Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай, Индер аудандық мәдениет үйінде «Ауғанның отты жалыны» атты мерекелік шара өтті.
Көпшілікке алдымен жерлес жауынгерлердің өмірдерегінен суретті бейнебаян көрсетілді. Бұдан соң салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин сөйлеп, майдангерлерді мерекелерімен құттықтады.
Сонымен қатар Ауған соғысы ардагерлері Кеңесі Индер аудандық филиалының төрағасы Самат Базарғалиұлы да құттықтауын жеткізді.
- 15 ақпан – Ауған соғысы ардагерлері үшін өте ерекше күн. Мерекемен қатар еске алу күні. Бұл соғысқа Индер ауданынан 56 сарбаз қатысты. Бүгінгі күнде Индербор кентінде 28 ардагер өмір сүріп жатса, 11 қайтыс болған боздақтарымыз бар. Біз ешқашан қаруластарымызды ұмытпаймыз,-деді ол.
Аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қаһарман сарбаздарды еске алуға арналған шара аудан өнерпаздарының концертіне жалғасты.
Сұңқар КӨШЕКОВ