Республикалық «Мектеп асханалары» партиялық жобасы аясында жақында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал жанынан құрылған арнайы ведомствоаралық сараптамалық топ мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары, мектеп директорлары мен мердігер мекемелердің басшылары бас қосқан дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында білім ұяларында оқушыларға берілетін ыстық тамақтың жай-күйі пысықталып, сапасын арттыру мақсатында ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиын барысында аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев көпшілікке білім бөлімінің №703 бұйрығында көрсетілген аудан мектептеріндегі тамақтандыру қауіпсіздігі мен сапасын арттыру мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын айтып, топ мүшелерімен таныстырды.
Кездесу барысында аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында мектеп асханаларына қатысты біраз түсінбеушіліктер орын алған. Бұл жағдай жөнінде жиынға қатысқан аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Гүлбаршын Иманғалиева жеңімпаз мердігер мекеме асхананың қай орнын жалға алса, сол орынға жауап беретінін айтып, арнайы келісімшартты баяндады. Қазіргі жағдайда мектеп асханасының тамақ пісіретін бөлмесі мердігердің, ал залы мектептің балансында екен. Сондай-ақ комиссияның тексерісі кезінде мектеп асханаларының тамақ пісіретін бөлмесінде, яғни мердігер мекеменің мектептен бөлек арнайы коммуналдық жүйесінің тоқ есептегіш құралынының жоқ болғаны да анықталған. Ал бұл да дөңгелек үстел басында талқыланып, шешімін тапты.
Одан әрі мердігер мекемеге мектеп оқушыларына толық таза ауызсумен қамту мәселесі жөнінде ұсыныс айтылғанда жеке кәсіпкер Мұрат Мырзахметов: -Бүгінгі күні оқушыларға берілетін ауызсу мәселесі күрделі. Себебі оны қайнатып, құю, оның ыдыс-аяғын тазалайтын арнайы бір адам керек. Ал бүгінгі жағдайда бұл орынға қызмет жасайтын адам алуға мүмкіншілік жоқ,-дейді.
Жалпы оқушыларға беріліп келетін таза суды қайнатып, оған қадағалауда кейбір мектептерде жұмысшы маман атқарса, ал енді бірінде кезекшілер қызмет етеді. Осы орайда мектеп директорлары осы жұмысқа тұрақты адам қамтылса екен деген пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 15 мектептегі 1-4 сыныптың 2554 оқушысы мен 5-11 сыныптың аз қамтылған 346 оқушысы біржолғы ыстық тамақпен қамтылған. Ал олардың ас мәзіріндегі белгіленген тамақтың нақты бүгінгі мөлшері 235 теңгені құрап отыр.
Дөңгелек үстел барысында Есбол орта мектебінің директоры Асхат Тілекқабыл күндік тамақ мөлшері бір оқушыға 235 теңге жеткіліксіздігін, мұндай ақшаға құнарлы тағам мәзірін жасау мүмкін еместігін айтып, осыны көтеруді ұсынды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Жанай Амантурлин өзекті мәселе жөнінде өз пікірімен бөлісіп, ыстық тамақтардың белгіленген ережеге сай болу керектігін көтерді. Жиынды Ө.Оразғалиев қорытындылап, көтерілген мәселелер жөнінде қаулы қабылданды.
Толығырақ газетіміздің 7 ақпандағы №6 санынан оқи аласыздар