Аудан әкімдерін сайлау: Ашық қоғам құруға айқын қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тап­сырған болатын.

Осы саяси реформа аясында былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Бір жыл ішінде «тоғызыншы тер­риторияның» көптеген елді мекенінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Алдағы уақытта бұл демократиялық үрдіс қисынды жалғасын тап­пақ. Ендігі қадам – аудан әкім­дерін сайлау болмақ. Ол Президенттің былтырғы Жол­­дауындағы тапсырмасына сәйкес пилоттық жүйеде 2024 жылы басталуға тиіс.

Жалпы, кейінгі уақытта Президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енгізілді. Әлбетте, кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екені тү­сінікті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгертіп, бұрынғы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыс­тыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, пар­ламенттік оппозиция инсти­тутын енгізу секілді баста­малардың өзі бір төбе.

2021 жылғы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауыл әкімдерін елді ­мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазымға тұр­ғындардың өзін өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюл­ле­тень­дерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.

Ал биылғы наурызда халыққа арнаған Жолдауында Президент аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынғаны белгілі. Мұндай пропорционалды-мажоритарлы үл­гіде сайлаушылардың мүд­­­десі ұлттық және өңірлік дең­гей­де толық көрініс табатыны анық. Соған сай Мә­жілістің депу­таттық корпусының 70 пайы­зы пропорционалдық, 30 пайызы мажо­ритарлық тәсілмен жа­сақ­талмақ.

«Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сай­лауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне кө­шуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Бұдан бөлек, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұл – елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демократияландыруға ба­ғытталған соны қадам деуге болады. Яғни бұған дейін жүзеге асқан пар­тиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы десек, қателеспейміз. Ендігі жерде мажо­ритарлық жүйе бойынша әрбір өңір Мә­жі­ліске кемінде бір депутат сайлай алады.

Сондай-ақ аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажо­ритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам жергілікті ортада бәсекеге қа­білетті саяси орта қалыптастыруға жол ашатыны түсінікті. Халықтың ара­­сынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын толғап жүрген жаңа тұл­­­ғалардың саясат сахнасына шы­ғуына мүмкіндік береді. Осындай өз­герістердің тағы бір ерекшелігі – сай­­лауалды уәдесін орындамаған де­пу­тат­тарды кері қайтаруға болады. Тү­сі­нік­ті тілмен айтсақ, «аты судан өт­кен­ше» уәдені үйіп-төгіп, жұмсақ крес­лоға жайғасқан соң халықтың тілегін ұмытатындар азаяды. Жауапкершілік пен сенімге негізделген мұндай жаңа саяси мәдениет – депутаттарға ықпал етудің демократиялық жолы.

«Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты» КеАҚ басқарма төрағасы, сая­саттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Майгелдинов қазіргі бастама­лар «әуелі саясат, содан кейін экономика» қағидасы негізінде жүргізіліп жатқанын алға тартады.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында төрт саяси реформалар пакеті қабылданды. Сайлау жүйесіне, саяси партияларға қатысты бірнеше заң­намаға өзгертулер енгізілді. Биыл Консти­ту­цияның 33-бап, 56-тармағы жаңар­ды. Халық референдумды қолдады. Жер­гілікті өзін өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 800-ден астам ауылдың басшылары халықтың тікелей сайлауымен лауазым иеленді.

Конституциядағы маңызды өзге­рістің тағы бірі мәслихаттың құзіретіне бай­ланысты. Егер сайланған әкімді халық жарамсыз деп санаса, онда оған мәс­лихат арқылы сенімсіздік біл­діреді. Мәс­лихаттың құрамы да бұ­рынғыдай партия тізімімен емес, ауыл, аудан, қала дең­гейінде толықтай мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы жүзеге асады. Яғни бір мандатты округ арқылы кез келген азамат өзінің конституциялық құқығын қорғай отырып, депутат атануға мүмкіндік алды. Бұл – жергілікті белсенділерге, туған жерінің дамуына үлесімді қосамын деген азаматтарға жол ашады. Бұл – тікелей сайлаудың артықшылықтары. Әкім мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершіліктің артуына және жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер етеді», дейді Қ.Майгелдинов.

Ауыл әкімдерін сайлау басталған былтырғы шілде айынан бері 1 093 елді мекеннің басшысы сайланды. Оның 215-і өзін өзі ұсынса, 116-сы – қайта сай­ланған бұрынғы әкімдер. Бір жылдың ішінде елдегі ауыл әкімдері корпусы 55,6 пайызға жаңарған.

«Бұл 608 ауылға жаңа басшы келді деген сөз. Оның басым бөлігі бұрын мем­лекеттік қызметте істеп көрмеген. Яғни дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер, жергілікті кәсіпорын мен шаруа қожалық басшылары халық сеніміне ие болып, әкім ретінде сайланып отыр. Бәрінен де Маңғыстау облысында жаңа әкімдер көп сайланды – 77,8 пайыз (сайланған 18 әкімнің 14-і). Одан кейін Қарағанды облысында – 77,2 пайыз (79-дың 61-і) және Жамбыл облысында – 71 пайыз (72-нің 51-і) жаңа әкімдер көп сайланған», деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграмдағы парақшасында.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші ал­дағы уақытта аудан әкімдерін де тікелей да­уыс беру арқылы сайлау өтетінін жет­кізді. Оған қоса, жаңа реформа бойынша биылдан бастап облыс әкімдері баламалы түрде, өңірлердегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ашық не жа­сырын дауыс беруі арқылы келісім беруі негізінде тағайындала бастады. Осы орайда, аудан әкімдерін сайлауға қатысты сарапшылардың пікірін тыңдап көрген едік.

Заңгер Абзал Құспан мұндай механизм міндетті түрде эксперимент тү­рінде жекелеген өңірлерде өткізілуі ке­рек деп есептейді. Оның айтуынша, аудан әкімдерін сайлауды жаппай қолға алуға әзірге ертерек. Өйткені аудан әкімі – белгілі бір дәрежеде саясатқа, саяси-эконо­микалық хал-ахуалға әсер ете алатын лауазым иесі.

«Жергілікті атқарушы орган дегенде бірінші кезекте аудан, қала әкімдері еске түседі. Ал облыс әкімдерінің қызметі аудан әкімдерінің жұмысын үйлестіруге бағытталған. Тікелей халықпен бетпе-бет келе бермейді. Ал аудан әкімдерінің жұ­мысы мүлдем бөлек. Сондықтан олар­ды сайлау мәселесіне өте үлкен сақ­тық­пен қарағанымыз жөн. Мысалы, ауыл әкімдерін сайлаған кездегі жағдай қалай еді? Жалпы, саяси-экономикалық, әлеу­меттік жағдай қандай еді? Қазір қандай жағдайда? Осыны да ескеруіміз керек. Украинада қақтығыс басталғанда он­дағы жекелеген жергілікті атқарушы орган­дардың өкілдері сеператистік бағыт ұстанғанына куә болдық. Сол себепті бұл мәселе қосымша зерттеуді қажет етеді», дейді А.Құспан.

«Қазақстандық қоғамдық даму инс­титуты» КеАҚ басқарма төрағасы Қазы­бек Майгелдинов: «Ауыл әкім­деріне қара­ғанда аудан әкімдерін сай­лаудың орны бөлек. Өйткені ауыл­дардағы жол, су, электр жарығы секілді негізгі мәселелер бюджеті ауданда бекі­тіледі. Сондықтан ауданның ма­ңызы зор», деп есептейді.

«Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін өзі басқару жүйесінің ма­ңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байла­нысты. Екінші жағынан халықпен қа­рым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады», дейді Ұлттық құрылтай мү­шесі Қ.Майгелдинов.

Ауыл, аудан әкімдері сайланады деген әңгіме қозғалғалы қоғам арасында белгілі бір топтың мүддесін көздейтін, жершілдік пен рушылдыққа салынғандар лауазымды орынға жайғаспай ма деген қауіп туындаған. Дегенмен сарапшылар мұның шешімі бар деп есептейді. Мәселен, сайлау жүйесінің өзгеруі

аудан әкімі мен мәслихаттың терезесін тең ұстайды деген пікірде.

