Баян Өлгейге – "Даналық әліппесі"

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев 25 қазанда Баян-Өлгий аймағына жұмыс сапарымен барғаны жөнінде жазады KAZNEWS.

Жерлесіміз жұмыс сапары аясында Ақтан Бабиұлы атындағы аймақтық кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрмені ашып, кітапхана ұжымына зияткерлік негізде әзірленген «Сөйлейтін қалам» мен «Даналық әліппесі» халықтық туындыларын табыс етіпті. Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшілігінің консулы Шынар Жұматаева, Баян-Өлгей аймағы әкімі іс басқармасының мемлекеттік әкімшілік департаментінің басшысы Ербол Доманұлы, Ақтан Бабиұлы атындағы аймақтық кітапхана директоры Алтынгүл Дәлелқызы, Туран Ворлд компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы және өзге өкілдер қатысқан.

Сөйтіп шетелдегі қазақ балаларының ана тіліндегі білімін жетілдіруге бағытталған бастама арқасында Баян-Өлгий аймағының орталық және ауылдық жердегі кітапханалар «Даналық әліппесі» топтамасымен толықты. Топтама құрамында «Билер сөзі», «Аталар сөзі», «Бабалар батасы», «Домбыра күйі», «Қобыз үні», «Бесік жыры», «Нақыл сөз», «Халық жыры», «Халық тағылымы», «Халық ертегісі», «Халық әні», «Халық аңызы» атты қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін кітаптар бар. Жалпы, дерек көздеріне қарағанда, Баян-Өлгей – 1940 жылы құрылған Моңғолияның 21 аймағының батысындағы ең биік таулы аймақ.

Ондағы 91 мыңнан астам халықтың 93 %-ы қазақтар болса, қалғаны моңғолдың ұраңқай ұсақ руы мен тыва ұлт өкілдері. Негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бір жақсысы, өңірде 43 білім беру мектебі бар. Олардың 38-і қазақ тілінде, екеуі моңғол және тыва тілінде білім береді. Өлгей қаласында 12 жылдық бес орта мектеп, Дарын, Билгэ Тегін орта мектебі, Бастама мектебі, Зайд мектебі, Моңғол -Түрік біріккен лицейі, Қобда университетінің филиалы және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалы жұмыс жасайды екен.

Жан АМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521