тұрған мейірімділігі дарыған деп ойлаймын, - дейді кейіпкеріміз Әзила Қисметқызы.

                                                                                                                                                                                                          С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521