АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН

"Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саясиқұқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат", - деді Президент.

ЕЛДІККЕ БАСТАҒАН МЕРЕКЕ

Кеңес Одағын соғыспен талқандау мүмкін еместей көрінген. Әйтсе де КСРО қырғи қабақ соғыста жанталаса қаруланумен желігіп жүріп, экономикалық дағдарысқа ұшырап тынды. «Қайта құрмаққа" ұмтылғанымен Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен бастап, одақтас елдерде отарлық үстемдікке қарсы толқулар көбейді. Дүрбелеңге толы сол шақта Қазақ елінің егемендігін қалпына келтіруге алғашқы тарихи қадам жасалып, декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Осы қағидаттардың негізінде көп кешікпей 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осылайша «ақырын жүріп, анық басқан» еліміз ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-бабаларымыз аңсаған азат елге айналдық.

НЕГЕ АТАУСЫЗ ҚАЛДЫ?

Декларация қабылданған республика күнін тойлау 1992 жылдан бастау алған болатын. Әйтсе де мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енген. Содан 2009 жылға дейін елімізде 25 қазан күні тойланып келді. Алайда 2009 жылы ҚР «Мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, Республика күні мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күнінің бірі болып қалды. Сол кездегі сарапшылардың пікірінше, Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-нің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алмады. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымызбен декларация қабылданған соң да біз бұрынғыдай КСРО құрамында қала бердік деп келтірді. Әрине, бұл уәжге сол кезде қарсы болғандар да кездескен. Мысалы, қоғам қайраткері Ирак Елекеев: "Бұл мерекеден бас тартуымыздың қажеті жоқ. Бұл – Қазақстан тарихының бір бөлшегі. Аса бір ауқымды болмаса да, қалай болғанда да, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарған күн ретінде біз оны атап өтуіміз керек" деген екен. Бұл тарихи күнді сол кездегі билік мерекелер тізімінен елеусіздеу етіп алып тастаса да халықтың санасынан сызылған жоқ еді.

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛДЫ

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев 2022 жылы маусым айында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25 күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деген болатын. Осылайша, Президент 2022 жылы 29 қыркүйекте 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды. Осылайша Республика күні еліміздің ең басты мерекесіне айналды. Ұлттық мерекеде тәуелсіздікпен байланысты барлық ресми іс-шаралар ұйымдастырылу қолға алынды. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қалды. Рас, атауы сақталғанымен мемлекеттік мереке санатына ауысты, мәні мен мәртебесі өзгерді. Сонымен қатар бұл күні Желтоқсан көтерілісінде және азаттық жолында басын құрбан еткен басқа да батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылады. Қорыта айтқанда, қайта жаңғырған мереке – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түседі деген сенімдеміз.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT