Дәстүріміз әрқашан дәріптеліп жүрсе...

НАУРЫЗ АЙЫ – ҚЫСТАН ҚАЛҒАН ҚАРМЕН ҚАТАР, КӨҢІЛДІҢ ТОҢЫН ЖІБІТІП, АДАМЗАТ АТАУЛЫНЫҢ АЙРЫҚША КҮТЕТІН ҰЛЫҚ МЕЙРАМДАРЫНЫҢ БІРІ. КӨКТЕММЕН БІРГЕ ШУАҚТЫ КҮНДЕР КЕЛЕДІ ДЕП ЕСЕПТЕГЕН ХАЛҚЫМЫЗ ЕЖЕЛДЕН «НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН», «ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ», «АҚ МОЛ БОЛСЫН!» ДЕП 14 НАУРЫЗДАН БАСТАП ТОЙЛАП, БІР-БІРІНЕ АҚЖАРМА ТІЛЕКТЕРІН БІЛДІРГЕН. СОНЫМЕН ҚАТАР, НАУРЫЗДЫҢ ӨЗІНДІК САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ ДЕ БОЛҒАН. МЫСАЛЫ, «ҰЙҚЫАШАР», «СЕЛТ ЕТКІЗЕР» ДӘСТҮРЛЕРІ.

Ерте кезде барлық ел осы түнді ұйықтамай отырып қарсы алып, арайлап атқан аппақ таңды, шуағын шаша бой көтерген алтын күнді алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа жорыған. Кәрілер Тәңірден дұға тілеп, жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, қыз-жігіттер бір-бірімен ойнап-күліп өткізген. Үлкендері жоқ үйге жиналып, бастаңғы жасаған екен.

Ал қыздар жағы көңілі ауған «серісіне» ең тәтті-дәмді тағамын әзірлеп, «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен «Ұйқыашар» ұсынса, ару тарапынан көрсетілген осындай қошаметке жігіт те «Селт еткізер» деген ниетпен әлгі аруға айна-тарақ, алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлаған. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасаған көрінеді.

Сондай-ақ, соңғы кездері бұрын тек батыс өңірде ғана көрініс тапқан Амал мерекесі белең алып, республика көлемінде тойлануда. Бұның өзі үлкен жақсылықтың, береке-бірліктің бастауы. Бұл ежелгі дәстүр туралы ардагер Таллин Тұрсынғалиева былайша еске алды:

– 40 жылдардан кейінгі кездерде бұл дәстүр болған еді дегенді бала кезімізде еститінмін. Советтік заман орнағаннан кейін ұлт өкілдері араласып, қыз балаларының киіну стилі де өзгеше еді. Енді ғана егемен алғаннан кейін имандылыққа бет бұрып, дәстүрлерімізді дәріптеп келеміз. «Елу жылда ел жаңа» деген қазақ нақылы содан қалса керек. Ал, бала кезден қыстан аман шыққан ағайындармен сағынысып, көрісу дәстүрін өткізетінбіз. Ата-әжелеріміз үлкенге құрмет көрсетуге, адамгершілікке тәрбиелеп, ғасырдан ғасырға бұл дәстүрдің жалғасып келе жатқанына қуаныштымын. Жастарымызға өнеге айтып, білмегенін үйретіп жүру біздің, аға буын өкілдерінің міндеті деп ойлаймын, - дейді.

Ал, Көктоғай ауылдық округінің ардагері Қуаныш Сүлейменовты сөзге тартқанымызда:

– Қазір дамыған елде, өркениетті өмір сүріп жатырмыз. Қолымызда ұялы телефон, астымызда көлігіміз бар. Наурыз айы басталғалы алыстағы ағайынды мерекемен құттықтап, қолдағы телефонымыз арқылы, хабарласып, хал сұрасып жатырмыз. Біздің бала кезімізде, үлкендеріміз табақ-табақ бауырсақ пісіріп, сүрленген етті қазанға салып, дастарханды тәттіге толтырып, астымыздағы атымызға не түйеге мініп көрші қыстақтағы тума-туысқа барып, «қыстан аман-есен шығуларыңызбен», «Жыл жақсылығымен келсін» деп көрісетінбіз. Бұл мерекенің жыл өткен сайын өз құндылығын жоймай, тойланып келе жатқаны көңіл қуантады. Үйдегі немерелеріме де үнемі мерекенің, салт-дәстүріміздің маңыздылығын айтып, дәріптеп отырамын,- деді.

Ал, жоғарыда атап өткен дәстүрлеріміз туралы қазіргі жастардың да пікірін білген едім. Солардың бірі Елтай ауылының келіні Маңғыстау өңірінің тумасы Әсемгүл Байбатырова (суретте отбасымен) Наурыз мейрамының көкжиегін дамытып, ұлттық жаңа жылымызды кең көлемде дамытсақ, болашақ жастарымыз үшін жасаған сыйымыз болар еді деген пікірде.

– Шыны керек, анам бала кезімде үлкен табақпен нан ашытып, таңертең толтырып бауырсақ пісіріп, ұзын етіп жер үстел жайып, үстіне бауырсақты төгіп, көже пісіретін еді. Әкем шаңырақтың үлкені болғандықтан, барлық ағайын-тума келіп, арқа-жарқа болатын едік. Ал, «ұйқыашар», «селтеткізер» дәстүрі туралы анам жиі айтып беретін. Кезінде бір-біріне сый ұсынып, түнімен бастаңғы жасап, алтыбақан тепкен екен. Енді біз бұл дәстүрлерді ұстанған жоқпыз. Алайда, қазір өз отбасымда ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, ою-өрнектерімізді дәріптеп, ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, дастархан жайып қоямын,- дейді ол.

Ендеше, Ұлыс оң болсын дей келе, дәстүрді дәріптер қарттарымыз бен жас ұрпаққа жалғастырар жастарымыз көп болсын!

Жадыра НАРИМАНҚЫЗ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521