Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Әсіресе өңірлердің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар ерекше назарға ілікті. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі мен мүмкіндігі бар. Сондықтан халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты шараларды жергілікті жерде жүзеге асыру – басты міндет.
Президент ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи жұмыс орындарын ашу және жастарды ауылға тарту қажеттігін атап өтті. Бұл қадам ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Жолдау елдің рухани дамуын да назардан тыс қалдырған жоқ. Ұлттық бірегейлікті сақтау, дәстүр мен мәдениетті дәріптеу – ұлттың тұтастығын нығайтып, жаһандану дәуірінде өз тамырымызды жоғалтпай ілгерілеуіміздің кепілі.
Сонымен қатар білім беру саласын жетілдіру, ғылымды қолдау, жас зерттеушілерді ынталандыру міндеттері қойылды. Бұл еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға серпін бермек.
Президент Жолдауы – елдің әлеуметтік, рухани және экономикалық дамуына тың серпін беретін стратегиялық бағдар.
Алия Карашина
Индер ауданы