«Жергілікті мәслихат төрағасы бұ­рын­ғыдай әкімге бағынышты бол­май­ды. Мәслихат құрамындағы депу­тат­тар өзін өзі ұсыну арқылы 100 па­йыздық мажоритарлық жүйемен сайланады. Осылайша тежегіш тепе-теңдік сая­са­ты­ның нәтижесінде әкім мен мәс­ли­­хаттың қарым-қатынасы теңеседі. Өйт­­кені бюджетті бекітетін де, кез келген шешімді қолдайтын да, сондай-ақ әкімге сенімсіздік таныта алатын да – мәс­лихаттар», дейді Қазақстандық қоғам­дық даму институтының басшысы Қ.Май­гелдинов.

Сонымен қатар сарапшылар ауылдық деңгейде құрылатын кеңестерден де зор үміт күтіп отыр. Оған жергілікті бел­сенді азаматтар енбек. Кеңестің мәсли­хаттан артықшылығы сол, оны жүзеге асыру механизмі биліктің бір тармағы ретінде қабылданып, құзіреті кеңеюі мүмкін. Қ.Майгелдиновтің айтуынша, мәслихаттар мен кеңестер әкімнің тиімді жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін те­жеуіш пен тепе-теңдік саясатының жү­зеге асуына мүмкіндік беретін құрал болмақ.

Заңгер Абзал Құспан аудан әкім­деріне қойылатын талапты заң жүзінде нақтылап бекіту қажет екенін алға тартады. Мы­салы, ең басты талап – қазақ тілін жетік меңгеру болуға тиіс. Сондай-ақ сайлау барысының кез келген сатысында үміт­кердің тілді білмейтіні анықталса, онда ол дауыс беруге қатыстырылмауы керек деп санайды.

«Сайлауға қатыспас бұрын, сайлау кезінде де, сайланып кеткеннен кейін де, жұмыс істеп жатқанда да қазақ тілін меңгермегені анықталған жағдайда, дауыс беру нәтижесі жойылатындай талап қойған жөн. Үміткердің саяси көзқарасы, саяси ұстанымы жан-жақты тексеруді қажет етеді. Қазіргі таңда қолданыстағы сайлау туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілгелі жатыр. Сон­дай-ақ жергілікті басқару органдары туралы заң да қосымша сараптауды қажет етеді.

Сондықтан аудан әкімдерін сайлау­ды қазіргі кезде сәл кейінге қалдыра тұрған жөн деп есептеймін. Дәл қазір әлеуметтік, саяси мәселе алаңдатады. Сепаратистік пиғылдағылардың, Қазақ­станның бір­лігіне қызмет етпей­тіндердің аудан әкімі болып сайланып кетпеуі қатаң бақыл­а­нуы қажет», дейді А.Құспан.

Екі сарапшы да Президенттің саяси реформаларына жоғары баға беріп отыр. Саясаттанушы Қ.Майгелдиновтің пайым­дауынша, Мемлекет басшысының сайлауға қатысты реформалары демо­кратиялық дамудың ілгерілей түсуіне тікелей әсер етеді. Ол Мәжіліс пен об­лыс­тық мәслихатқа пропорциялық-мажо­ритарлық жүйе арқылы, қала,

аудан деңгейінде толықтай мажоритарлық жүйені қолдану қоғамдағы бүкіл тарап­тың, түрлі әлеуметтік топтардың мүд­десін қорғайтын оң өзгеріс болатынына сенімді.

Сарапшы Абзал Құспан да осындай пікірде. Оның айтуынша, Президенттің демократиялық қоғам құруға талпынысы анық байқалады. Осы орайда заңгер демократияның бірден-бір көрінісі сай­лау екеніне назар аударып отыр. Сон­дықтан осы бағыттағы жұмыстарды қол­дау қажет. Әйтсе де, заң жобаларын тал­қылау кезінде кей мәселені ескеру керек деп есептейді.

Қорыта айтқанда, кейінгі бірнеше жылда еліміздегі саяси ахуал айтар­лықтай өзгергені түсінікті. Бұл сөзі­мізге осы ба­ғытта атқарылып жат­қан жұмыстар дәлел. Дегенмен демо­кратияның даңғыл жолына түсіп, «то­ғызыншы территорияны» бақыт меке­ніне айналдыру үшін әлі де атқарылатын шаруа шаш етектен.

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT