Бір рулон шөп 7500 теңге

Аудан түгілі елімізде бірден-бір асыл тұқымды қаракөл қойының тұқымын сақтап қалып, төлінен көбейтуге жұмыстанып келе жатқан «Жарсуат» өндірістік кооперативі үшін де биылғы мал азығын дайындау науқаны қиынға соғып тұр.

Шаруашылық басшысы Дауылғали Тәженов:

- Қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Қызылқоға өңірімен байланыс жасап, Сарымайшағылдан әрі Табылды деген жерде пішен бригадамыз шөп шауып жатыр. Алыс болса да басқа амал жоқ. Техника ескі, жанар, жағармай қымбат. Үкіметтен көмек жоқ. Ауыл тұрғындарын да пішенмен қамтамасыз етуіміз керек. Кооперативтің өзіне 400 тоннадай шөп керек,-дейді.

Мына аптап ыстықта жоқтан бар жасап, өз ісінің шеберлері арқасында қиындықты еңсеріп жатқан шаруагерлердің жанайқайын түсінуге болады, әрине. Ал Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ә.Балахметовтың айтуынша, ауылға сол кооперативтен басқа Дәрібай Құспанов пен Серікқали Жұмағалиев сынды кәсіпкерлер өзге аймақтардан 7500 теңгеге рулон әкеліп сатуда екен.

–Жағдай мәз емес. Қазірдің өзінде өрістен келген малға кешкісін жемшөбін беріп отырған көрінеді. Яғни мал тойынбайды деген сөз,-дейді.

Тіпті тапшылықтан ауылға келген пішеннің сапасына, көлеміне қарайламайтын тәрізді. Осындайда құмнан бір қайыр күтетін. Өкінішке орай, өткенде қырға қарай шығып қайтқанымызда оның да шұрайлы емес екенін көргенбіз. Бұл сөзімізді растай түскен Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Құсайынов:

-Қазір құм жағында да шабындық болмағандықтан округтен пішен дайындауға бригадалар шыққан жоқ. Сондықтан Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылы жағындағы азаматтарға хабарласып, ауылдағы көлігі бар кәсіпкерлер рулонды 7000 теңге көлемінде әкеліп сатты. Әрине, 250 км жол жүріс оңай емес. Өкінішке орай ол жақта дала өртеніп, бері қарай пішен шығару тоқтап қалды. Енді Жаңақала ауданы жағынан қарастырып жатырмыз,- дейді.

Әйтеуір ауыл жұрты пішен іздеп сабылып жүр.

 

Ж.АМАНТУРЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521