БАРЫС ӨЗ БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРМАҚШЫ

Халқымыз ұлттық құндылыққа ерекше назар аударған. Қыздар шолпысы мен сырғасын, келіншектер білезіктерін, ер азаматтар күмістен сақина соқтырған. Осы ғасырлар бойына ата-баба кәсібі болып келген зергерлік өнермен қазір айналысатындар саны азайып бара жатыр. Кезекті кейіпкеріміз – Барыс Мағзом зергерлікті жанына серік етіп жүрген жастың бірі.
Ол Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылдық округінде дүниеге келген. Ауылдағы Махамбет атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, қалаға оқуға түседі. Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясында оқып жүргенде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына оқуға түсуге қызығушылығы болады.
– Кіші Өнер академиясы жалпы дарынды балаларға арналаған мектеп интернаты бар қаламыздағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Сол жерде мектеп бағдарламасымен қатар қолөнер пәнін жетік меңгердік. Соның нәтижесінде 2015 жылы Чехия қаласында өткен Халықаралық  жарыста бас жүлдені еншіледім. Әрі қарай мектепті бітіргеннен кейін осы саланы жалғастыру басты арман-мақсаттарымның бірі болды. Сол мақсатты айқындау жолында жоғары оқу орнына түсіп сол жерден 4 жыл зергерлік мамандығын тәмамдап шықтым. Қазір өз кәсібімді жүргізіп жатырмын, - деп бастады әңгімесін Барыс Мағзом.
Қолөнер қазақ халқымен біте қайнасып кеткен дүние болса, зергерлік шыдамдылықты, төзімділікті, ұшқыр қиял мен шеберлікті талап етеді. Барыс Қонысұлы өз кәсібін 2019 жылы бастаған. Ал 2021 жылы қыркүйек айында 5 млн берілетін жобаға қатысып, грант ұтып алады. Нәтижесінде барлық қаражатқа зергерлік іске қажетті құрал-жабдықты түгелдей сатып алған.
Жұмыс жасау үшін арнайы құрал-сайман, шикізат қажет екені белгілі. Өңірімізде зергерлікке қажетті шикізат жоқ болғандықтан ол барлығын Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдыртады екен.
–  Қазіргі таңдағы әйел адамдарға сырға, сақина, түрлі білезік, кулондар секілді заттар сұранысқа ие. Негізінен табиғи таспен де, табиғи емес таспен де жұмыс жасай беремін. Неге десеңіз табиғи тастар өте қымбат тұрады. Оны кез-келгеннің қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Онымен қоса, клиент өзі қалауын айтады.
Әр бұйым өзінің ерекшелігі мен қиындығына қарай жасалады. Мысалы, адам есімі жазылған алқаларды жарты күнде, үлкен сақина, білезіктерді төрт-бес күнде жасап шығарамыз, - дейді Барыс Қонысұлы.
Оның қызметі мектеппен байланысты. Өзі білім алған Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясында қолөнер пәнінен сабақ береді. Ал, қолы қалт еткенде шеберханасына барып зергерлік бұйым жасаумен айналысатын ол зергерлікті кәсіп деп те, өнер деп те қарайды. Өйткені, қазір сұранысқа ие. Әшекей бұйымдарға тапсырыс берушілер көп. Бағасы қолжетімді болған соң көпшіліктің сұранысы әшекейлерге түседі екен.
–  Мақсатым өте көп. Алдағы уақытта «Вarys Jewerly» деп өз брендімді қалыптастырмақ ниеттемін. Ойға алған туындыларымды жарыққа шығарып, қазақ халқы ел болып қалыптасқан кезден бастап келе жатқан зергерлік өнерді таныту. Қазақ халқының атадан балаға мирас еткен қасиетті өнерін насихаттап, әлемге танытсам,- дейді зергер.

Ж.НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521