Мақсат - отбасын қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында ауданда  Отбасын қолдау орталығы ашылып, қызмет көрсетуде. Мейірім азайып, қамқорлық көрсетуден алыстап бара жатқан бүгінгі қоғамның қасіретіне айналған тұрмысы төмен, психологиялық тұрғыдан әлсіз отбасылар мен адамдардың, оның ішінде балалардың бар болуы және олардың санының жыл санап артып бара жатқаны кім-кімді де алаңдатады. Ендеше осындай санатқа жатқызылған немесе аталған орталықтың көмегіне мұқтаж жандар хабардар болсын деген ниетпен Отбасын қолдау орталығының директоры ғизатов Жанболат Самиғоллаұлымен арнайы сұхбаттастық.

– Жанболат Самиғоллаұлы, отбасын қолдау орталығы туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Президент тапсырмасына сәйкес, «Индер аудандық отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.

Мекемеге 18 қызметкерге штат саны белгіленген. Әзірге 7 адам қызмет көрсетуде. Наурыз айының соңына дейін толық штат бойынша мамандармен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Орталықта қызмет алушыларға жеке бастарындағы мәселелерге сәйкес экономикалық, заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмектер тегін көрсетіледі. Бұл қызметтер қызмет алушыларға жаңа ортада бейімделу, оңалту, отбасылық қолайсыздықтың, өмірлік қиын жағдайдың, зорлық-зомбылықтың алдын алуда үлкен  рөл атқарады.

Ғимарат Д.Қонаев көшесі, 16 үйде орналасқан. Аптасына бес күн, сағат 9.00-18.30 аралығында қызмет көрсетеді. Мамандар тұрғындарды қабылдап, тегін кеңес береді. Сондай-ақ кеңесті 8778-388-75-69, 8702-459-18-36, 8701-616-62-66 телефонына хабарласу арқылы алуға болады.

Айта кетерлігі, мекеме халық үшін қажетті қызмет көрсетеді.

–  Өзіңіз басқарып отырған орталық аталған мақсатқа қол жеткізу үшін қандай қызмет түрлерін ұсынады?

– Орталық әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау  көрсету мақсатында жұмыс жасамақ. Мемлекеттік отбасы саясатының шараларын ақпараттандыру және мониторингілеу, некені және отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ашылып отырған аудандық отбасын қолдау орталығы  өткен жылдың қараша айында жұмысын бастап кетті.

Отбасын қолдау орталықтарын құру бағытында орталықтың қызметін жүзеге асыру үшін Индер ауданы әкімінің 18 қараша 2024 жылғы №38 санды өкімімен мобильдік топ құрылды. Бұл дегеніміз – тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қадам. Өйткені әрбір отбасы – қазақстандық қоғамның негізі. Осы мекеме арқылы көмекке мұқтаж тұрғындарымызға барынша жәрдемдесіп, отбасылардың әл-ауқатын арттырамыз деп сенеміз.

 Сондай-ақ, бұл орталық қызметкерлерінің де қиын жағдайға тап болғандардың әлеуметтік және жеке дамуына барынша қолдау көрсететініне сенім білдіремін. Жаңа мекеме отбасылардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға ықпал етіп, тұрмыстық қиындықтарға тап болған азаматтарды жан-жақты қолдап, жастарға отбасы құндылықтарын насихаттап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүзеге  асырады.

Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілетін болады. Яғни өз құқығын қорғау,  жергілікті атқарушы органдар арқылы жұмысқа орналастыру, басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша тұрғындарға кеңес береді, қиын жағдайға тап болғандарға психологиялық қолдау, отбасылық дауларды шешуге жәрдемдеседі. Мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек ұйымдастырады. Жас отбасылар үшін семинар, арнайы бағдарламалар ұйымдастырады. Осылайша тұрғындарға сапалы және уақытылы көмек көрсету арқылы әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын болады.

Ақпан айында аудан бойынша кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлармен кездесу өткізілді. Мақсатымыз – орталықтың қызметі мен медиация институтын насихаттау арқылы, ынтымақтастық және бітімгершілік рәсімдеріне ықпал ету бойынша бірлескен жұмыс жасау.

– Ал тұрғындардың азаматтық, мүліктік және өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу үшін қандай шараларды қолға алдыңыздар?

– Әрине, құрылғанымызға көп болған жоқ. Сондықтан көптеген істерді атқарып тастадық дей алмаймыз. Дегенмен, қазір осы мақсатта орталық аудан аумағындағы тұрғындарға полиция, білім бөлімімен, аудандық ауруханамен, кент және ауылдық округ әкімдерімен және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдермен бірге өмірде қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қауіп-қатері бар отбасыларды анықтап, тиісті қызмет көрсетудеміз. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне, осал топтағы азаматтардың жеке қабілеттері, дағдыларын ескеріп, жұмысқа орналасуларына ықпал етеміз.

Қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау қа­лай жүргізіледі? 

Қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте  анықтау  және үйлестіру жөніндегі мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырамыз, өз құзыреті шегінде өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіреміз.

Адамның (отбасының) өмірлік қиын жағдайының, оның ішінде шұғыл көмек көрсетудің терең себептерін анықтау үшін халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестірумен аудан деңгейінде білім беру, денсаулық саласы, ішкі істер органдарының өкілдері, сонымен қатар кент, ауылдық округ әкімдері қатарынан мобильдік топ құрылды.

– Соңғы жылдары ауданымызда ажырасу көбейіп отыр. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Иә, қазір қоғамда ұлттық құндылықтардан ажырап бара жатқандықтан отбасылардың ойраны шығып, ажырасу жылдан жылға көбейіп, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсіп жатқаны бәрімізге белгілі.

Бұрын қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған ғой.

2024 жылғы 4 наурызда жаңартылған Petrelli Previtera мәліметі бойынша Қазақстан  ажырасудан әлемде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұр. Сарапшылар еліміздегі ажырасудың негізгі себебі деп туыстарының араға түсуін (61%) , моральдық шектеулердің  болмауын (41%), ажырасу процесінің жеңіл болуын (25%) атаған.

Сондай-ақ, тұрғын үй алу үшін де «ажырасып», бірге тұрып жатқандар да бар.

Осы бағытта 25.02.2025 жылы Индер ауданы бойынша кәсіпқой медиатор мен кәсіпқой емес медиаторлармен кездесу өткізілді. Мақсатымыз – ынтымақтастық және бітімгершілік рәсімдеріне ықпал ету бойынша бірлескен жұмыс жасау арқылы аудан бойынша ажырасу салдарын азайту.

– Жалпы сіздердің көмектеріңізге жүгінетіндер көп пе? Бүгінгі күні нақты қандай  статистиканы ұсына аласыз?

– Өкінішке қарай, біздің қызметке жүгінетіндер саны көбеймесе азаймайды. Өйткені тұрмыс тауқыметін тартқандар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендердің дені алдымен орталықтың қызметіне жүгінеді. 5 ақпан күні аудан әкімінің төрағалығымен аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өткізіліп, кәмелетке толмаған екі баласы бар, тұрақты баспанасы жоқ азаматшаның мәселесі қаралып, тұрғын үй мәселесі шешілгенге дейін уақытша тұруға үш бөлмелі пәтер берілді. Сонымен қатар демеушілік арқылы азық-түлік, мекемелер арқылы көрпе-төсек, ыссы тамақпен қамтамасыз етілді.

Аудан әкімінің орынбасары А.Мурзиннің бекіткен кестесіне сәйкес құрылған мобильдік топ Индербор кенті бойынша тұрмысы төмен, қиын жағдайға тап болған отбасыларды (адамдарды) анықтау мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қойылған сұрақтарына заңды тұрғыда жауап беріліп отыр. Осылайша ауылдық округтер бойынша тұрмысы төмен, қиын жағдайға тап болған отбасыларды (адамдарды) анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы қараша-желтоқсан айында аудан бойынша 8 тұрғын қабылданып, әртүрлі 11 қызмет көрсетілсе, 2025 жылдың басынан 28 тұрғын қабылданып, әртүрлі 30 қызмет көрсетілді.  

Жыл басынан бері қиын өмірлік жағдайға тап болған 28 адам (отбасылар) анықталып, осы отбасыларға жан-жақты көмек түрлері бойынша жұмыс жасалып келеді. EGOV web-порталы арқылы өтініштер беру бойынша көмек көрсетіледі. Мобильдік топпен анықталғандар саны – 5, құжаттарды рәсімдеу – 1, жұмысқа орналастыру – 4, атаулы әлеуметтік көмек – 2, денсаулық саласы бойынша – 1, тұрғын үймен қамту – 1, демеушілікпен азық-түлікпен көмек – 14. Бұндай жұмыстар жыл бойына жалғасын таба беретін болды.

Орталық қызметіне жүгінетін адамдар да осы қоғамның нақты мүшесі болғандықтан оларға барынша адамгершілікпен, түсіністікпен қарау керек. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған ересектер мен балаларды, тіпті бүтін отбасын осы қоғамдық орталарға қайта бейімдеп, оларға психологиялық тұрғыда қолдау білдіріп, аяғына тұрып кетуіне барлығымыз қолдан келгенше көмек көрсетсек, құба-құп болар еді. Өйткені өмірден өз орнын таба алмаған адамдардың тұрмыстық қылмыстарды жасауға деген бейімділігі де өте жоғары болатыны белгілі. Сондықтан оларды қатарға қосуға қоғам болып атсалысуымыз керек деп есептеймін.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT