Бүгін Индербор кентіндегі Бейбарыс көшесінде орналасқан жаңа арбаттың ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі М.Қалауи арнайы қатысып, аудан тұрғындарын құттықтады.
«Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде, Индер ауданында бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 6 ауылдың ішкі жолдары жаңартылып, тұрғын үйлер салынып жатыр. Инфрақұрылымдық жобалар халық игілігіне берілді. Өздеріңізге белгілі, Индер ауданында 5 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Келесі жылы 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Ең бастысы тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін аталған шаралар жалғасын таба береді», – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Жалпы көлемі 7217,05 шаршы метр болатын демалыс орнында аудан тұрғындарының жақсы демалуына барлық жағдай қаралған.
Мұнда екі дана шахмат үстелі, «Жанұя құндылығы», «Тас кешу», «Домбыра» және А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған шағын сәулет формалары орналасқан. Бұдан бөлек, құрғақ және биіктігі 2 метрге дейін жететін түрлі-түсті субұрқақ та қарастырылған. Мамыр айында басталған құрылыс жұмысын «Оңдасын Строй» ЖШС-і жүргізді.
Айта кетейік, кіреберіс екі жағынан бой көтерген аркалар Индербор кентінің тауларын бейнелесе, ортасында «Шаңырақ» декорациясы орын тепті.
Сонымен қатар, жаңа шамдар ілініп, төсем тастар төселіп, жаңа орындықтар қойылды.
Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі