Астарлы ауған соғысы

15 ақпан - Кеңес Одағы жауынгерлерінің Ауғанстаннан шыққан күні

 

Ауғанстан елінің ішкі алауыздығын пайдаланып, Кеңес Одағы 1979 жылы осы елге әскер кіргізіп, әлемдегі саяси ықпалын күшейтуге ұмтылды. Империялар тоғысқан соғыста КСРО жеңімпаз атанбаса да, 10 жыл бойы әскерін ұстап, осы елдің ішкі ісіне араласты. Алайда Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған мыңдаған жауынгер от шарпыған жат елде опат болып, талайы өмір бойы мүгедек болып қалды.

Жат жердегі соғысқа республикамыздың өзінен 22 мың адам қатысты. Олардың 1000- ға жуығы соғыста құрбан болды, 20 адам із-түзсіз жоғалды. Ал, жалпы шығынның 362-сі қазақ ұлтының өкілі екендігі анықталды. Ауданымыздан 50-ден астам адам осы соғысқа атанса, олардың арасынан «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Абат Далабаев ұрыста қаза тапты.

Ауған еліндегі ұрысқа КСРО әскері құрамында алғашқы кіргендердің бірі жерлесіміз Исағалиев Мәди Қуанжанұлы (суретте) болатын. Бөдене ауылында туып-өскен ол ауылдағы орта мектепті, кейін Атырау қаласында «ДОСААФ» арқылы автокөлік жүргізушісі мамандығын меңгерген болатын. 1979 жылы 2 мамырда әскерге шақырылғанда алдымен Ставрополь қаласында, кейін Түркіменстан астанасы Ашхабад пен Кушка қалаларында әуе күштерінің құрамында әскери бөлімде қызмет атқарады. Қазір Серхетабад аталатын түркіменнің бұл қаласы Ауғанстан елімен шекарада орналасқан болатын.

– 1979 жылдың 25 желтоқсаны түнгі сағат 12.00-де шұғыл жиналдық. Әскери басшылардың әдеттегідей оқу-жаттығу жиынына қатысамыз дегені болмаса, жат жердегі соғысқа араласатынымыз туралы тіс жарып ештеңе айтылмады. Шекарадан өткенде барып, Ауғанстан еліне кіріп келе жатқанымызды бір білдік, – дейді Мәди Қуанжанұлы.

Көлік жүргізуге маманданған кейіпкеріміз ол кезде «ГАЗ-52» автокөлігінің рөлінде отырыпты. Ал әскери көлікте «УПГ» аталатын жылжымалы гидравликалық агрегат орнатылыпты. Оны тікұшақтар гидравликалық жүйесін қамтамасыз етуге пайдаланатын көрінеді. Содан шекараға енген Кеңес Одағының әскери колоннасы тоқтамастан тәулік бойы жүріп отырып, Қандағар қаласының маңында Шынданды аталатын шағын елді мекенге жеткен екен. Ол кезде жауынгерлерге арналып қойылған жайлы казарма деген атымен жоқ көрінеді. Кейіпкеріміз автокөлігінде түнеп, жылжымалы асханадан тамақтаныпты. Жуынатын су да тапшы, ал күн өте ыстық болған.

Соғыс өрті шарпыған елге барғаны туралы алғашқы әзірде жауынгерлердің отбасына ешқандай хабар берілмеген. Әскердегі баласынан хат келмегесін, уайымдаған ауылдағы ата-анасы аудандық әскери бөлімнің есігін тоздырған. Оларға да кейіннен барып, Ауғанстан еліне барғанын, ол жермен байланыстың қиындығын ғана жеткізіпті. Бірақ, Ауған елінде соғыс өрті тұтанып, талай жауынгердің өмірін жалмап жатқаны туралы деректер құпия ұсталған.

– Оқ пен оттың арасынан өттім. Берілген тапсырмамды толық орындап, автокөлігімді діттеген жеріне жеткізіп барып отырдым, - дейді Мәди Қуанжанұлы әңгімесін қысқа қайырып.

Кейіпкеріміз алдымен инсульт, былтыр инфаркт алып, қатты ауырып қалған екен. Көп оқиғаларды еске түсіруі де оңай емес көрінеді. Сұхбаттасушы мен де жан-жарасын мазалап, сұрақтың астына ала қоймадым. Қазір денсаулығы түзеліп келеді. Кейіпкеріміздің жұбайы Майра да жолдасының Ауған елінде соғыста болғаны туралы тіс жарып айта бермейтіндігін алға тартты.

Бүгінде Атырау қаласында тұратын кейіпкеріміздің інісі Қонысбай Қуанжанұлы да – Ауған соғысының ардагері. От шарпыған елде Отан алдындағы борышын 1984 жылың 28 ақпаны мен 1985 жылдың 28 қазаны аралығында өтеген екен.

Мәди Қуанжанұлы жұбайы Майрамен 1996 жылы шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешуде. Екеуі отбасында Алмат, Ернат, Айым, Ару атты ұл-қыз тәрбиелеп отыр.

Менің інім Мұхтар Рахметов те Ауғанстан жерінде Отан алдындағы борышын өтеді. Өкінішке орай, жат жерде қаза тапты. Әскери басшылар тарапынан бауырымыздың қалай қазаға ұшырағаны туралы ештеңе айтылмады. Кейін әскерде бірге болған қаруластары жарылғыш затқа тап болғанын білдік,- дейді жұбайы Майра әңгімеге тартқанымызда.

Иә, көрші Махамбет ауданының өрені Мұхтар Мақанұлы 1985 жылы 10 қаңтарда Бахарак пунктіндегі ұрыста оның БМП-сі жарылып, қаза тапқан екен. Қаза тапқаннан соң «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Туған ауылы Ақжайықта жерленген.

Ауған соғысы ардагерлерінің аудандық ұйымының төрағасы Самат Әйтімовтің айтуынша, қазір ауданда 29 Ауған соғысы ардагері бар. Кейінгі жылдары дүниеден озған Сапағұлов Көмекжан Есенұлына үйіне белгі орнатуды жоспарлап отырғанын айтты.

Жалпы ауғандықтар бұған дейін Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Абат Далабаевтың Бөдене ауылындағы өзі туып-өскен үйінің қабырғасына белгі тақта орнаттық. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері Дүйсенғали Сұлтанғалиев атына көше атауын беріп, көшенің кіреберісіне ескерткіш белгі орнатты. Сонымен қатар, басқа да дүниеден озған бірқатар қаруластарының үйіне белгі қойды.

Ауған соғысы ардагерлері жыл сайын Жеңіс күнінде және мерекелерінде боздақтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мәдениет үйлері мен білім ордаларында жастармен кездесулерге қатысып келеді. А.Далабаев атындағы дәстүрлі спорттық және әскери-патриоттық шаралар да жалғасын табуда.

Астарлы Ауған соғысының бір ақиқаты осындай.

Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT