БЕРЕКЕТСІЗ БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ТЫЙЫМ БОЛА МА?

Ертеде қариялар біреудің ісіне көңілі толмаса «сөзінде, ісінде берекет жоқ» дейтін. Бүгінде көгілдір көк таспаны қосып қалсаңыз болды «Қалаулым», «Кел, келінім», «Келіндер бәйгесі». Әйтеуір, бітпейтін берекетсіз бағдарламалар уақыт өткен сайын бақшада өскен арамшөптей қаптап келеді.

Ең алдымен халыққа көрсетілген бағдарлама көрерменге ұлттық тәрбие бере ала ма, қайткенде рухани байлықпен сусындатсам деп мақсат қою керек емес пе? Осы аталған бағдарламалар біздің ұлтымыздың ұлт болуына, ұрпағымыздың санасын улап жатқандықтан тәрбиесіз бағдарламалар қатарына жатқызамын. Өткен жылы телеарнадан «Кел, келінім» атты бағдарламасын бірнеше рет жарнамалады. Өз басым бұл енді ұттық нақышта сахналап көрсететін болар деп қуанғанмын. Бастапқысын көре алмасам да келесі бір бағдарламасын көрдім. Бұнда да айтыс-тартыс, ұрыс-керіс, тіпті «Қалаулымнан» асып түспесе кем емес.

Аталған бағдарламаларды көріп отырған көрермен, әсіресе, жас буын санасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Осындай берекетсіз бағдарламадан «үлгі» алса, жалпы қоғамда рухани жағынан берекет бола ма? Бүгінде бағдарламалардың тізгінін ұстайтындар - әнші, сазгер, актерлер. Бәрін кінәлаудан аулақпын. Дегенмен олардың әдептілігі жетіспейтін сыңайлы. Айталық, бағдарламаға қатысушыға сұрақты қояды да оның сөзін қайта-қайта бөліп, жарыса сөйлеп, ойын, пікірін айтуға мүмкіндік бермейді. Келесі бір қатысушыға микрафонды ұсынады да жақсы ғибратты ойын ортаға салған кезде тағы да сол көрініс.

Қатысушының әңгімесінің басы бар, аяғы жоқ. Бағдарлама жүргізушісінің үлкен бір кемшілігі - м... , м... , м... , а... , а... , а... деп ауруы жанына батқан адамдай ыңырсып сөйлеуі. Осы жаман әдеттен арылмай келеді. Көріп, тыңдап отырғандарға ерсі әдет. Бұрында Кеңес Одағы кезінде телерадиода да бұндай әдет кездескен емес. Көргенсіздікке тәрбиелейтін бағдарламаларды эфирге шығару ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптап басу. Қашан қатаң тыйым болар екен?

Әлде, берекетсіз бағдарламалар қанатын кеңге жайып салтанат құра бере ме?

Қуанғали АРОНОВ,

зейнеткер

Есбол ауылы

Сурет ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521